Шымкентте үйлену тойы жас жұбайларсыз өтті

«Естімеген елде көп» демекші, күні кеше Шымкент қаласындағы зəулім тойханалардың бірінде ерекше үйлену тойы өткен, - деп жазады alashinform.kz.

Тойға келгендер бұрын соңды болмаған кешке куə болыпты. Өйткені тойға қыз бен жігіт келе алмай қалды, деп әңгімесін бастады тойға Қызылорда қаласынан арнайы келген Айнұр Дүйсен.

Оның туған әпкесі өткен жылы тұрмыс құрған екен. Шымкент қаласында жоғары білім алған Индира өмірлік жарын осы жерден тапқан. Құдай қосқан қосағымен шаңырақ көтерген ару той үстінде өмірге тұңғышын əкелемін деп ешқашан ойламаған болар.

Күні бойы қаланы аралап қыдырған жастардың «гулянкасы» күтпеген жерден тоқтапты. Кеш соңында жас келіншектің толғағы қысып, перзентханадан бірақ шыққан.

«Бұл уақытта тойхана қонақтарға лық толы еді. Той иелері кешіккен соң, уайымдай бастадық. Əпкеміздің аяғы ауыр. Бірақ əлі 1айдан аса уақыты бар болған соң елемеген едік. Тойға дайындалып, біраз шаршаған болуы керек. Жылқы сойып, үйде ас беріп жатырмыз, деген кеше ғана», дейді Айнұр Дүйсен.

Жас жұбайларды күткен 500 қонаққа жаңалықты ата-анасы жеткізген. Содан кейін тойға алыстан келген құда-жекжаттан кешірім сұрап, мерекені бастап кеткен. Жиналған меймандар үйлену тойының шілдеханаға ұласқанын айтып тілек жаудырып, той тойлаған.

Бəрінен бұрын кеш бойы қызының жағдайын уайымдаған анасына тойда отыру қиын болса керек. Тойды Ораза айынан кейін өткізуге бел буған жігіттің жақындары да той үстінде немерелі боларын қайдан білсін?!

Түнгі сағат 12-ден асқанда сүйінші хабар жетіп, жас отбасының қызды болғаны белгілі болған. Бұл уақытта қонақтардың көбі тарқасқан. Алыстан арнайы көлік жалдап жеткен қыздың төркіні, қыздарын көре алмай ауылдарына қайтуға мәжбүр болған екен. Ата -анасының үйлену тойында өмірге келген сəбидің есімін Аяла деп қойыпты.