Айдос Сарым: Орыс тілді аудиторияның жанталасып жатқаны - тұяқ серпу екені сөзсіз

Айдос Сарым, саясаткер:

- Жеткені жеттік. Сан бар дегенмен, сапаға жоқпыз. О, бастағы биліктің саясаты да осы болатын. Халық саны өскенше біз де соған бейімделеміз деген саясат 25 жыл бойы жүргізіліп келді. Жалпы, қоғамда халықпен санасатын, пікірін тыңдайтын механизмдер жоқтың қасы. Бірақ, сайып келгенде парламентті де, қоғамдық ұйымдарды да билік жасаған. Қоғамдық топтар, оның ішінде зиялы қауым өкілдері де билікке тәуелді екені анық. Оны жасырудың қажеті жоқ. Тек биліктің мүмкіндігі кез келген ұранды жекешелендіріп алуға жеткілікті. Тіпті, соңғы кездегі үшінші модернизация деген мәселе де, 71 пайыздың айналасынан туындаған. Шынын айту керек, биліктің оның ішінде Президенттің бір ғана осал жері бар.  Бүгінгі билік, оның иесі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөзсіз, өзінің атын қазақ тарихында алтын әріппен жазғысы келетіні жасырын емес. Президенттің тарихтағы орнын белгілейтін Мұхтар Шаханов та, Олжас Сүлейменов те емес.  Олар өз дәрежесінде бүгінгі 71 пайыз қазаққа дауысының жеткенінше ықпал етуге мүмкіндігі бар шығар. Дегенмен, Президенттің тарихтағы орнын айқындайтын 25 жасқа келмеген - Тәуелсіздік ұрпағы. Оның дүйім көпшілігі, 80-90 пайызы қазақ тілді - қазақ жастары. Сондықтан да «Болашаққа бағдар», «ұлттық мәдениет», «Сакралды жағрапия» деген мәселелер осы 71 пайыздың айналасынан шығып жатқан әңгімелер.

Президенттің тарихтағы орнын айқындайтын 25 жасқа келмеген - Тәуелсіздік ұрпағы. Оның дүйім көпшілігі, 80-90 пайызы қазақ тілді қазақ жастары.

Осы аудиторияның, ертең сайлаушы болатын жастардың бойында бүгінгі аға буынның бойында бар үрей, қорқақтық пен жалтақтық жоқ. Шынын айту керек, Сәбет заманында туған, өскен немесе соның шетін көрген буынды Президент жақсы біледі. Түсінеді. Билік жастардың арман мұратын, ішкі психологиясын ұға бермейді. Бұл - жаңа ұрпақ. Президенттің өзі де айтып қалады арасында. «Жаңа ұрпақ, интернет заманының балалары» дегенді. Өйткені оның саяси идеалдары, саяси миссиясы әлі  айқындалып болған жоқ. Бірақ бұл қазақ тілді ұрпақ. Бұлардың шыдамсыздығы басым. Көптеген жағдайда нәтижені қазір және дереу көргісі келетін ұрпақ екенін іштей болса да интуитивті түсінеді. Сондықтан да, «көпшіліктің» деген әңгіме осыдан туындап отыр.

Шындап келетін болса, «Болашаққа бағдар» деген бағдарламаның астары бар. Бұл көптеген сұрақтарға жауап іздеу. Іздену. Екіншіден, Жер дауынан кейін биліктің қазақ аудиториясымен жұмыс жасауға бағытталған үлкен саяси жүрісі. Және бұл саяси жүрістің бір ерекшелігі бар. Біріншісі – мақалада айтылған дүниелерге қарсы шықсаң, онда сен қазақтың жауы болып шыға келесің. Ал егер, ұлттың, қазақ ұлтының мүддесіне сай дүниені қолдаймын десең, онда билікпен белгілі бір мәмілеге келуге мәжбүр боласың.

Саяси жүріс осы кезге дейінгі қалыптасқан билікті үзілді-кесілді қабылдамау деген түсінікті де жойып жібереді.

Мысалы, латын қаріпі бойынша немесе тарихқа көзқарас, билікке көзқарас мәселелері бойынша өзгеріс болып жатыр.

Сондықтан саяси үдеріс жаңа бір реңге, бояуларға бояла бастаған сияқты. Осыдан бір жаңа бағыт немесе саяси коалициялар туып, шығып қалар.  Бірақ оның конфигурациясы өзгеруі тиіс.

Ал жаңағы орыс тілді аудиторияның жанталасып жатқаны - тұяқ серпу екені сөзсіз. Биліктің, Президенттің айтқанына үзілді-келісді қарсы шығатын болсаң, сен тек қана қазақ халқының емес, Презденттің де жекеменшік жауы болып шығуың мүмкін. Олжас Сүлейменовтің  де «Президенттің айтқанының бәрі дұрыс, тек латын қаріпіне көшуі дұрыс емес» дегені сол. Жаңағы орыстілді аудиторияның да хәлі осы. Президенттің бір сөзін іліп алуы мүмкін. Жалпы қарсылық көрсете алмайды. Көнуге мәжбүр. Бірақ өздерінің жанына батып жүрген нәрселерді ашықтан-ашық айтып отыр.

«Бұл өзі қалай болып кетті?», «Бір толерантты халық емес пе едік?», «Көп ұлтты халық емес пе едік?». «Қайтадан қазақтың этногрфиялық жағына кетіп бара жатқанымыз қалай?». «Орыс әлемінен ат құйрығын үзу емес пе?», «Кирилицада біздің жазу еді ғой» деген күңкілдер басталды. Бұл да қарсылықтың түрі.

Тек бұл ғана емес.  Белгілі қазақтың үлтшыл азаматтарына да қарсы шабуылдар басталып кетті. Ерлан Қаринге қарсы, Расул Жұмалыға қатысты, жалпы тарих, мәдениет мәселесіне қатысты, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарына қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Әйтеуір осы қазақ ұлтшылдарының дәурені жүріп кетпесін деп, газеттерге жамандау, жоғарғы жаққа үшбу хат жазу, әлеуметтік желілерде сайқымазақ етіп көрсету секілді астыртын әрекеттерін бастап кетті. Ол рас.

Дереккөз: abai.kz