Алматыда ұшты-күйлі жоғалған қыз Кеңсай зиратынан табылды

Назерке Әріп

10 шілде күні жоғалған 18 жастағы Назерке Әріптің мәйітін қартаң әйел Алматыдағы Кеңсай зиратынан тауып алған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Today.kz-ке сілтеме жасап.

Назерке Әріптің анасы 4 қыркүйек күні полицейлер қоңырау шалып, зиратта жас қыздың мәйіті табылғанын хабарлағанын айтады.

«Әжей құрбан айтта зиратқа бара жатып, жол-жөнекей қыздың жансыз денесін көріп қалған. Бұл кезде қараңғы түсіп қалған екен. Полицейлер қоңырау шалып, сырт келбеті біздің қызымызға ұқсайтынын айтты. Біз мәйтханаға бардық. Иә, ұқсастық болды. Әрине, 100 процент емес. Үстіндегі киімін таныдық, аяқ киімі болмады. Сараптама нәтижесін күтеміз», - деді Сәуле Әріп.

Оның айтуынша, 12 қыркүйек күні сараптама нәтижесі дайын болады. Қызды туған-туыстары ақтық сапарға шығарып салды.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында Алматыда із-түссіз жоғалып кеткен 18 жастағы қыздың денесі табылғаны хабарланды. Суыт хабарды марқұмның отбасының жақындары жеткізді.

18 жастағы Назерке Әріп медициналық ЖОО-ға грантқа түсуді жоспарлап жүрген. Бойжеткен 10 шілде күні үйінен шығып кетіп, сол күйі оралмаған. Назеркенің отбасы Алматы маңындағы Талғар ауданында орналасқан Тұздыбастау ауылында тұрады.