Оңтүстікте «өрлеудің» өрісі кеңейе түсті

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» ұлт жоспарын орындау барысында 2015 жылдың 1-ші шілдесінен «Өрлеу» жобасы республиканың барлық өңірлерінде пилоттық негізде енгізілгені белгілі. «Өрлеу» жобасы бойынша шартты ақшалай көмек күнкөріс деңгейінің 60% төмен тұратын аз қамтамасыз етілген азаматтарына жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан жағдайда және олармен әлеуметтік келісім бойынша тиісті арнайы қаржылар бөлінеді. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Оңтүстік Қазақстан облысында да шартты ақшалай көмек алдымен Төлеби, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласында пилоттық жоба ретінде басталып, қазір барлық аудандарда іске асырыла бастады. Жоба басталған 2015 жылдың екінші жартыжылдығының өзінде «Өрлеу» жобасымен 186 отбасы, оның ішінде 1027 адам қамтылды. Осыған орай, шартты ақшалай көмекті төлеуге қажетті 22,0 млн. теңге қарастырылды. Сол жылдың 1 тамызынан бастап «Өрлеу» жобасын қосымша Түлкібас ауданына да енгізді. Ал, 2016 жылдың 1-ші қаңтарына шартты ақшалай көмек облыс бойынша 139 отбасындағы 913 адамға 23009,8 мың теңгеге тағайындалып, төленді. Еңбекке жарамды 20 азамат ақылы қоғамдық, 144 тұрғын тұрақты жұмыстарға, 2-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 1-і жастар практикасына жолданды. Сөйтіп 2016 жылы «Өрлеу» жобасын барлық аудандарда енгізуді жоспарланып, оның ішінде Түлкібас, Созақ аудандары мен Арыс, Шымкент қалаларында пилоттық жоба ретінде республикалық бюджеттен қаржыландырылатын кеңесшілер мен көмекшілер қарастырылды. Болжамға сәйкес, 2016 жылы «Өрлеу» жобасымен 2512 отбасы немесе 14 927 адам 602,5 млн теңгемен (соның ішінде 66,6 миллион теңге республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы) қамтылды. Еліміздегі бағдарламалардың басым бөлігі тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Олардың бәрінде еңбек қатынастарын үйлестіру, халықтың жұмыспен қамтылуына ықпал жасау мәселелері қарастырылған. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Былайша айтқанда қарны аш адамға балық емес, қолына қармақ ұстату анағұрлым тиімдірек. Еңбеке жарамды адамдардың белсенділігін арттырып, қоғамға да пайдасын тигізеді. 2017 жылдың 1 тоқсанында статистикалық көрсет­кіштерге сәйкес облыстың экономикалық белсенді халық саны 1 180,9 мың адамды құрады, оның ішінде 1 119,8 мың адамның тұрақты жұмысы бар. Ал, 474,3 мың адам өздігімен жұмыспен қамтылған, 5,2 пайызы (61,1 мың адам) жұмыссыздар. 2016 жылғы статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек өздігінше жұмыспен қамтылған азаматтар саны 502,8 мың адамға жеткен болатын. Арнайы жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2017 жылдың 1 тамызына формальды секторға ауыстырылып жұмыс істеп жүргендердің саны 446,2 мың адамға азайды. Халықты жұмыспен қамтуда өндірісті тұрақтандыру мен қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғап қамтамасыз ету аса қажет. 2015 жылдың ақпан айынан бастап аудан, қала әкімдерінің, жұмыс берушілер мен кәсіпорын кәсіподақтары арасында өндірістік процестерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы 153,0 мың адамды қамтитын 9702 жеке кәсіпорындармен Меморандумға қол қойылды. Соған қарамастан 2017 жылдың 1 тамызына облыста 12 кәсіпорында еңбек жағдайы тұрақсыздануы анықталды. Барлығы 7 кәсіпорында 1082 адам мәжбүрлі ақысыз демалысқа шығару, 5 кәсіпорында 70 адам толық емес жұмыс режиміне көшіру сияқты жағдайлар орын алғаны анықталды. Осыны ескере отырып қысқартуға ұшыраған азаматтарға «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік көмек көрсету, атап айтқанда қайта даярлау, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, әлеуметтік жұмыс орындарына, тұрақты жұмысқа орналастыру сияқты шаралар ұйымдастырылды. Әрине, жұмыспен қамтуда қомақты қаржы талап ететін жаңа жұмыс орындарын ашу да көзделген. 2017 жылы мемлекеттік және салалық бағдарламалар негізінде 66764 жаңа жұмыс орындары ашу жоспарланып (оның ішінде 5292 орын «Нұрлы жол», 1664 орын «Нұрлы жер», 273 орын «Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы» шеңберінде, 17251 орын мемлекеттік салалық, 708 орын «Бизнестің жол картасы 2020», 36874 орын «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде, 4702 орын «2020 жылға дейіңгі аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламалары аясында), оған қоса 5677 адам жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналасатыны көзделген. 2017 жылдың 1 тамызына 44955 жаңа жұмыс орындары ашылды, оның ішінде: - 1691 орын «Нұрлы жол» бағдар­ламасы; - 1062 орын «Нұрлы жер» бағдар­ламасы; - 115 орын «Индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасы; - 1060 орын «Бизнестің жол картасы 2020»; - 26747 орын мемлекеттік салалық бағдарламалар арқылы; -12731 орын «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы; -1549 орын «2020 жылға дейіңгі аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асты. Ашылған жаңа жұмыс орындарына 4494 азамат жұмыспен қамту органдары арқылы орналасқан. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруға республикалық бюджеттен 11 429,8 млн. теңге бөлініп, 64 314 адамды қамту көзделді. 2017 жылдың 1 тамызына бөлінген қаржының 3 204,14 млн.теңгесі немесе 99,6 пайызы игеріліп, 49669 бағдарлама қатысушысына әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Бұл республика бойынша алғанда жоғары көрсеткіштердің бірі. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қатысушыларды техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету 2017 жылы 11 437 адамды оқытуға 2893,9 млн. теңге қаралды. Оған 2,5 жыл мерзімде техникалық және кәсіптік білім алу, жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту сияқты түрлері кіреді. Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде мамандығы жоқ азаматтар және еңбек нарығының сұранысына орай мамандық иесі болу мақсатында азаматтарды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 6774 адам жолданды. Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған екінші бағыт бойынша 2017 жылы 1 500 адамды кәсіпкерлік негіздерге оқытуға, 2075 адамды шағын несиелеуге қатыстыру жоспарланып, жалпы 3575 адамды қамтуға 5823,4 млн.теңге қаржы қаралды. 2017 жылдың 1 тамызына дейін 772 адам кәсіпкерлік негізінде оқуға жолданды. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдауда 5676,4 млн. теңге көлемінде шағын несиемен азаматтарды қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Оның 3 200,0 млн. теңгесі ауыл тұрғындарына, 2 476,4 млн.теңгесі қалалықтарға арналды. Нақты ауыл тұрғындары бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ (1900,0 млн.теңге) және Аграрлық несие корпорация» АҚ-мен (1301,0 млн. теңге) келісім шарттар жасалып, шағын несие беру жұмыстары ұйымдастырылуда, шілде айынан бастап берілді. Қалалар мен ауылдарда микрокредиттерге кепілдік беру, микроқаржы ұйымдарының операциялық шығында­рын субсидиялау жұмыстары шағын несиенің берілуіне қарай жүргізіледі. 2017 жылдың 1 тамызына дейін 126 адам 503,95 млн. теңгеге шағын несиеленді. Орташа шағын несиенің көлемі 4,0 млн.теңге деңгейінде. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту – үшінші бағыт болып есептеледі. Аталған бағытқа 2 162,3 млн.теңге қаржы бөлініп, 49 302 адамды қамту көзделген-ді. Бұл бағытта тұрақты және уақытша жұмыспен 35 137 адам қамтылатыны жоспарланып, нақты 25 376 адам жұмыспен қамтылып, 5 893 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Бөлінген қаржының 446,713 млн. теңгесі игерілді. Бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2017 жылдың қорытындысында жұмыссыздық деңгейі 5,3% аспайтын болады. Облыста көші-қон және оралман мәселесі тұрақты назарда болып келеді. 2016 жылы 90 кәсіпорынға бекітілген квота шеңберінде 2,3 мың шетел азаматына рұқсат беріліп, олардағы жұмыс істейтін 26,5 мың Қазақстан Республикасы азаматтарының 8,7 пайызын құраған немесе ҚР Үкіметі белгіленген 10% шектеуден төмен түсті. Осы жылдың 1 тамызына 92 кәсіпорындарда 2,9 мың шетел және 26,5 мың Қазақстан азаматтары жұмыс істеуде. Рұқсат берілген шетел жұмыс күшінің білікті азаматтарының үлесі 87,4 пайызға дейін көтеріліп, 2016 жылмен салыстырғанда 2,3%-ға өсті. 2017 жылдың 1 тамызына 2271 адам оралман мәртебесін алды. 2017 жылдың басында аз қамтамасыз етілген азаматтар саны 886 адамды, немесе облыс халқының 0,03 пайызын құраса 2017 жылдың 1 тамызына олардың саны 13,2 пайызға төмендеп, 769 адамды немесе облыс халқының 0,03 пайызын құрады. 2017 жылы 972 азаматқа 16789,0 мың теңге мөлшеріндегі атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Халықтың тұрмыстық жағдайын көтеру бағытында кезінде облыстың дамуына үлкен үлес қосқан аға ұрпақ өкілдерін әлеуметтік қолдау шаралары тұрақты атқарылады. Оңтүстік Қазақстан облысында 231,2 мың зейнеткер тұрады. Олар - Ұлы Отан соғысының ардагерлері, соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері, көп балалы аналар, жүз және жүз жастан асқандар. Облыста жүйелі түрде ардагерлерді сауықтыру, тегін басылымдарға жаздыру, демеушілер және жергілікті бюджеттер есебінен коммуналдық қызметтерге жеңілдіктер беру мәселелері тиісті деңгейде шешілген. Атап айтқанда, 7800 жекелеген санаттағы азаматтар «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйінде демалуға мүмкіндік алды. Сексен жастан асқан жалғызілікті қариялардың зейнетақыларына ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек беріліп келеді. Тоғыз мыңнан аса адамға «Қамқорлық» акциясы шеңберінде көмектер көрсетілді. Көмекті қажет ететін тағы бір топ бар. Облыста 119 153 мыңнан астам мүгедек есепте тұрады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы ортаны қалыптастыру мақсатында облыста 4095 әлеуметтік инфрақұрылымдық нысан түгендеуден өтті, оның 3328 нысаны бейімдеуге жатады. 2015 жылдың 12 айында 891 нысан, ал 2016 жылы 595 нысан бейімдеуден өтті. 2017 жылы 352 нысанды бейімдеуден өткізу жоспарланып, бүгінгі таңға 116 нысан жасақталды. Осы көрсетілген цифрлардың өзі облыста мемлекеттік бағдарламалардың қарқынды іске асып жатқанын көрсетсе керек. Оның бәрі тұрғындардың түрлі топтарын әлеуметтік жағынан қорғауға бағытталғаны белгілі. Халқы өте тығыз орналасқан Оңтүстік өңірде жаңа жұмыс орнын ашу, миллиондаған тұрғындарды жұмыспен қамту өзге өңірлерге қарағанда анағұрлым қиынға соғатыны түсінікті. Дегенмен осы қиындықтарға қарамастан облыста мемлекеттік бағдарламалар табысты жүргізілуде деп сеніммен айтуға болады. Бек МЫРЗАҰЛЫ qazaquni.kz