КӘСІПКЕРЛЕР КООПЕРАТИВ АШУҒА НИЕТТІ

Оңтүстік Қазақстан облысында кооперативтер құру бағдарламасы бойынша «ОҢТҮСТІК» Аймақтық инвестициялық орталығы бір айға жуық уақыт аралығында көшпелі семинарлар ұйымдастырды. Жиналыс барысында облыс­тың барлық аудандары мен қалалары қамтылып, коопе­ративтерді құру, қаржыландыру және субсидиялау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шараға ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасының, «Ырыс» МҚҰ, АШҚҚҚ сияқты қаржы институттарының және жергілікті КҚҚО-ның өкілдері де қатысты. Мақсат – кәсіпкерлерді кооператив құру жолдарымен таныстыра отырып, оларға бөлінетін субсидия және жеңілдетілген несиелер туралы мәлімет беру. Сонымен қатар, кооператив құруға ниеттілерге қолдау көрсете отырып, үлгі ретінде әр ауылда бір ұшқыр (пилоттық) жобаны жүзеге асыру. Аудан әкімдігі, жергілікті кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары және қаржы институттарының өкілдері, кәсіпкерлер қатысқан жиын осы мәселеге байланысты көптеген сұрақатар қойылып үлкен қызығушылықпен өтті. Жалпы, құрылған жұмысшы топ арқылы 14 жиналыс өткізіліп, түсіндіру жұмыстары барысында 487 кәсіпкер қамтылды. Олардың ішінен 22 кәсіпкер кооператив құру үшін несие алуға ниет білдірді. Шара барысында «ОҢТҮС­ТІК» АИО өкілі А.Сауранбаев кооперативтерді несиелендіру және оларды құру жолдарының тиімділігі туралы арнайы дайындаған слайд бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жергілікті «Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығы» ЖШС, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның өкілдері селолық тұтынушылар кооперативі мен ауыл шаруашылығы кооперативінің айырмашылықтары туралы, оны құру және несиелендіру жұмыстарына халыққа қызмет көрсетуге дайын екендіктері жайында түсініктеме жасады. ОҚО әкімінің баспасөз қызметі qazaquni.kz