Қайнар ОЛЖАЙ: Бір әріпті екі рет шұқыласам, менің өмірімді кім ұзартып береді?

ЖАЛҒЫЗ СҰРАҚ

Мен, Қайнар Олжай, сонау 1974-76 жылдары қой баққан соң журналистік жолға түскен адаммын. Алғашқы мақалаларым 1975 жылдан Ақсуат аудандық "Еңбек туы" және Семей облыстық "Семей таңы" газеттеріне шықты. Ол тұста қағазға қаламмен жаздым. Әр әріпті бір таңбамен.

Журналистика факультетіне түскенде арнайы сабақ ретінде мәшеңке басуды оқытты. Осы күні көзі тірі Астанада тұратын Тұрымтай деген апамыз.

Содан бастап мақаламызды мәшеңкемен басуды машық еттік. Бір әріпті бір тық еткізу арқылы. Тоқсаныншы жылдардың басында алғаш "Егемен Қазақстан" газеті редакциясына компьютер қойылды. Онда мәтін теруді бірінші болып бас редактордың орынбасары Ержұман Смайыл ағамыз екеуміз меңгердік. Ол кісі де осында - Астанада.

Компьютерге қазақша мәтін теруге мүмкіндік жасайтын бағдарлама сол жылдары орнатылды. Жалғыз пернетақта екі түрлі харіппен үш тілде мәтін жазуға жарайды. Бағдарлама беріде жетілді, дамыды, қалай десе де бір әріп бір нұқып қалу арқылы түседі. Соның өзінде саусағыңның буындары талып, ұшы кәдімгідей ауырады. Осы пернетақтамен жүздеген мақала, бірнеше кітап жаздық.

Газетке шыққан мақалалардың талайына қаламақы төленбеді, мемлекет тапсырыс беріп шығарған үш кітабымыздың әрбірінің қаламақысы - 105-108 мың теңге аралығында болды. Онда да ақша емес, орнына өз кітабымызды ұсынған. Бұған да көнгенбіз. Ел оқитын бірдеңе ұсына алғанымызға ризамыз.

Енді күндіз бала-шағаның қамы үшін қызметте, кешкілік ертең ел есінде қалатын еңбектер үшін үйде пернетақта басатын Мен әлдекімдер ұсынған жоба бойынша "ә" әрпін, "ө" әрпін "ғ", "ш" "ү", тағы басқа әріптерді түсіру үшін бір емес екі реттен шұқылауға тиіс екенмін. Онда менің өмірімді де соған орай ұзартып бере алар ма екен осы жобаны ұсынушылар мен қолдаушылар?

Қайнар ОЛЖАЙ,

Фейсбук парақшасынан