ЖҰМЫСЫ БАРДЫҢ – ТҰРМЫСЫ ДА ЖАҚСЫ

Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда тұрғындарды жұмыспен қамту ерекше орын алады. Жұмысы бар адам өзін де отбасын да асырап, көмек сұрап ешкімге қол жаймайды. Оған қоса өз еңбегі арқылы қоғамға пайдасын тигізеді. Бұл бағытта «Жұмыспен қамту – 2020», «Сыбаға», «Өрлеу» сияқты елімізде бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жұмыс істеп жатқаны белгілі. Әрине, барлық бағдарламалар ойдағыдай жұмыс істеп жатыр деп айтуға болмас. Бір жерлерде жақсы іске асса, енді бір аймақтарда баяу жүргізіліп, маңызды жоспарлар орындалмай жатқаны да жасырын емес. Бүгінгі әңгімеміз тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында Жамбыл облысындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында болмақ. Қазақстан егемендігін алған жылдары халықты әлеуметтік қорғау саласында қабылданған түрлі реформалар мен бағдарламалар аясында кезең-кезеңімен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Жамбыл облысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 1999 жылғы 14,6 пайыздан 2002 жылдың қорытындысы бойынша 12,3 пайызға дейін, ал бүгінгі күнге 2011 жылғы 5,5 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілген екен.Табысы кедейлік шегінен төмен тұратын халықтың үлесі 2001 жылдан бері 13,0 пайыздан 0,2 пайызға дейін, күнкөріс деңгейінен төмен тұратын халықтың үлесі 2001 жылмен салыстырғанда 70,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін төмендеген. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж.Баубековтың есебінде нақты көрсетілген.Бұл бағыттағы жұмыстар 2016 жылы жоғары деңгейде жүргізілген. Есепті жылы жұмыссыздық деңгейін 5,0 пайыздан асырмау мақсатында Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің облыстық кешенді жоспары бекітіліп, бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Өткен жыл қорытындысы бойынша 30330 адам жұмыспен қамтылып, оның ішінде 17401-і немесе 57,4 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Жалпы жос­пар артығымен орындалғанымен, кейбір мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасымен жұмысқа орналастыру көрсеткіші орындалмапты. Мысалы, Агробизнес 2020 бағдарламасы бойынша Мойынқұм ауданында – 50 адам жұмысқа орналаспаған. Аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша Жамбыл ауданында 38 адам, Меркі ауданында 62 адам, Мойынқұм ауданында 6 адам жұмысқа орналаспаған екен. Жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына 29028 адам өтініш жасаса, олардың 81,0 пайызы немесе 23524 адам жұмысқа орналасты. Бұл өңірлік даму бағдарламасының базалық көрсеткіші Тараз қаласы және барлық аудандар бойынша орындалды. Жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспары 113,9 пайызға орындалып, 4015 жұмыс орны, маусымдық жұмыс бойынша 15358 жұмыс орны ашылыпты. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 4784 жұмыссыз тартылып, қоғам­дық жұмыстарды қаржыландыруға 840,3 млн.теңге жұмсалды және облыс бойынша орташа төлемақы 38018 теңгені құраған. Кәсіптік оқытуға барлығы 697 адам жолданып, олардың ішінен 693-і оқуын аяқтап, 670-і жұмысқа орналасқан. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту үшін арнайы заңдар қарастырылған. 2016 жылы барлығы 487 мүмкін­дігі шектеулі азаматты жұмыс­пен қамту жоспарланып, жыл қорытындысында барлығы 701 мүм­кіндігі шектеулі азамат жұмыс­пен қамтылған екен. Олардың 320-сы тұрақты жұмыс орнын тапты. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын қаржылан­дыруға 2016 жылға барлығы 10098,9 млн.теңге бөлініп, 10027,2 млн.теңгесі игерілген. Осы бағдарламаның бірінші бағыты аясындағы жобаларды қаржыландыруға бөлінген 6143,6 млн.теңгенің 6074,3 млн. теңгесі игеріліп, барлығы 2503 жұмыс орындары құрылып, оның 1402-не жұмыспен қамту орталықтарының жолдамаларымен жұмысқа жолданды. Жоспарланған 438 жобаның 431-і жүзеге асырылды. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша республикалық бюджет есебінен 831 адамға микрокредит беруге 3225,9 млн.теңге қаралып, жыл қорытындысында қаржы толық игеріліп, оған 929 адамға шағын несие берілді. Негізгі қаражаттан бөлек, мерзімінен бұрын өтелген микрокредит қаражаттары есебінен 24 адамға 71,3 млн.теңгенің шағын несиесі беріліп, барлығын қосқанда өткен жылы 953 адам несие алған. Соның есебінен қосымша 659 жұмыс орындары ашылған. Бұл аймақта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетіліп отыр деген сөз. «Жастар практикасы» бойынша республикалық бюджет есебінен 499 жұмыс орындарын құру жоспарланып осы мақсаттарға 114,4 млн.теңге бөлінді, барлығы 639 түлек жолдама алды. Демек, жүздеген жас­тар өз біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алған. 2017 жылға арналған Жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарын іске асыруда жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда. 2017 жылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қолданысқа енгізілуде. Жаңа бағдарлама негізгі 3 бағытта жүзеге асырылады. Бағдарламаның «қатысушы­ларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету» атты 1-ші бағыты аясында еңбек нарығының сұранысына сәйкес ниет білдірген азаматтардың барлығы тегін техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімдік кәсіптік оқытумен қамтамасыз етіледі. Осы бағытта 2017 жылы барлығы 770 адамды кәсіптік даярлауға 152,7 млн. теңге, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарында 4349 адамды оқыту үшін 1259,8 млн.теңге қаралған. Осы орайда, жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына 4349 адамды қысқа мерзімдік курстардан өткізіп, жұмысқа орналасуға ықпал ету жүктеліп отыр. Осы жұмыстар бойынша бүгінгі күні оқу құнын, білім ұйымдарын, мамандықтарды анықтап, оқыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бағдарламаның 2-ші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағыт аясында азаматтар алдымен кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады. Шағын несие беру жұмыстары ауылдық жерлер мен шағын қалада «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы мен микроқаржы ұйымдары, несие серіктестіктері арқылы беріліп, оларды қорландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы жүргізеді. 2017 жылы 798 ауыл тұрғындарына несие беруге 2058,0 млн.теңге, шағын несиені кепілдендіруге – 215,6 млн.теңге, микроқаржы ұйымдары шығыстарын субсидиялауға – 31,7 млн.теңге қаралды. Сондай-ақ, 1080 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту үшін 18,1 млн.теңге қаржы бөлінеді. Ал, қалалардағы шағын несие беру екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы беріліп, оларды қорландыру «Даму» АҚ-ы арқылы жүргізіледі. Қалада шағын несие беруге – 515,3 млн.теңге, шағын несиені кепілдендіруге – 304,0 млн.теңге қаралды. Ауылда және шағын қалада несие беру бойынша жергілікті оператор – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, ал, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен қала, моно қалада шағын несие беру бойынша – облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы жұмыс істейді. Бағдарламаның 3-ші бағыты – еңбек нарығын дамыту. Бұл бағыт аясында жастарға кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіліп, жұмыссыздарды бос жұмыс орындарына орналастыру, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасы және ақылы қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылады. Осы бағыт бойынша Бағдарлама аясында 497 әлеуметтік жұмыс орындарын құруға 104,7 млн.теңге, 730 түлекті жастар практикасына жолдауға 260,7 млн.теңге қаралды. Сондай-ақ, ақылы қоғамдық жұмысқа 3212 адамды тартуға жергілікті бюджеттерден 830,0 млн.теңге қаржы қаралып отыр. Сонымен қатар, осы бағыт аясында инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету де бар. Осы мақсатқа 3,4 млрд. қаржы қарастырып, 23-і жүзеге асырылуы жоспарланып отыр. Осы орайда, әрбір бөлінген 3 млн. теңгеге 1 жұмыс орны ашылуы тиіс және барлық жұмыс орындарының 50 пайызына жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасымен жұмысқа орналастыру талабы қойылған. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадамы» ұлт жоспарының 84 қадамын іске асыру мақсатында Жамбыл облысында енгізілген «Өрлеу» пилоттық бағдарлама аясында тағайындалатын шартты ақшалай көмек жыл ішінде 1463 отбасындағы 8129 адам қамтылып, оларға шартты көмек ретінде 222,4 млн.теңге төленді. Көмек тағайындаған отбасыларынан 1688 жұмыс жасындағы азаматтар әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлеріне тартылды, оның 289 адам тұрақты жұмыс орындарына, 425 ақылы қоғамдық жұмыстарға – 766 адам «Жұмыспен қамту» жол картасы аясындағы жұмыстарға – 12 адам жастар практикасымен, қайта даярлау оқуына, – 196 адам әлеуметтік жұмыс орындарына қатыстырылды. Жалпы «Өрлеу» бағдарламасы енгізілгелі облыста шартты ақшалай көмекпен 31594 адам қамтылып, оның 7199 жұмыспен қамту шараларына тартылғанын атап өткен жөн. Халықтың мұқтаж санаттарына әлеуметтік төлемдермен қамту және жұмыспен қамтудағы әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлерінің тиімді қолданудың нәтижесінде табысы кедейлік шегінен төмен тұратын азаматтардың жалпы халық ішіндегі үлесі 0,2 пайыздық көрсеткішке төмендеді.Атаулы әлеуметтік көмек алушылар ішіндегі жұмысқа жарамды жастағы азаматтардың үлесін төмендету аумақтық даму бағдарламасының басты көрсеткіштерінің бірі. 27,0 пайыз болып жоспарланған бұл көрсеткіш артығымен орындалып, 24,49 пайызды құрады. 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жыл ішінде облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны қысқарғанымен, балалар жәрдемақысын алушылар 1941 адамға, тұрғын үй көмегін алушылар 4027 отбасына ұлғайды. Балалар жәрдемақысын алушылар саны әсіресе Меркі (840 бала) және Шу аудандарында (588 бала) айтарлықтай көтерілген. «Өрлеу» пилоттық бағдарла­масына тартылған азаматтардың саны 2015 жылмен салыстырса 1565 адамға кеміген. Бұл көрсеткіш аймақтағы қарапайым халықтың тұрмыстық жағдайының жақсарғанын көрсетеді. 2017 жылдың 1-қаңтарына облыс аумағына 1039 отбасыдан құралған 1964 оралман қоныс аударып, барлығына оралман мәртебесі беріліп, оның ішінде тікелей жергілікті атқарушы орган арқылы – 1586 адам, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының» Жамбыл облысы бойынша филиалдары арқылы – 378 адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді. 2017 жылдың 1-қаңтарындағы Тараз қаласы мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мәліметтеріне сәйкес жұмыспен қамту мәселесі жөнінде уәкілетті органдарға 53 оралман өтініш білдіріп, барлығы тіркеуге алынды. Олардың 33-і тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды, 19-ы ақылы қоғамдық жұмыстарына жіберілді және 1 адам кәсіби даярлаудан өтіп тұрақты жұмыспен қамтылды. 2017 жылдан «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйеге көшті. Жұмыс іздеуші туралы және бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді қатесіз, толық толтырулары қажет. Себебі, мәліметтердің барлығы «Еңбек» порталына келіп түседі және Порталда орналастыру бойынша статистиканың мәліметтері жұмыспен қамту саласында рейтингіге әсер етеді. Сондықтан, жұмыспен қамту орталықтарының директорлары күнделікті ақпараттық жүйеге енгізілген мәліметтерді тікелей өздеріңіз қадағалауларына алып отырады. Бұл ауылдарда, аудандарда тұратын жергілікті халықты жұмыспен қамту жұмыстарын барынша нәтижелі жүргізуге оң әсерін тигізеді. Бек МЫРЗАҰЛЫ qazaquni.kz