Ахметов Алакөлді Қазақстандағы ең әйгілі орындардың біріне айналдырмақ

Облыс әкімі Даниал Ахметов Үржар ауданына барған сапарында Алакөлге ат басын бұрып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Аймақ басшысы бұл орынға туристерді тарту мақсатында не істеу керектігін түсіндіріп, тың идеяларымен бөлісті.

Бұл туралы ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

Естеріңізге сала кетсек, Даниал Ахметов Алакөлдің Шығыстағы бөлігіндегі абаттандыру жұмыстарын ерекше қадағалауында ұстап отыр.

- Біз алғаш қадам жасап, 2 миллиард теңге бөліп, 550 миллион теңгені абаттандыруға жұмсадық. Негізгі жұмыстар істелді. Нәтиже бар, - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Облыс әкімі кәсіпкерлермен кездесу кезіне жағалаудағы сауда нүктелерін қайта жаңғыртуың екі нұсқасы барын түсіндірді. Біріншісі, жұмыстар облыс бюджетінің есебінен жүргізіліп, кәсіпкерлер кейіннен ғимараттарды жалға алатын болады немесе кәсіпкер өз қаржысын жөндеу жұмыстары мен абаттаныруға салады.

Сонымен қатар, Даниал Ахметов келесі жылы жағалауды абаттандырып, жергілікті «арбатты» 500 метерге кеңейтуді көздеп отыр. Шығысқазақстандықтар үшін әуе жолына жеңілдіктер қарастыруды да қолға алмақ. Жобалардың бірі – «Өскемен» - «Шар» - «Жалаңашкөл» бағытында теміржол байланысын орнату да жоспарда бар.