Жастарды спортқа баулу –жарқын болашақ кепілі

Спорттың саулық кепілі екені баршамызға белгілі. Десек те, көпшілігіміз спортпен айналысуды тұрақты түрде дағдыға айналдыра алмай жүргеніміз тағы жасырын емес. Оның түрлі себептері де жетерлік. Бұл тұрғыда, үлкендер жағын айтпағанның өзінде, жастардың алдынан да көптеген кедергілер көлденеңінен шығып жатады. Жастарды спортқа баулу – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан бұл тұрғыдағы атқарылар жұмыстарды жандандыру аса маңызды. Әрі кезек күттірмейтін мәселе. Болашағымыз деп үміт артқан жастарымыздың дені ғаламтордың шырмауынан шыға алмай жатқаны да көңіл құлазытпай қоймайды. Қазіргі қоғам – жаңа ақпараттық технологиялардың қоғамы және XXI ғасырдың бұл ағымы – қоғам дамуының жаңа дәрежесіне жеткізді. Ақпарат алмасу, қарым-қатынас орнату, жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндігі және тағы басқа іс-әрекеттер шынайы әлемге қарағанда виртуалды әлемде жүзеге асатын болды. Интернет жастардың ең сенімді құралдардың біріне айналды. Қазірдің өзінде әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі, интернет арқылы, дәлірек айтқанда, әлеуметтік желі арқылы «әңгімелеседі». Күн сайын жастардың жүзбе-жүз сөйлесуі азайып, әлеуметтік жүйе қолданысы, керісінше, артып келеді. Ғаламтор желісін қолданбайтын жастарды табу қиын. Қазіргі кезде әлеуметтік желілер «В контакте», «Мой Мир», халықаралық «Facebook», «LinkedIn», «Инстаграм» және тағы басқалары күннен күнге құлашын кеңге жайып келеді. Статистика бойынша, қазақстандық интернет қолданушылардың 62,4% «Вконтакте» желісінде, 25,9% «Мой Мир» желісінде, ал 22,7% «Одноклассники» желісінде отырады. Бұл ақпарат жастардың әлеуметтік желіде қаншалықты және қайда отыратынын көрсетеді. Көптеген жастардың ата-аналары бүл үрдістің әсерінен қауіптеніп отыр. Себебі, көбінесе 10-18 жастағы жасөспірімдер мұндай әсерге тап болады. Ал бұл жасөспірімдердің негізгі әлеуметтендіру, оның психика мен дүниетанымын қалыптастыру кезеңі болып табылады. Статистикаға жүгінсек, жастардың 49,2% әлеуметтік желіні күнделікті, 19,7% аптасына бір рет және 9,1% айына бір рет тексереді. Бұл деректер ата-аналарды мазалап қана қоймай, психолог дәрігерлердің, мұғалімдердің де ойын қауіптендіреді. Себебі, бұл жастардың қоғамдық, психологиялық дамуына әсер етеді. Сонымен қатар, ғаламтор адамның физикалық денсаулығына ықпал береді. Мысалы, 15 жасар жасөспірім күніне 4 сағат экран алдында отырса, физикалық күшке тек шамамен 1 сағат қана уақыт бөлінеді. Әлеуметтік желі бос уақыттың көп бөлігін алатынына көз жеткіздік. Әлеуметтік желі көзбе-көз қарым-қатынасты ығыстырып қана қоймай, әуестікті де алмастырды. Әрине, ғаламтордың жақсы жақтары өте көп: үнемді байланыс құралы, аудио және видеоның қол жетімділігі, ақпарат іздеу және алмасу мүмкіндігі және тағы басқа жақсы артықшылықтары бар. Бірақ, ол жастарды қоғамнан оқшауландырады, яғни жақындармен қарым-қатынас үзіледі, сенімсіздік пайда болады, алтын уақытын текке жұмсайды және сколиоз, арқа және нерв жүйесі сияқты ауруларға шалдығады. Оның үстіне қазіргідей техниканың қарыштап дамуының арқасында ғаламтор желісін көбірек пайдалануға ұялы телефондардың қолданыс аясының артуы да түрткі болуда. Сонымен қатар, қазіргі таңда мектеп оқушыларын спортқа баулу барысында да кездесетін кедергілер жетіп артылады. Яғни, оқушылардың денешынықтыру сабағын міндетті пән ретінде ғана өтіп қоймай, сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылдануына да мүмкіндік аз. Өйткені қазіргі таңдағы жаңа реформа негізінде білім алу қиынның қиыны. Себебі кез-келген сынып оқушысы жаңа бағдарламаны өз дәрежесінде меңгеру үшін міндетті түрде сабақтан тыс уақытта репетитордан дәріс алуға мәжбүр. Сабақтан кейін де сабақ оқыған баланың спортпен айналысуға да уақыты қалмайтыны түсінікті жәйт. Сондықтан бұл тұрғыда білім саласының тізгінін ұстаған басшылар, оқушыларға артылатын жүктемені жеңілдету жағын қарастырса жөн еді. Сонда мүмкін біздің жасөспірімдеріміздің спортпен шұғылдануға деген құлшынысы артқан болар ма еді. Спортты жанына серік ету арқылы олар дені сау ұрпақ ретінде қалыптастып қана қоймай, тәрбиелі әрі саналы жастардың қатарын арттыруға септігін тигізеді. Ол үшін әлбетте біздің қоғам соған сай жағдай да жасай білуі қажет-ақ. Жастарымыз спортпен шұғылдануы үшін ең бірінші кезекте спорт нысандары да, халыққа қолжетімді деңгейде болуға тиісті. Мәселен, қазіргі таңда елімізде 35 783-ден астам спорттық ғимарат бар. Соның 64 пайызға жуығы ауылда. Еліміздегі 2100 нысан жекеменшіктің қолында. Бұл – дене шынықтыру және спорт мақсатындағы нысанның 22 пайызы Мәселен, бізде бір жүзу бассейніне 16 743 адамнан келсе, Ресейдегі бұл көрсеткіш – 8 938, АҚШ-та – 38. Қазақстанда бір футбол алаңына 15 799 адамнан есептелсе, Ресейде – 3959, Германияда 667 адамнан келеді. Еліміздегі спорттық нысанның 73 пайызы білім беру ұйымына тиесілі, соның 26 пайызы ғана үлкендерге қолжетімді. Десек те, халықтың денсаулығына қоғамның назары ауып, бұл бағытта ілкімді істердің атқарылып жатқаннын да атап өтуге тиіспіз. Саламатты Қазақстанды қалыптастыру жолында салауатты істердің атқарылып жатқанын да атап өтуге тиіспіз. Нәтижесі де жоқ емес. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы 3 жылда отандастарымыз арасында шылым шегу, ішімдік ішу сияқты жаман әдетпен әуестену айтарлықтай азайған. Мәдениет және спорт министрлігі есептеуінше, халықтың 26,3 пайызы жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысады екен. Бұл көрсеткішті одан әрі арттыру үшін, әрине ең бірінші кезекте бұқаралық спортты дамытудың іс-қимыл жоспарын жасауымыз керек. Осының негізінде жастарды спортқа тарту мүмкіндігі де артады. Жастар мен жасөспірімдер спортпен шұғылдануға көптеп ден қойса онда қылмыс та әлдеқайда азаяр еді. Ел ертеңі саналатын өскелең ұрпақтың рухани тұрғыдан жаңғыруына да жол ашылар еді. Бұл тұрғыда қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Халықаралық спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіров: «Балалар спортқа бейім болуы үшін ең бірінші кезекте біз ата-аналарды спортқа тартуымыз керек. Ел көлемінде бұқаралық спорт дамығанда ғана біз саламатты Қазақ елі ретінде дамуға бет аламыз. Ол үшін әрине, еліміздің түкпір-түкпірінен халыққа тегін немесе қолжетімді деңгейде қызмет көрсететін спорт кешендерін көптеп ашуға тиіспіз. Мәселен, туған ауылым – Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылынан ауқымы 2000 шаршы метрді құрайтын Жақсылық Үшкемпіров атындағы көпсалалы спорт кешенін аштым. Онда ауыл тұрғындары бокс, күрес, ауыр атлетика және басқа спорт түрлерінен жаттығып жүр. Бүгінде ауыл жастары арақ ішу, темекі шегу секілді жағымсыз әрекетерден аулақ. Барлығы дерлік өздерінің бос уақыттарын осы спорт кешенінде өткізеді. Бұл да болса салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан титтей де болса үлесім деп ойлаймын», – дейді. Сондай-ақ, алпыстан асып жығылса да әлі аттан түсе қоймаған чемпион бүгінгі балалардың саулығына алаңдаулы екенін де жасырмады. – Қазіргі таңда иммунитеті төмен, шөптен, топырақтан, қала берді аттың қылына да аллергиясы бар балаларды көргенде олардың болашағы үшін кәдімгідей алаңдаймын. Оның барлығы әлбетте ата-аналардың жіберген кемшілігінен. Сондықтан да, қала балалары жазғы демалысқа шығысымен, ауылға бет алуы керек. Атқа мініп, ауылдың таза ауасымен тыныстап, топырағына аунап өсуге тиісті. Бүгінгі жасөспірімдер әлжуаз болса, онда біздің болашағымыз да бұлыңғыр. Сол себепті, балаларды жастайынан спортқа бейімдеу басты мақсатымыздың бірі болуға тиісті. Спортпен шұғылданғандарының барлығы бірдей олимпиада чемпионы болуы да міндетті емес. Спортпен адам өзінің денінің саулығы үшін айналысуы керек, – дейді. Әрине, спортшының айтып отырғаны жөн-ақ. Біз балалардың болашағын бүгіннен қалыптастыруымыз керек. Дегенмен, бұл тұрғыда ел бойынша бірқатар игі істер де атқарылуда. Мәселен, әрбір қалада жұмыс істейтін Оқушылар сарайы балаларды спортқа баулу ісіне үлкен үлес қосып келеді. Бұл туралы Алматы қаласындағы Оқушылар сарайы директорының орынбасары Марияш Сегізбаева: «Оқушылар сарайындағы үйірмелер бес топқа бөлінеді. Атап айтсақ, ғылыми-техника және экология, ұлттық қолданбалы өнер, спорт және туризм, балалар бастамасы, көркемөнер бөлімдері. Спорт және туризм бөлімі салауатты ұрпақ тәрбиелеу ісіне мол үлес қосып келеді. Мұнда сабақты спорт шеберлері, олимпиада және әлем чемпиондары жүргізеді. Ең басты ерекшелік – үйірмелер тегін. Балалар түрлі деңгейдегі спорт жарыстарына қатысады. Ғимараттың ішінде тіпті бассейн де бар. Алайда, бұл үйірмеге ерте жазылу керек. Ал қалған үйірмелер тізімі келесідей: • Грек-рим күресі (орыс). 1-11 сынып. • Көркем гимнастика (орыс). 0-5 сынып. • Қолма-қол ұрыс(қаз., орыс). 1-11 сынып. • Баскетбол (қаз., орыс). 9-11 сынып. • Таэквондо (қаз., орыс). 1-11 сынып. • Шахмат (орыс). 1-11 сынып. • Годзюр-рю карате до (қаз., орыс). 1-11 сынып. • Бокс (қаз., орыс). 1-11 сынып. • Олимпиаладық карате (қаз., орыс). 1-10 сынып. • Еркін күрес (қаз., орыс). 1-11 сынып. • Дзю до (қаз., орыс). 1-11 сынып. • Самбо (қаз., орыс). 1-11 сынып. • Қазақ күрес (қаз., орыс). 1-11 сынып. • Тоғыз құмалақ (қаз., орыс). 1-10 сынып», – деп түйіндеді сөзін. Сондықтан дәл қазіргідей оқу жылының басында жоғарыда көрсетілген үйірмелердің біріне жазылып, шынығып шымыр болуға алматылық оқушылардың мүмкіндігі мол. Ендігі жерде спортшы болуға ниетті балалар оқушылар сарайынан табылары анық. А.Тәжікова qazaquni.kz