Нұрсұлтан Назарбаев: АУЫЛ тұрғындарын АУЫЗ СУМЕН қамтамасыз ету керек!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевті қабылдады.

  28 маусымда Ақордада ҚР ПРезиденті  Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевті қабылдады. Кездесуде су ресурстарын дамыту және ауылдық жерлердің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері сөз болып, оны шешудің жолдары талқыланды. Мемлекет басшысы Астананы және өзге де өңірлерді су деңгейінің көтерілуі мен су тасқынынан қауіпсіз етуге мүмкіндік беретін жобаларды іске асырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. – Судың көптігі су деңгейінің көтерілу қаупін тудырады. Бір жағынан, оны ұтымды, әсіресе ауыл шаруашылығында пайдалануға болады. Осыған орай әр елді-мекенде шағын су қоймаларын салуды қамтамасыз ету қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президентіне бөгеттердің қазіргі жағдайы және су деңгейінің көтерілуі мен су тасқыны болуы мүмкін өңірлерде жаңа су қоймаларын салу перспективалары жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ, Елбасы Астанадан 3 сағаттық қашықтықта орналасқан Бурабай демалыс орындарының бағасы көрсетілетін қызметке сай еместігін еске салып, елорда маңындағы су қоймалары мен көлдердің туристік әлеуетін арттыру қажеттігін айтты. «Кеңбидайық су қоймасы қалаға жақын орналасқан. Бұл жер елорда тұрғындары демалатын орындардың біріне айналуға тиіс. Онда жағажай жасап, демалыс орындарын салу керек» - деді Мемлекет басшысы. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.