Египетте ұсталған қазақстандықтар елге қайтарылатын болды

Қазақстандық дипломаттар еліміздің 6 азаматын елге жеткізу үшін Каир әуежайына алып келді. Бұл туралы бүгін өзінің фейсбуктегі парақшасында ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлім етті.

«Қазір ғана қазақстандық дипломаттар еліміздің 6 азаматын Қазақстанға қайтару үшін Каирдің әуежайына жеткізді. 1 тамыз күні кешкісін Египеттің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Қазақстанның елшілігімен хабарласып, осыған дейін ұсталған қазақстандық азаматтардың барлығын еліне депортациялайтындықтары туралы айтты»,- делінген хабарламада.

Осыдан кейін Қазақстанның консулы арнайы процедураларды ұйымдастыру үшін әуежайға келіп, еліміздің азаматтарымен жүздескен. Олардың жағдайлары жақсы және жақын арада елге жеткізіледі. Қазақстандықтарды ұстау себептері әзірге айтылмай отыр.

Египет билігінің хабарлауынша, еліміздің азаматтарын ұстау жағдайы бойынша барлық себеп-салдарлар туралы араб елінің құқық қорғау органдары қосымша хабарлайтын болады.

ҚазАқпарат