Алматыда ұсталған қылмыстық топқа қатысты жаңа деректер пайда болды

Алматыны дүрліктірген ҰҚК-ның арнайы операциясы туралы ақпарат пайда болды, - деп хабарлайды kaz.365info.kz.

Күштік құрылымдар белгілі бизнесмен, шыны зауытының қожайыны және «Депутатский корпус» деп аталатын қылмыстық топтың «серкесін» құрықтамақ болған екен.

Күштік құрылымдардағы дереккөзіміздің айтуынша, арнайы операция әлгі кәсіпкерді тұтқындау үшін ұйымдастырылған. Кәсіпкер ретінде танылып жүрген азаматтың талай жылдан бері ірі қылмыстық топтың серкесі ретіндегі кәсібі де бар деген дерек бар.

Жалпы, «Депутатский корпус» қылмыстық тобын Мурка, Икан және Чемпион деген лақап атты үшеу басқарады деседі. Бір жылдары бұл топ мүшелерінің жалпы саны 35 адамға дейін жеткен көрінеді.

Олар күрес пен бокс залдарына, спорттық шараларға «контроль» жасап, Қытай мен Қазақстан шекарасы арқылы тауар контрабандасымен де айналысқан.

Айта кетсек, бүгін таңертең БАҚ-та Алматыдағы зауыттардың бірінде арнайы операция жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Арнайы қызметтердің дерегінше, зауыт қожайыны ірі қылмыстық топқа жетекшілік етеді.