Дәлдік – дарындылықтың дәлелі

Мұзафар Әлімбаев, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы   – Халтура мен дарынсыздыққа қарсы күресудің ең әсерлі, ең пәрменді тәсілі, амалы – шығарманы үздік өнерлілікпен өзгеше үлгіде жазу ғой, – деп жүреді менің досым, қырғыздың философ ақыны Сооронбай Жусуев. Рас сөз! Қыранның шырқау биікте самға­ға­нын көріп, құзғын-қарға өзінен-өзі қаймығады, қыран тұрғанда әуеге көте­ріліп, аспанды көлегейлей алмайды да! Халтураға қарсы шыққысы келген қаламгердің жауапкершілігі де арта бермек, шеберлігі де шыңдала түспек. * * * Әдетте кітап үшінші беттен басталады, алайда жүзінші беттен де бастала қоймайтыны табылады. * * * Өлең – ақыл суаты мен сезім қуатының тоғысқан жері. * * * Өзім үшін үлгісі жаңа бір істі, мәселен, әдебиетте бір жанрды қолға аларда ішкі сеніміме сүйенемін. Осыны еңсеріп кетер ерік-жігерім бар-ау дейтін сенім болмаса, ештеңеге кіріспеймін. Мәселен, 1957 жылға дейін дастан жазайыншы деп кіріскен емен. Бірақ неге екенін білмеймін, қазақ тіліндегі не басқа тілдерде жазылған әр алуан поэмаларды оқығанда, солардың кейбір мөжен-томпайлауларына қарап: «Мынандайды жазғаннан жазбағаным артық қой» деуші едім ішімнен. Ал ортақолдарына қарап: «Бұндайына менің шамам жетер еді, бірақ әрі-сәрі дүние әдебиетке әр бере ме?» деп, нақ сүйерім – лирикаға құшағымды ашар едім... 1960 жылға жеткенше әңгіме жанрына аңсарым ауған жоқ. Неге? Әлгі айтқан ішкі сенімділікті тудырар әдеби әзірлік, өмір тәжірибем, шеберлік шыңдау жетіспегендей көрінді. Сондай ішкі қобалжулардан әлі күнге дейін драма жанрына барлау жасаған емен. «Әлін білмеген – әлек». Иә, білмей істеген істе береке бола бермейді. * * * Әдебиетте үйрену дегеніміз бұрынғыны көшіру емес, бүгінгіні өсіру. * * * Бір ақын «Абай – менің ең сүйікті ақыным», – деп айқайлап жүреді. Ал өз творчествосында Абай гүлінің иісі де жоқ. Міне, саған «шәкірттік». * * * Тәңірім тақылдаған сопыдан, тақуасынған тасырдан сақтасын! * * * Әкемнен тым құрыса түте-түтесі шыққан бір кітап та еншіме тимепті. Оның есесіне өзім кітап жазатын болғаныма да шүкіршілік. * * * Сексенге келген кейуана сүрініп кетіп, қайта оңалғанда: – Кәріліктің алды деген асы, – депті. Жарықтықтың асыл жандылығы-ай, өршілдігі-ай! * * * Мұхтар Әуезов Абайға арналған эпопеяға кіріспес бұрын 1937 жылы «Татьянаның қырдағы әні» деген өзекті тарауын жазғаны әмбеге аян. «Судың басы бұзылды» дегендей, өзгені білмеймін, өз басым әлгі тарау ақ қағазға түскен соң-ақ, автор романға алаңсыз кірісіп, өндіртіп жазып кеткен шығар деп жүргенмін. Творчествоның толғағы қатты болатынын Мұхаң тәжірибесі де дәлелдегендей. Сөйтсек, романның бірінші кітабы – М.Әуезовтің өз қолымен көрсетілуіне қарағанда, 1939-1941 жылдарда жазылған («М.О. Әуезов қолжазба мұрасы» – 1977. 10-бетті қараңыз). Сонда қағаздан бас алмай қадала кірісуіне дейін, яғни, «Татьянаның қырдағы әнінен» кейін «Қайтқанда» атты алғашқы тарауды бастағанша да автор екі жыл шамасы толғаныста болған. Оның есесіне, бірінші томды үш жылдай жазған. Иә, қиналмай жазып, кымбат туынды берген бірде-бір байыпты қаламгер жер бетінде бола қойды ма екен? * * * – Шәкірттерімнің бәрі мені ше­тінен ұмытып кетті, – деп шағым айтып, шыр-пыры шығатын оқытушы­ның арызы өзінің анық ұстаз, айтулы тәрбиеші болмағанын ғана растаса керек. Бұндай әдебиетте де бар. * * * 1970 жылы есімі ел жүрегінен мәңгі өшпес өнерпаз Естай Беркімбаевтың 100 жасқа толған тойына ақын Аманжол Шамкенов екеуміз Павлодар облысы Краснокут ауданына бардық. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сату Баймұхамбетов – менің бала күнгі іні-досым. Сатудың үйінен дәм таттық. Шешей әлі тың екен. Сол кісі бізге өткен-кеткеннен біраз әңгімелер айтты: – Баяғыда біздің ауылда бір жас жігіт – ақын өзінен бір жастай үлкен қызға ғашық болып, қасіретке ұшырады, – деп бастады шешей әңгімесін. – Өзінен үлкен қызға ғашық болғаны несі екен? – деп отырғандардың дегбірсіз біреуі сөз қосып еді. Үлкен кісі: – Е, қарағым, оның несіне таңда­на­сың? «Ақыл басқа қарамайды, ға­шықтық жасқа қарамайды» деген ғой. – Апа, мына сөзді өзіңіз айтып отырсыз ба? Кімнің нақылы? – дедім мен. – Е, айналайын, бұл ертеден бар ескі сөз. Менің бала кезімде естігенім, – деді апамыз. Міне, керемет сөз керек болса! А.Пушкиннің «Любви все возрасты покорны» деген аталы сөзін мен қазақшаға аудара алмай дал болып жүрсем... * * * Шығармаға ат қоюдың азабы да аз емес. Шығарманың өз тағдырындай аты да сәтті және сәтсізі болады, соның сәттісі саусақпен санарлықтай аз. Сәтті атты табу үшін сарылып, талай рет творчество тақсыретін шегуің керек. Машинкамен басылғанда бас-аяғы көлемі бес-ақ беттік очеркке Әуезов Мұхтар үш мәрте ат қойып, өзгертіпті. Әңгіме Қарағанды мен Балқаш жұмысшыларының жігерлі қимылы, жеңісті еңбегі жайында «Механиканы аттай айдап, мерзімді мінгіш етіп алған 20-шы сияқты шахталарда буын-буын машина, түйін-түйін тетіктер көп» деп басталған динамикалы жазба. Автор әуелі «Қарағанды мен Балқаш сөйлейді» деп атапты да, артынша өшіріпті. Одан кейін «Қайсар қайрат шахтада» деп ат қойыпты. О да ұнамаған соң, «Конвейерде күй басым» деп бір көріпті. Ақырында «басым» деген сөзді өшіріп, оның орнына одан гөрі салмақтылау, құлаққа жұмсақтау күйлірек «мығым» дегенді алады да, ең ақырында «Конвейерде күй мығымға» тоқтайды. Жалпы, Әуезов дыбыс үндестігіне (ассонансқа да, аллитерацияға да, ішкі ұйқасқа да) аса шебер, әрі құштар. Бұл әлбетте, қалайда осылай жасаймын деген зорлықтай емес, зергерліктен туған інжулер. Ғалым, ақын Әбділда Тәжібаевтың куәлігі бойынша, У.Шекспирдің «Укрощение строптивой» комедиясын аударған Әуезов Мұхтар пьеса атын қазақ сахнасында премьерасы қойылғаннан кейін ғана тауып, «Асауға-тұсау» деп атаған. Міне, мұнда «асау, тұсау» деген екі сөз ұйқас-үйлесімін ғана емес, мән-мағынаны тереңнен аңғартады. Толағай талантқа жанасып кеткен жеріңде бір тағылым аласың. *** «Өнер сыры – өрнекте». Ғабит Мүсірепов сөзі. Қандай дәл! * * * Сұлулар ел сүйсінген сайын сұлулана түседі. Еңбегі жанған ерлердің де, қаламгер­лердің де көңіл күйі соған бейім. *** Облыс орталығында бір үйде түстеніп отыр едік. Үстіме өзіммен тұстас, оқыған бір азамат келді. Сол: – Әдебиетте, өмірде арқа сүйер ағаңыз бар ма?! – деп сұрады. – Таудай ағаға иек артқанша, талабың мен талантыңа сүйен, – дедім мен. *** Москваны Гитлер шабуылдарынан қорғау туралы айта келіп, Мәриям апа (ақын Мәриям Хакімжанова) 1966 жылы 6-желтоқсанда: – Жау біздің ерлердің маңдайынан шерте алған жоқ; есігімізге келсе де, төрімізге жете алған жоқ, – дегені бар. Табылған сөз! *** –Адам жалғыздыққа о бастан-ақ, ананың құрсағында жатып-ақ бейім, –деді менің бір танысым. Ойлы жан оңаша қалса да жалғызсы­рамайды. Жайсаңдар басқалардың жалғызсыратуына жол да бермейді, – дедім мен. Сіз қалай дейсіз? * * * Ақын Қасым Аманжолов сияқты құдыреттілер: кәдімгі ас қасықты сипатта десең, қасиетті деп саналған хандардан да артық қып суреттей алар еді... * * * Қазақ халқының XV ғасырда өткен Қазтуған деген атақты жырауы Еділ өзенін мақтағанда: «Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, Балығы көлге жылқы жаптырмас», – дейді. Бұл әсірелеудің классикалық бір үлгісі болса керекті! * * * Қол суретші емес, көңіл – суретші. * * * Қойын дәптердің қашан да қаламгерге көмекші екеніне айғақ болар бір фактіні келтіргім кеп отыр. 1961 жылғы бір блокнот бетіне: «Бір қауын жеуге бола ма?» – деген бір сөйлем жазыппын. Қайдағы қауын? Әрі ойлап, бері ойлап есіме түсірдім. Астанадағы бір мектепке барып қайтқан соң жазған екем ғой. Енді есіме түсті. Алматы қаласындағы № 2 қазақ мектеп-интернатының жиырма шақты түлегі мектептегі тәжірибе учаскесіне қауын жинауға барады. Күні бойы жұмыс істеп, бірнеше машина тиейді. Соңғы машинаны шаһарға аттандырып, шаршаған шәкірттер демалуға ағаш көлеңкесіне отырады. Топ бала ішінен біреуін өкіл етіп, өздерін басқарып барған мұғалимаға жіберіпті. Әлгі оқушы келіп: «Апай, бізге бір қауын жеуге рұқсат па?» – деп сұрапты... Неткен әдепті, көргенді балалар! Күні бойы күнге күйіп шөліркеп жүрсе де, ұстамдылық танытып, өз бетімен бірде-бір қауынды жарып жемеген. Өз өңешін ғана ойлайтын жеке мен­шік­тік психологиядан бұлар түгел ада ғой, шіркін! Жаңа заман – жаңа бала! * * * Өмірінде ұстазын ізетпен сыйлай отырып, өнерде озып кету талант тарлан­дарының ежелгі тамаша салты. * * * «Жөн білетін кісі төл үстінде пышақ қайрамайды» (Бір әженің аузынан). Кітабыңның мұқабасы тозса да, сөзіңнің жұқанасы тозбасын. Жүректер арасында көпір тартылмаса, жұрттар бәрібір жұғыса алмайды. * * * Ақынның бір сөзі халықтың ортасында жүрсе, бір сөзі қалтасында жүреді. * * * Елдің тарихы мен тағдыры, ертеңі хақында сөз болғанда ешбір енжарлыққа жол жоқ. * * * Гүлден қамшы өрсе – өрескел, таспадан гүл өрсе – өнер. * * * Әр ауылдың әні бар ауылдың әніне айналғанда ғана айтулы өнердің анық төлі деп бағаланбақ. * * * Бір жігіт ауырып, төсек тартып қалыпты. Жұрт көңілін сұрап келгенде теріс қарап, жатып алыпты. Келушілерге: – Шүкір, тәуір, әйтеуір, – деп әйелі жауап беріпті. Ауруы жанына батқан, әрі әйелінің «шүкіріне» шыдай алмаған күйеуі: – Атаңа нәлет, тәуір болсам, тұрып кетпес пе едім?! – деп кейіген екен дейді бірде. Беу, шіркін, деймін-ау өзін өтірік мақтаған сыншыларға: – Уа, ағайын, сенің қолпашта­ғаныңнан мен көп төмен жатырмын, мынауыңды қойсаңшы, – деген бірде-бір ақынды не жазушыны көрмей-ақ бұ дүниеден өтер ме екенбіз, ә?! * * * Еркеліктің ең үлкені елге – еркелеуің. * * * Лирикалық күнделік. Аманжолов Қасым творчествосы осындай сипатта. Бүгін өзіне не әсер етті, ол соны жазған. Автордың өлеңіне қарап, әр күнде не істегенін, кіммен жолыққанын анық тануға болғандай. * * * Сөзіңді халыққа зорлап өткізе алмайсың, тілге зорлап кіргізе алмайсың. Әділ қазы – халық қолайына жаққан сөзді ғана кәдесіне жаратады. * * * Даңқтың сыны – қауіпті сын. Даңқ зіліне шыдай алмай, талайлар омыртқасын үзген, үзіп те жүр... * * * Дәстүрін сақтамаған халық ерлігімен мақтана да алмайды. * * * Асыл поэзия табанымен жер тіреген­дей, төбесімен көк тірегендей берік те, биік болса ғой, шіркін! Оның табан тірері – туған топырақ. * * * Абай ағам қызық өзі: қазақ тілінін, қашанғы қалыбын ғажаби «бұзып» қолданады-ау, бірақ бұған қарсылық білдіріп кім долданады?! Ол «тірілтті» демей, «өмірімді тіргізген» дейді. Ал Абай ағамның құлағын кесіп көр! * * * Әбікен Хасенов – біздің тұсымыздағы ұлы күйшілердің бірі – ауырып жатып қалғанда үйіне магнитофон апарып, әл-қуаты бар шағында тартатын барлық күйлері мен төл туындыларын қазақ радиосының музыка хабарлары бөлімінің бас редакторы композитор Өмірбек Байділдаев пленкаға түгелдей түсіріп алыпты. Бұл, міне, азаматтық! Бұл, міне, өнерпаз қадырын ұғынғандық. Болашақ ұрпақтар қамын ойлағандық! * * * Көктейтесті құштарын бейнелеген саясатты, көсегесін көгерткен саясатты бұқара да жаны қалмай қолдайды. * * * Есімі елінің атымен егіз-қатар аталатын ерден бақытты кім бар екен?! * * * Ауыз әдебиеті – ақ маңдайына әжім түспейтін, мәңгілік қартаймайтын атамыз бен әжеміз. Атасы мен әжесінен, әкесі мен шешесінен тәлім алу, талмай үйрену беймазалық. Соны тілейік! * * * Біреулер тонналап елге алтын береді. Ол жайында өзі де үндемейді, өзгелер де ләм демейді. Біреулер өліп-өшіп тиын-сиын тереді, елге бергені теңгеге жетпес темір бақырға тең келеді. Сол жайында өле-өлгенше бақырып өтеді! О, тоба! * * * – Қандай тақырыптар қаламымнан қағыс-қажағу қалып жүр? Неге? Мұндай тақырыпты таба қалсам, көңіл түкпірінде ол жөнінде ойлап-түйген нем бар? Осындай мазасыз сұрақтар жазушыны һәманда қаумалайды. * * * Тыныштық – дүйім жұртқа түгел ұнайтын сөз, қажетті көңіл күй, қалаулы тіршілік жағдайы... Ал «тыныштық» сөзі де, тыныш­тықтың өзі де жазушыға қажетсіз нәрсе. Қаламгерлерге қашанда қалау­лысы – творчес­тволық беймазалық. Соны тілейік! * * * Бұл маған дейін жазылып қойған деп қорғаншақтау – таланттың тәжірибе­сіз­дігінен туатын нәрсе не өз күш-құдыретін бағалай алмаудан туатын нәрсе. Сырбай Мәуленовтің сонау 1950-жылдарда әзіл ғып айтып жүретін бір сөзі бар еді. (Ал әр әзілде ақиқаттың ұшығы бар емес пе?) Сырағаң: – Мен өлең жазып отырғанда өзімнен асқан ақын болған емес, болған да жоқ, болмайды да деген сенімдемін, – дей беретін. Осы сезім бәрімізге керек. * * * Ел құлағына ілігетін екі жұмбақты мінсіз жазған жас талапкерді де мен шынайы ақындар сапына іркілмей-ақ қосар едім. Жалпы, поэзия жанры ішінде жұмбақ пен жаңылтпаштан, нақыл сөзден, мақал-мәтелден қиын, әрі көркемдігі әсем түр болмаса керек. «Әйел қырыққа жеткенше, өңін бермесе – қасиет, еркек қырыққа жеткенше, есі кірмесе – қасірет». (Ғабит Мүсірепов). Ал осының ой-пікірін, мазмұнын, идеясын сақтай отырып, қалыбын бұзып көріңізші. Немесе қалыбын бұзбай, өзге сөздермен суреттеп беріңізші. Ол сіздің қолыңыздан келмейді. Ендеше бұл өлмейтін, өнерлі сөз. «Өмірі шықпай үйден бір, өз үйін өзі сүйреп жүр». Бұл – жұмбақ. Шешуі – тасбақа! Әрине, тасбақа жөнінде бұдан басқаша да жұмбақ жазуға болады. Менің айтайын дегенім: әлгі жұмбақ авторы Мүбәрак Жаманбалинов тапқан суреттеме құралдар шеңберіндегі шеберлік. Тегінде, балалар ақыны болғысы келетін жас талапкерлер қаламын ұштау үшін, өнерін ұстарту үшін жұмбақ пен жаңылтпаштарды да жас кезінде біраз жазып көруі қажет сияқты. * * * 1962 жылы жаз ортасында мен бала-шағамды ертіп, Баянауылда тұратын мектеби досымның үйіне бардым. Бір күні бәріміз таңертеңгі шайымызды ішіп жатыр едік, үстімізге кәрия келді. Жұдырықтай қара кемпір менің досымның әке-шешесін әзіл-қалжыңмен қағыта кірді: – Жапырайып әлі отырсыңдар ма?! Мына жалғыздың алдында ал деп жалбарыну сендерге бұйырмаған дәм ғой, ә!.. Жетпіске шылбыр тастаған екі қарт күлісіп жатыр. Дастархан үстеліп, самауыр қайта қойылуға бет алған бір сәтте досым Әйтіш тұрып: – Апа, балаңызды аяқтандырыпсыз, қолына қондырған құсы құтты болғай, – деді жаңағы кісіге. – Е, бір балшық бір балшыққа кеп былш етті гой, қарағым... – деді кемпір. Бұндайда қалай күлмес жұрт, – күлісіп алдық. Сөйтсек, ынжық ұл ыбылжыған қызға үйленіпті. – Апай, қабағыңызда қара бұлт бар ғой, өзі... Қаншаға келдіңіз? – деп қалдым жасы үлкен кісіге. – Е, қарағым, көктен не түспейді, қара жер не көтермейді... Талай тақсіреттің «дәмін» татқан қария, бойы шөксе де, ойы шөкпегенін осы төрт-бес сөзбен ғана жеткізіп берген еді-ау. Халқымыздың қырғи тілділігін дәлел­деуге әлгі кейуананың аузынан шыққан нақылдан артықты іздеп не керек?! Әттең!... – Әттең! – дейтінім сондай сөздерді теруге, әрі жұрт игілігіне беруге әлі салақпыз, әрі енжармыз-ау, кейде тіпті қырсызбыз. Халық ауыз әдебиетіндегі қазынаны қадір тұтуды балаға қаршадайынан үйрету керек, – міне, осы мақсатпен «Балдырған» журналы 1971 жылдан бері оқырмандарға тапсырыс беріп, ел аузындағы мақал-мәтелдерді, жұмбақ-жаңылтпаштарды жинатуда. Олардың редакцияға жібергендері ішінде әлі қағаз бетіне түспегендері де аз емес, бұрыннан белгілілері де бар. Тәуірлерін сұрыптап алып, журналға әлсін-әлсін жариялап та жүрміз. Әрине, баланың аты бала, төменгі класс оқушы­ларының өресі белгілі ғой, – дегенмен, кішкентай кезінен құнды сөзді құлағына құя беруден, солар зиян шекпейді. * * * Творчестволық жолының ұзына бойында кілең гүлге көмілген жазушы табыла қояр ма екен? Классиктердің өзінің де стол тартпасынан шықпай, тұншыққан туындылары болған-ақ шығар. Баспалардың тақырыптық жоспарларында белгіленіп, атымен жарық көрмей қалатын шығармалар да кезігеді. Дәме мен дәрменнің арасы жер мен көктей болған соң, амалың бар ма? Уәде ниет қалпында қалады. Бәрібір жазушы ізденіс үстінде болды, сәтсіздікке ұшыраған шығарма келесі сәттілікке баспалдақ боп елеусіз қызмет атқарып барып өледі. Әлбетте, оқырмандар үшін бұл процесс – кілті жоқ құпия. * * * Ұсақ өлеңдерімен емес, ұзақ дастандарымен әлеуметке танылатын ақындар болады. Соғысқа дейін Қалижан, меніңше, осылай танылды. Оның «Ақсақ құланы» мен «Орман қызы» оны аты белгілілер тобына бірден қосты дер едім. * * * Қасиетті қарапайымдылыққа бөлеген шығарма сөздері жалтылдақ та емес, жарқылдақ та емес – өз орнында, адамның көзі, мұрны, иегі, қолы сияқты – бәрі де өз орнында. Тайыз пікірді, татымсыз сезімді жалтылдақ сөздермен бүркегісі келетіндердің жамағатқа жақпайтыны осыдан. Себебі: бұның шын аты – жалған сұлулық, әшейін әшекейшілдік. * * * Жалаң, бірыңғай жазушылықпен шұғылданатындарға өз басым атымен қызықпаймын. Журналист әрі жазушы тобында болғандардың артықшылығын ашып айтқан абзал. Өз басым Юрий Смоличтың Константин Паустовский турасында айтқанына ден қоям. «Өткен күн мен бүгінгі күн фактыларын журналистің қырағы көзі шалса, оларды шебердің – суреткердің қолы оқушы үшін қайта жаңғыртып берді», – дейді украин жазушысы. Газет пен журналда қызмет істейтін жазушы басқару пунктінде отырған диспечердей барша өмір құбылысынан хабардар. * * * Өмірге ілесуші емес, ілгері жетелеуші болғанда ғана өкінбейсің. * * * Аз жазғанның бәрі шетінен саз жазбайды. Көп жазылғанның көпшілігі көбік болады деу де ағаттық шығар. * * * Жаман өлең жазғанша, жақсы ақынның жырын оқы! * * * Дәлдік – дарындылықтың дәлелі. * * * Анау алпысыншы жылдары ауру­шаң боп жүргенімде бір дәрігер маған: – Мамандығыңызды, қызметіңізді өзгерткіңіз келсе, біз куәлік берейік, жеңілдеу бір жұмыс тауып аларсыз, – дегені ғой. Сонда мен: – Қазіргі жұмысымнан қалған күні мен үшін тіршіліктің мәні арзандар еді, – дедім. Дәрігердің көзі бақшиып кетті. – Өйткені мен – ақынмын. Ақынды өлеңнен, өмірден ажал ғана айыра алады, –дедім қосымша. Әркім елге ең көп пайда келтіретін орында еңбектенуі керек. Меніңше, менің сондай бірден-бір орным – поэзия, көркем әдебиет. Қолыма қалам алғаныма қаншама жылдар болды, қаламдастарыммен қатар тер төгіп келем, азды-көпті еңбек етіп келем. Бүгінге дейінгімнің бәрі елдің көз алдында. Әділ төрелігін айтатын да – өз халқым. qazaquni.kz