Бақытбек Есентаевтың түрмедегі өмірі қалай өтуде?

Баянның бұрынғы күйеуі Бақытбек кеше 50-ге толды. Атышулы Есентаевтың түрмедегі өмірі қалай өтіп  жатқаны туралы kaz.365info.kz порталының тілшісі тарқатады:

Елу жасын абақтыда қарсы алған Бақытбек Есентаевтың денсаулығында кінәрат жоқ, шапқылап жүр. Тәртібі де түзу.

Ол Алматының іргесіндегі Заречный поселкісінде орналасқан ЛА-115-8 қатаң тәртіптегі ерлер колониясында жатыр.

Мұнда Бахадан басқа кімдер бар? Қылмыскерлер, есірткі саудалағандар және басқа да ауыр қылмыс жасағандар топтасқан.

Мұндағы «түремшіктердің» саны мыңнан асып жығылады. Бақытбек те бар араларында. Алдағы 9 жылын ол осы абақтыда өткізеді. Тоғыз жыл…

Есентаевтың әзіргі жағдайы қандай?

Мұны білмек болған біз Ішкі істер министрлігіне сауал жолдағанбыз. Жауап келді.

«Сотталған Бақытбек Есентаевтың тарапынан абақтыдағы ұстау тәртібі мен ахуалға байланысты қандай да бір арыз-шағым түскен жоқ. Медициналық көмекке де жүгінбеді осы күнге дейін. Жазасын өтеу барысында бүлік шығарған, тәртіп бұзған кездері де тіркелген жоқ»,

делінген хатта.

Дегенмен біздің білгіміз келгені басқа еді. Абақтыдағы тағдырластарымен арадағы ара-қатынасы қандай? Қандай да бір қабақ шытысулар мен кикілжіңдер болмады ма? Министрлік бұл сұрағымызды жауапсыз қалдырыпты.

Бақытбектің қал-жағдайын сұрап, абақтыға келіп тұратын туған-туысқандарын білуге бола ма? Мұны да айтпапты. Мұнысы түсінікті де. Баян мен Бақытбектің арасындағы жанжалға қатысты артық ауыз сөз онсызда көп. «Отқа май тамызбайық» дегендері шығар деп түсіндік.

Бас тартты

Тағы бір талабымыз Баянның бұрынғы байымен жүзбе-жүз жолығу еді. Өтіншімізді абақты қызметкерлері Есентаевқа жеткізген. Бақытбек ақпарат құралдарымен әңгімелесуге үзілді-кесілді бас тартқан екен. Солай.

Басқа түссе баспақшыл дейді. Белгілісі, қорқып отырған жоқ. Оның да өз ақиқаты бар.

Есентаевтың шындығы Баянның айтқанынан да асып түсуі мүмкін анығында. Журналистермен жолығудан бас тартуының астарында не жатыр, дегенмен? Кезі келгенде айтатын болар. Күтелік. Уақыттың бәрін өз орнына қоятын әдеті бар емес пе?..

Есентаевтың трагедиясы қалай басталғанын және қалай аяқталғанын бәріміз білеміз. Бір жарым жылға созылған. Баянды көк ала қойдай етіп сабаған Бақытбектің қылығын алғашқыда айыптаған ел кейін оған жақтасып шықты. Әйелі шөп салыпты көзіне. Бөтен еркектің қойнында жатыпты. Қылмыс үстінде болмаса да соған жақын жағдайда ұсталды Баян.

Бірақ, соттың аты сот. Заңның аты заң. Есентаев бір емес, бірнеше бап бойынша айыпты саналды. Алғаш 12 жылға айдалып кете жаздаған. Кейін екі бап бойынша кінәсіз деп танылып (қателеспесек, сексуалды зорлық-зомбылық және зорлау фактісі) жазасы 9 жылға дейін жеңілдеді,

Баян халықтың ашуына (қарғысына дегеніміз ауырлау болар) қалды. Әділдік іздеген ел тіпті Бақытбек Есентаевтың абақтыдан босату туралы қол жинай бастаған. Бұған Баян пен Бақытбектің қызы – Айсәуле Бақытбек мұрындық болған-тұғын. Петицияның аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. Немен тынғанын білмейміз. Есентаевтың қорғаушысы Жоғары сотқа шешімді қайда қарау туралы арыз жазған. Одан да нәтиже жоқ

Баханы босатпайды. Ол түрмеде отыр. Алда тоғыз жыл бар…