Алтай Көлгінов ұстаздарға құрмет көрсетті

1345
0
Бөлісу:

Суреттер БҚО әкімінің кеңесшісі Ж. Түсіпбекұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Білім саласы қызметкерлерінің биылғы дәстүрлі тамыз кеңесі Орал қаласында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – білімнің үлесі» тақырыбымен өтті. Кеңес жұмысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрсейіт Байжанов қатысты.

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Ғұмарова хабарлағандай, 2017-2018 оқу жылында өңірде 381 мемлекеттік күндізгі жалпы білім беретін мектепте 94 мыңнан астам оқушы білім алады. Дәл қазір облыста 9 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Мәселен, Орал қаласының Деркөл кентінде әрқайсысы 600 орындық 2 мектеп, Зашаған кентінде Сарытау шағын ауданында 900 орындық мектеп Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры есебінен жаңадан салынса, Орал қаласында №4 мектептің апатты жағдайдағы ғимараты да қайта көтеріліп жатыр. Бұл құрылыстың бәрі де биылғы қараша-желтоқсан айларында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ республикалық бюджет есебінен Зеленов ауданы Дариян ауылында 100 орындық интернатымен 300 орынға арналған мектеп ғимараты салынып жатыр. Жергілікті бюджет есебінен Қазталов ауылындағы 100 орындық мектеп жанындағы интернат пен Бөрлі ауданының Кеңтүбек ауылындағы 50 орындық балабақша ғимараттары тұрғызылуда. Ал Бөрлі ауданының Аралтал ауылындағы 300 орындық және Ақжайық ауданының Шардаршап ауылындағы 198 орындық мектептері шетел инвестициясы есебінен салынып жатыр. Бұған қоса жергілікті бюджет есебінен 12 білім беру нысанына жалпы сомасы 1241,0 млн теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Зәуре Базарғалиқызының айтуынша, 2016-2017 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап елімізде білім берудің жаңа бағдарламасы енгізілуіне орай мектептерді кең жолақты интернет желісімен қамтуға ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде өңірдегі 132 мектеп сым желілері арқылы кеңжолақты интернетке қосылса, 229 мектеп жерсеріктік желіге жалғанған. Мұның бәрі білім бағдарламасындағы инновациялық тәсілдерді кеңінен қолдануға мүмкіндік бермек.

Министрліктен келген мәртебелі мейман Нұрсейіт Байжанов бүгінде білім саласына қойылып отырған жоғары талаптар туралы әңгімеледі. Сондай-ақ жергілікті мамандардың іс жүзінде кездесетін мәселелерге орай туындаған ұсыныс-пікірлерін тыңдауға ықылас білдірді. «Тамыз кеңесі – білім қызметкерлері үшін өте тамаша диалогтық алаң» деп бағалаған Нұрсейіт Әбсаттарұлы интеллектуалдық адам капиталын дамытуда педагог қауымның алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын атап өтті.

Елбасының тапсырмасы бойынша елімізде 2020 жылға дейін 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер толығымен мектепке дейінгі білім ордаларымен қамтылуы тиіс. Қазіргі көрсеткіш 86% шамасында. Бүгінде ел бойынша 9410 мектепке дейінгі білім ошағы болса, оның 25 пайызы жекеменшіктің үлесінде екен. Батыс Қазақстан облысында жекеменшік балабақшалардың үлесі 6 пайыз ғана. Нұрсейіт Байжанов таяу болашақта жергілікті ЖОО-ларда магистратуралар мен докторантуралар ашылып, жастардың ғылым жолына түсуіне, білімін жетілдіруіне қолайлы жағдай туатынын да айтып өтті.

– Барлық жерде, тіпті бүкіл әлемдегі үрдіске сәйкес біздің облыста да урбанизация құбылысы жүріп жатыр. Соңғы 10 жыл ішінде Орал қаласы тұрғындары 100 мың адамға көбейіп, 320 мыңға жетті. Соның себебінен Орал қаласындағы мектептерде орын тапшылығы байқалып, 4 мектеп үш ауысымда оқыса, 1 мектеп апатты жағдайда тұр. Бұл мәселені шешу үшін биыл қыруар жұмыстар атқарылуда. Жалпы саны 3200-ге жуық баланы қамтитын 9 білім беру нысаны салынуда, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Өңір басшысының айтуынша, соңғы 10 жылда облыстың білім саласына бөлінетін қаржы 5 есеге өскен. Тіпті соңғы бір жылда да бұл айқын көрінеді: 2016-2017 жылғы білім бюджеті 53 млрд теңге болса, 2017-2018 оқу жылы БҚО-ның білім саласына 58 млрд теңге қарастырылған.

«Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың білім саласына ерекше танытып отырған қамқорлығы», деді Алтай Сейдірұлы.

Облыс басшысы барлық аудан әкімдеріне мектепке дейінгі білім беру нысандарын көбейту үшін мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігін дамытуға нақты тапсырма берді. Қазіргі мәлімет бойынша осындай жолмен салынатын 4 балабақшаның жобалық құжаттары әзір. Жалпы саны 1210 орынға есептелген бұл нысанның 2-уі Орал қаласында, тағы екеуі жымпиты мен Чапаев селоларында салынбақ. Сондай-ақ облыс басшысы жалпы білім беретін мектептерді, соның ішінде ауылдық жердегі білім ошақтарын кеңжолақты интернет желісіне, сымсыз «Wi-Fi» торабына қосу ісін жылдамдатуға тапсырма берді. Өңірде өткен оқу жылында 158 мектеп «BilimMedia» инновациялық компаниясының білім ресурстарына жалғанған.

Биыл бұл жұмыс жалғасып, өңірдегі барлық мектеп жаңа жүйеге қосылады. Сонымен бірге 133 мектепте робот техникасы сабақтарын жүргізетін құрал-жабдық облыс бюджеті есебінен алынған. Биыл облыс аумағындағы 22 колледж 800 адамды 13 түрлі мамандық бойынша тегін оқытуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жергілікті нарыққа керекті, сұранысқа ие мамандықтарға дайындайтын қысқа мерзімді курстар да ұйымдастырылады. Бұл мақсатқа республика қазынасынан 158,7 млн теңге қарастырылған.

Бұған қоса жергілікті бюджет есебінен де 400 млн теңге бөлініп, 3500 адамды қамту көзделген. Мұның 1937-сі – жұмысшы мамандықтары. Осылайша, 4 мыңнан аса жас тұрғын жаңа мамандық игеріп, өмірден өз орнын іздеп көреді. Батыс Қазақстан облысы – жергілікті бюджет есебінен бастауыш сынып оқушыларын түгелдей ыстық тамақпен қамтып отырған еліміздегі 3 өңірдің бірі. Өңірдегі мектептердің 95 пайызында оқушылардың 78%-ы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мектепте тегін тамақтанатын оқушылардың саны – 56340 адам.

– «Ұстазыңды атаңнан да әзиз тұт» дейді халық даналығы. Сіздерге құрмет көрсете отырып, жауапты да тағы бір жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Өңіріміздегі білім саласы бойынша жаңа жетістіктерге жол ашыла берсін! – деп қорытындылады өз сөзін Алтай Көлгінов.

Дәстүрлі тамыз кеңесінің соңында білім саласының үздік қызметкерлері мемлекеттік марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды. Олардың ішінде ұзақ жылғы табысты педагогтік қызметі үшін Нұрлан Сабыров, Абзал Сапаров, Шолпан Жанұзаққызы, Елена Суслова Білім және ғылым министрінің жарлығымен ұстаздардың ең жоғары наградасы – Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

8 + 16 =