Астана халықаралық марафонының жүлде қоры 60 мың долларды құрайды

Похожее изображение

Бүгін Астана қаласындағы Этноауылда Астана халықаралық марафонына арналған кезекті баспасөз мәжілісі өтті.

Осы жылдың 4 сәуірінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) жеңіл атлетикадан Астанада халықаралық марафон өткізу туралы келсімге келген еді. Бұл марафонды құрылғанына биылғы жылы 25 жыл толатын «Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің» (АӨСШК) форумымен бірге өткізу жоспарланған. Халықаралық марафонды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР жеңіл атлетика Федерациясы, Астана қаласының әкімдігі және «Шанхэ» Юньнань мәдениет және спорт компаниясы бірігіп өткізеді.

Баспасөз мәжілісінде ҚР жеңіл атлетика федерациясының маркетинг және PR бойынша бас менеджері Мақпал Зинашева тіркеу жұмыстары қай уақытқа дейін жалғасатынын және жарна көлемін, ақпараттық насихаттау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны туралы айтып өтті.

– Астана халықаралық марафонына қатысушыларды тіркеу 15 шілде күні басталды. Қазіргі кезде 1000-нан астам адам тіркеліп үлгерді. Тіркеу жұмыстары 26 тамызға дейін жалғасады. (http://scomarathon2017.com). Марафонға қатысуға өтініш бергендердің көбісі 10 мың шақырымға жүгіретіндер. Ал 2017 метр мен 42 шақырым 195 метрге жүгіруге өтініш берген адамдардың саны бір-біріне шамалас. Қатысушыларға жүгірер алдында бастапқы пакеттер таратылып беріледі. Оның ішінде арқаға асатын сумка (рюзак), әрбір адамға жеке нөмірі көрсетілген жейде бар. 42 шақырымға жүгіретіндер 5 мың теңге, 10 шақырымға жүгіретіндер 3 мың теңге жарна төлеуі тиіс. Ал 2017 метрге жүгіретіндер, мүмкіндігі шектеулі жандар және зейнет жасындағы кісілерге қатысу тегін, – дейді Мақпал Зинашева.

Оның айтуынша, Астана халықаралық марафонына қатысушылардың арасында өнер, спорт жұлдыздары да бар екен.

– Марафонды өткізудегі ең негізгі мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау. Біздің бұл бастамамызды қолдаушылардың арасында актер Максим Акбаров, бокстан 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, «МИСС Қазақстан» байқауының жеңімпаздары және т.б танымал жұлдыздар бар. Астана марафоны халықаралық болғандықтан әрі елімізге туристерді көптеп тарту мақсатында әр түрлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шетелдегі ақпараттық демеушілеріміздің арасында Қытайдағы танымал халықтық газет қазіргі кезде электрондық нұсқаға ауысқан «Жэньминь Жибао» басылымы бар, –дейді ҚР жеңіл атлетика федерациясының өкілі.

Ұйымдастыру комитетінің мүшесі, марафонға жүгіруден Гинесс рекордтар кітабына 7 мәрте енген, төрткүл дүниенің ең үлкен құмды шөлдерін бір өзі ғана жүргіріп өткен әлемдегі жалғыз марафоншы Марат Жыланбаев халықаралық шараның жүлде қорымен таныстырып өтті.

– 42 шақырым 195 метр марафонының жалпы жүлде қоры 60 мың долларды құрайды. Егер спортшы аталған қашықтықты 2 сағат 20 минутта жүгіріп өтетін болса, 13 мың АҚШ долларына ие болады. Әйелдер бұл қашықтықты 2 сағат 40 минутта жүгіріп өтсе жеткілікті. Мәреге 2 сағат 20 минутта емес, одан сәл кешірек келіп, бірақ жеңімпаз атанатын болса, 7 мың долларға қол жеткізеді. Жалпы, 9 ер, 9 әйел спортшыға дейін ақшалай сыйақы қарастырылған. Ал 10 шақырым және 2017 метрге жүгіретіндерге демеушілер тарапынан бағалы жүлделер тағайындалған. Бірақ оларға ақшалай сыйақы берілмейді, –дейді Марат Жыланбаев.

ҚР жеңіл атлетика федерациясының орта, ұзақ қашықтық және марафонға жүгіру бойынша аға жаттықтырушысы Артем Жигалов марафонның маршруттарын таныстырды. Оның айтуынша, Астана халықаралық марафоны таңғы сағат 07:30-да басталады.

– «ЭКСПО-2017» аясында өтетін ШЫҰ мен АӨСШК халықаралық марафоны 2017 жылдың 27 тамызында таңғы сағат 07:30-да басталады. Марафонның маршруты Астананың басты көшелерін қамтиды.Біз әлемнің әр елінен келетін марафоншыларға елорданың әдемі көшелерін көрсетуді мақсатып етіп отырмыз. 10 шақырымға жүгіретіндердің старты сағаты 08:00-де басталады. Олар Mega Silk Way сауда орталығынан бастап, Қабанбай батыр, Ұлы дала, Мәңгілік ел, Керей және Жәнібек көшелерінің бойымен жүгіреді. Ал 2017 метрге жүгіретіндердің старты 08:30-ға жоспарланған,–дейді Артем Жигалов.

Еске сала кетейік, Astana EXPO-2017 көрмесі аясында өтетін халықаралық ШЫҰ және АӨСШК марафонына 5 мың адам қатысады деп күтілуде. Оның ішінде мың адам шетелден келмек. Сондай-ақ ШЫҰ-ның әрбір елінен 30 кәсіби спортшы тарту көзделген.

25 және 26 тамыз күндері Astana EXPO көрмесінің оңтүстік қақпасы жағынан тіркеуден өткен қатысушыларға бастапқы пакеттер беріледі. Онда жүгіруге арналған жейде мен әрбір қатысушының жеке нөмірі бар. Пакеттерді тарату кезінде танымал марафоншылардың қатысуымен шеберлік сағаттары өтеді. Олар әуесқой жүгірушілерге марафонға қалай дайындалу керектігін көрсетіп, ақыл кеңестерін айтатын болады.

Марафонның бағдарламасы:

25 тамыз: 16.00 – 22.00 аралығында бастапқы пакеттер таратылады

25 тамыз: 14.00 – 20.00 аралығында бастапқы пакеттер таратылады

27 тамыз: 05:00-06:30 – бастапқы пакеттер таратылады

6.30 – 7.00 – аралығында кәсіби нұсқаушылардың қатысуымен бұқаралық жаппай жаттығу өтеді

Анықтама үшін: ШЫҰ алғашқы марафоны 2016 жылы өткізілді. Оған төрт құрлықтан 15,6 мың адам қатысты. Марафон ШЫҰ құрылуына 15 жыл толуына орайластырылды. Аталған шара қарапайым қазақстандықтар үшін салауатты өмір салты, достық пен әріптестік белгісі іспеттес болмақ.