Ұлттық академиялық кітапхана қоры қырғыз әдебиетімен толықты

Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қырғызстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Бакашева Жұлдыз Кемелқызымен кездесу болып өтті. Кездесу барысында Жұлдыз Кемелқызы екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға қатысты тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасындағы «Қырғызстан әдебиеті орталығына» біршама кітаптарды сыйға тарту етті.

Ұлы данышпан Абай мен этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың, Жамбыл мен Тоқтағұлдың достығы туралы, академик Зейнолла Қабдоловтың, Сейіт Қасқабасовтың, Зәки Ахметовтың өміріне қатысты шығармалары мен еңбектері қазір Қырғызстан Ұлттық кітапханасында сақтаулы тұр. Бір ғана Шоқан Уәлихановтың «Ыстықкөл сапарының күнделігі» атты кітабы қырғыз халқы үшін мәні зор, мағынасы терең екенін байқаймыз.

Жұлдыз Кемелқызы – Қырғыз Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік кітапханалар қауымдастығының президенті, Еуразия Кітапхана ассамблеясының вице-президенті. Қырғыз, орыс, түрік және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Жұлдыз Кемелқызы жоғарыда аталып өткен қазақ ақын-жазушыларыны, әсіресе Сейіт Қасқабасовтың, Зәки Ахметовтардың мектебінен өткенін әлі күнге дейін мақтанышпен айтып жүреді.1982 жылы Қырғыз Мемлекеттік университетінің журналистика мамандығын бітірген. 1988 жылы Ұлттық ғылым академиясын, 1998 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде докторлық диссертация қорғаған. Ол Ж. Баласағұн атындағы КМУ-нің журналистика факультетінің деканы, Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының проректоры болған. 2005 жылдан бастап Қырғызстан Ұлттық кітапханасының директоры лауазымында жүр.

Іс-шараға Қырғызстан Республикасы Елшілігінің бірінші хатшысы Аджиматова Чолпанай Абдисаматовна, ақын, драматург, жазушы, сатирик, айтыс ақыны, жыршы-жырау Баянғали Әлімжанов және т.б. қатысты.