Астанада "Ата заң - айбыным" мерекелік кеші өтті

Биыл ҚР Конституциясына 22 жыл толып отыр. Осыған орай бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Ата заң – айбыным» атты мерекелік кездесу кеші болып өтті.

Айтулы мерекені атап өту үшін кітапханамызда атты мерекелік кездесуге іс-шараға ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Анар Нұралықызы, заңгерлер, кітапханашылар және оқырмандар қатысты.

Анар Нұралықызы жиылған қауымды ең алдымен конституция мерекесімен құттықтады. Кездесу кешінің арнайы қонағы Анар Нұралықызы мемлекеттің негізі ата заңымыздың принциптері мен бағыттары, нысандары және әдістемелері жайлы өз ойын ортаға салды. Конституция қай кезде де қоғам және мемлекет дамуын реттеп, адам қарым-қатынасын орнықтырып отырады. Ол сондай-ақ, өз сөзінде өмірдің ағымы мен қоғамдық қатынастарға байланысты белгілі бір өзгерістердің адам құқықтары мен құндылықтарын қорғайтынын, өркениетке бастайтынын атап өтті.

– Дүниежүзілік тәжірибеге сүйеніп отырсақ, конституциялық реформаларға толықтырулар мен өзгертулер енгізіп қана қоймай, жаңа заң күшін іске асырып жатады. Шын мәнісінде мәселе онда емес. Елбасы айтып өткендей Қазақстан мемлекетінің өзіндік даму жолы бар. Ешбір мемлекеттің конституциялық реформаларын қайталаған емеспіз. Әрине, тәжірибе алу барысында озық үлгілерді пайдалана аламыз. Конституция деклараация ретінде жазылып, қоя салатын нәрсе емес. Қайсыбір заңды адам өміріне әсере ететін құбылыс деп тануымыз керек. Конституциялық реформалардың барлығы заң жүзінде іске асырылып келеді. Осыған байланысты билік тармақтары арасындағы өкілеттілікті бөлу мәселесі бойынша біршама конституциялық өзгерістер енгізілген. Сондай-ақ, біздің заңнамамызды конституцияға сәйкестендіруге байланысты биыл заң жобасы қаралып, 8 кодекске және 46 заңға өзгерістер енгізілген.