ҚОЗАПАЯ ӨНДІРІСТЕ ҚОЛДАНЫС ТАПТЫ

«Сапа Инвест Плюс» ЖШС-нің зауыты қозапаядан жиһаздық тақта дайындай бастады. Бүгінде 30 адам жұмыс істейтін зауыт өнімі Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Тараз қалаларындағы ірі кәсіпорындар сатып алады. Мақтааралдық өнімге Өз­бекстан, Тәжікстан, Қырғыз­стан, Түркі­менстан және Ресей мемле­кеттері қызығушылық танытып отыр екен. «Қозапаяның тоннасын 12 000 теңгеге сатып аламыз, бұл мақтааралдық шаруаларға да өз пайдасын тигізуде. 1 тонна қозапаядан 1 текше метр жиһаздық тақта шығады. 1 текше метр дегеніміз – 24 дана тақта» – дейді зауыттың бас инженері Бақытбек Үсенұлы. Зауыттың өзінің бірнеше тракторлары мен қозапаяны жинайтын техникалары да бар. Бұл шикізатты өздері де өндіре береді деген сөз. Сондықтан, шикізат мәселесі толықтай шешілген. Зауыттың жұмысшысы Құрманғазы Тәңірбергеновтың айтуынша, жұмысшылардың жалақысы 70 мың теңгеден кем емес. «Күнделікті жұмысымыз жүйелі. Күніне 8 сағат еңбек етеміз. Зауыттағы жұмыстың еш қиындығы жоқ» – дейді Құрманғазы Тәңірбергенов. Айта кетейік, жақында ғана Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриялық аймағында Қазақстандағы ерекше жобалардың бірі іске қосылды. Оңтүстік Кореяның технологиясымен жабдықталған «Мега Смарт» зауытының да негізгі шикізаты – қозапая. Мақтааралдық «Сапа Инвест Плюс» қазіргі таңда осы зауытпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. «Мега Смарт» зауытының бас директоры Сергей Хегайдың айтуы бойынша, қозапая экологиялық таза өнім болғандықтан, ТМД елдерінде жоғары бағаланады. Осылайша Мақтаралдағы зауыттан жеткізілген тақталар түрлі түстермен ламинантталып, жиһаз зауытына өтеді. Оңтүстік Корея және Италияның қондырғыларымен жұмыс жасайтын зауыттың бұйымдарының сапасы жақсы, әсемдігі көз жауын алады. qazaquni.kz