Сәуле Мешітбайқызы: Ұлттық бояудан жұрдай жиын БАҚ-тың базары емес, тобырдың тойы болғандай...

(«Үркер» ұлттық сыйлығын тапсыру салтанатынан кейін туған ой)

    Елордада баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсіміне жеңіске жеткен журналистердің есімдері анықталды, Олар 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды. Алғаш рет қаламы қарымды журналистерге арналған ұлттық сыйлықты беру рәсімін  Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазконтент» АҚ ұйымдастырды. Ұлттық сыйлықтың жүлдеқоры – 15 млн теңге. Байқауға 860-қа жуық БАҚ өкілі қатысуға ниет танытқан. «Үркер» сыйлығының жеңімпаздарын белгілі ғалым Намазалы Омашев, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және ЕҰУ-дің «Журналистика және саясат тану» факультетінің деканы Қайрат Сақ, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, саясаттанушы Расул Жұмалы, «Қазақстан – 2050» жалпы ұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Нұр Отан» партиясы саяси-талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, белгілі журналист Александр Тараков, «Алматы» телеарнасының басшысы Әлібек Әлденей, белгілі журналист Бейсен Құранбек, «Farmers.kz» порталының жетекшісі Мейрамхан Жәпек, әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы анықтады. Нәтижесінде қазылар алқасы ең мықты деген 15 жеңімпаздарды анықтады. Ел журналистикасы үшін ерен еңбек етіп жүрген ерлердің жүлделері құтты болсын! Шүкір делік, соңғы кездері отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне оң көзқарас, дұрыс көңіл бөліне бастады. Соның айғағы — күні кеше дүркіреп өткен «Үркер» ұлттық сыйлығын тапсыру салтанаты. Құптарлық-ақ іс. Баянды бастама. Бірақ… Әттеген-айлар да көп болды. Көзбен көрген, көңілге түйген бір-екеуін айта кетелік. «Айтпаса, сөздің атасы өледі» демей ме? Турасын айтсам, ұлттық сыйлық деген сөзге тапсыру рәсімі, салтанаты көлеңкесін түсірді. Ұлттық реңктен жұрдай жиынға куә болдық. Басқосудың басынан-аяғына дейін шағын оркестрдің сүйемелдеуімен миыңды шаршататын, басыңды қатыратын «даңғаза әуен» ойнап тұрды. Ұлттық сыйлықты тапсыратын кезде қазақтың ұлттық-аспаптар оркестрін шақырсақ, қылымыз қисайып қала ма? Даңғұр-дұңғұр музыка адамды, керісінше, шаршатып жібереді.Ұлттық әуен ести алмай арманда кеттік.. Сол салтанатты кештен жұрттың бәрі шаршап шыққаны айдан анық. ЭКСПО-ға келген шетелдік қонақтар қазақтың ұлттық өнері қайда деп ойлауы мүмкін ғой. Марапаттау рәсімінің арасында мерекелік ән, би-шашулар кезектесіп беріліп отырды. Бірақ домбырамен қазақтың бірде-бір әні шырқалмады. Ол — ол ма, тағы бір басқа ұлттың әншісі қайта-қайта сахнаға шығып, сүйкімсіз сазға қосылып, түсініксіз әндерін шырқады. Салтанатты кештің басында-ақ үстіне қара көйлек киген қыз-жігіттер бір түсініксіз музыкамен би биледі. Сандарын жалтыратқан қыздар, әйелдің киімін киген қызтеке-жігіттер. Ал, ендеше! Әртүрлі ұлттың өкілдерінен құралған биші қыздар аяқтарын аспанға атып, бұтындағы көкпеңбек іш киімдерін көрсетіп әлек болды. Бұл не сонда?! Батыстың бейәдеп биі мен әніне табыну ма? «Тап-тамаша ән еді, пұшық келіп қор қылды-ау!» дедік те отырдық намысқа булығып… Ұлттық БАҚ-тың дүбірлі тойын даңғаза шоуға айналдырғаннан не ұттық? Сырттан келген бірді-екілі қонақтар әбден орыстанғанымызды, батыстанғанымызды осыдан-ақ көрген шығар. Ұлттық рухымыз асқақтағанның орнына жынды әуен мен тобырлық мәдениеттің туы желбіреді. БАҚ-тың базары емес, тобырдың тойы болғандай әсер қалды. Ұлттық сана мен ұлттық намысты тобырлық мәдениеттің аяғына жығып бердік. «Көш жүре түзеледі» деп, кей-кейде өзімізді өзіміз жұбатып қоямыз. Бірақ… Тәуелсіздігіміздің 26-шы жылына аяқ бастық қой. Түзелетін уақытымыз баяғыда болған. Айтпақшы, жиынды ашып, құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты кешке қатысқан Ақпарат және коммуникациялар министріміз Дәурен Абаев: «Журналистер — ой еңбегімен айналысатын ойлы жандар», — деген жақсы сөз айтты. Алайда… Кешті ұйымдастырушылар («Қазконтент» АҚ) ұлттық сыйлықты тапсыру рәсімін жат елдің, жат ұлттың музыкасымен айшықтап, бүлдіргенін біле ме екен? Әй, қайдам! Айналайын бауарларым-ау, Елбасымыз «Рухани жаңғырыңдар!» деп неге айтқанын қалайша түсінбейсіңдер? Төл министрлігіміз біршама жақсы жұмыстар жасап жатыр. Бұл аталмыш жұмыс та көңілге қонатын зор шара. Бірақ шараның аты мен затына сәйкес ұйымдастыру жұмыстары, жоғарыда айтқанымыздай, дұрыс жүрмегені бізді, жиналған жұртты қатты қынжылтты.  «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» дегендей, аналық ниетпен айтқан ескертпеміз болашақта сабақ болса, қанекей! Сәуле Мешітбайқызы  ҚР еңбек сіңірген қайраткері elana.kz