«ЗЕРДЕ-КЕРАМИКА» БИІК БЕЛЕСКЕ БЕТ БҰРДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысындағы керамограниттің өндірісімен айналысатын «Зерде-Керамика» кәсіпорны енді өнімнің санын анағұрлым арттырмақ. Өндіріс орны екінші желісін жыл соңына дейін іске қосып, өнім көлемін 2 миллионнан 4,5 млн. шаршы метрге жеткізбек. Сапалы өнім шығаратын зауыт өніміне бүгінде сұраныс артып отыр. Сондай-ақ, кәсіпорын өнім түрлерін көбейтпекші. Алдымен бүгінге дейін Қазақстанда керамогранит өндіретін осындай кәсіп­орын­ның баламасы жоқ екенін айтқанымыз орынды. Жоба импортты алмастыру жолында жұмыс істейді. Мұнда экспорттың үлесі 30 пайыз болса, қалған 70 пайызы еліміздің өзге облыс­тарына жөнелтілуде. Сондай-ақ, мұндағы шикізаттың 60% жергілікті болса, 40% шетелден тасымалданады. Адамның қолы мен күш-қуатын кәсіпорында автоматтандырылған жүйе алмастырған. Итальяндық қондырғы бар шаруаны – құрауыш шикізаттарды аралас­тырып, дайын өнімді қаптауға дейін атқаруға қауқарлы. Ал техниканың күрделі қызметін 140 адам қадағалап отырады. Кәсіпорынның өнімі серти­фикатталған, СТ-KZ үлгісіне сәйкес, барлық еуропалық талаптарға жауап береді. Жергілікті өнім шетелдіктер мен отандық тұтынушылардың сеніміне ие болған, сондықтан да сұраныс жоғары. qazaquni.kz