ЖАҢА ЗАҢ ҮЛЕСКЕРЛЕРДІ ҮРКІТІП ЖҮРМЕЙ МЕ?

Елімізде құрылыс компанияларына қара тізімге іліккен үлескерлердің үйін сатуға заңмен рұқсат етілуі мүмкін. Депутаттар салынып жатқан баспананың иесі ақшасын уақытылы салмаса, пәтерді сатылымға шығаруды ұсынды. Егер құрылыс компаниялары жауапсыз үлескерлермен келісімді бұзса, көпқабатты баспаналарды дер кезінде пайдалануға беруге мүмкіндік туады дейді мәжілісмендер. Өйткені, қажетті қаржы компания шотына уақытылы түсіп тұрады екен. Сондай-ақ, депутаттар құрылыс мекемелеріне жұрттан банк арқылы жиналған ақшаны үйдің іргетасы қаланбай тұрып пайдалануға рұқсат беру қажет деп отыр. Халық қалаулыларының ұсыныстары қоғам белсенділеріне жақпай қалды. Айтуларынша, мұндай жеңілдіктер тек кәсіпкерлердің құқығын қорғайды. Ал үлескерлер шеттетіліп қалмақ. Шенеуніктер болса, мәжілісмендерді жақтап шықты. Жаңа талап құрылыс нарығын реттейді екен. Заң жобасы жақында Мәжілісте қаралмақшы. qazaquni.kz