Назеркеде нәзік сыр бар екен

Таяуда өлең-сөзге әуес, жаны жырға жақын На­зерке есімді қыз­дың тырнақалды туындылары қо­лы­мызға тиді. Сәдуа­қас Назерке Қайрат­қызы Алатау батыр ауылындағы С.Кәттебеков атын­дағы жалпы орта мек­тепті биыл үздіктер қатарында бітіріпті. Келешекте журналист болсам деген асқақ арманы бар екен. Назеркенің бір топ жырларына шолу жасай отырып, оның өмір құбылыстарына өзіндік тұр­ғыдан үн қатқысы келетінін аңғардық. Айтайын деген ойына шұрайлы тілді шебер пайдалана білсе Назеркені келешекте шар­даралық шайырлардың қатарынан көріп қалуымыз еш ғажап емес. Ендеше, Назеркеге сәттілік тілейік! «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестігі» ұжымы Шардара ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы ЖЕТІМ ҚЫЗДЫҢ МОНОЛОГЫ Қаздар қайтып барады тізбектеліп, Бәрін қуып жатқандай күз бек келіп. Жапырақтар қалықтап құлап жатыр, Құлап жатыр бір-бірін іздеп келіп. Сарғыштанып қалыпты дала өңі, Жанарымның ұшында шала сөнді. Келер деумен үзбедім үмітімді, Белгілі ғой қашанда бала жөні. Аула жаққа қараймын жиі-жиі, Отбасымдай емес, бұл – бала үйі. Алып мені кетер деп дайын жүрем, Бала емес пе анаға Алла сыйы. Сен де мені сағынып жүресің бе, Беске келдім, анашым, білесің бе. Мейірімің өзіңнің қажет маған, Жалғыздықпен шамам жоқ күресуге. Сағындым ғой анашым, құшағыңды, Кірпігімнен сырғанап жас ағылды. Еш кедергі мен саған болмас едім, Дайындар ем, үй жинап бар асыңды. Жаным ана, неліктен кешіктің сен, Сеземін ғой даусымды есіттің сен. Жұмысыңнан жібермей жатыр ма әлде, Кешіктің сен, әйтеуір, кешіктің сен. Аула жаққа қарайлап, алаңдаймын, Өздеріңмен кетуге балаң дайын. Әкемнен де хабар жоқ, мен сендерді, Бір рет қана көрсем деп армандаймын. Міне, көрдім бесінші күз реңін, Көктемімді күтумен үздігемін. Бүгін қатты шаршадым, ұйықтайыншы, Үмітімді Жаратқан, үзбе менің! ӨЗ ЖОЛЫМ БАР Қонақ болып өте шығар бес күнде, Жолым болса ұқсамайтын ешкімге. Деп ойлаймын, қайталасаң біреуді, Екінші боп ылғи өмір кештім де. Жыр ұғатын, жыр оқитын жан барда, Күн батқанмен ататұғын таң барда. Шаттық әнін шырқап тұрып мен әле, Жете берем биік шыңдар, заңғарға. Сүрінерім анық, тағы құларым, Және анық бір үмітпен тұрарым. Өз жолымнан сірә шыға қоймаспын, Бойда барда жыр дейтұғын тұмарым. Жолым қанша болғанымен шырғалаң, Жылай бермес, жаси бермес бұл балаң. Арман, мақсат, үміттерім тұрғанда, Әр күн сайын қуат алып, нұрланам! qazaquni.kz