Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы не үшін және кімдер үшін өткізіледі?

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевқа ашых хат

Похожее изображение

Әр бес жыл сайын өтетін, Ұлтымыздың басты жиыны болып саналатын Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайын сыртта жүрген әр қазақ асыға күтетіні анық. Әр бес жыл сайын осы Құрылтайдан үлкен үміт күтіп, осы жолы алға басамыз, осы жолы бір саты жоғарылаймыз деп сыртта жүрген қазақтар өз делегаттарын сайлап, ойда жүрген армандарын жүк арқалатып жібергісі келеді.Бірақ сол жүк арқалайтын делегатты кім сайлайды, қалай сайлайды, кім бекітеді әлі күнге белгісіз?

Міне, биыл елордамыз – Астана қаласында Әлем қазақтарының бесінші құрылтайы өткелі отыр.Алғашқы Құрылтайларда тәжірибесіздіктен жіберілген олқылықтар болса кешірімді. Бірақ мына, V Құрылтай өзгеше болуы керек деп, ойлаймыз. Құрылтайдың қарайтын тақырыбы, «Қазақстанның рухани жаңғыруы және шетелдегі қазақтар». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерген мәселелері елдегі қазақтарға ғана емес, шетелдегі ағайындарға да қатысты екені сөзсіз. Солай бола тұра, сырттағы қазақтардың өкілдерінің тағдыры сырттай шешілетіні біздерді қынжылтып отыр. Біріншіден әлі күнге Ресей мемлекетінде тұратын қазақтардан сайланған делегаттар анықталып хабарланған жоқ. Екіншіден жергілікті ұйымдар сайлап ұсынған делегаттар орнына қоғамдық жұмысқа қатысып, өз ортасында қайнап жүрген адамдар емес, басқа адамдардың делегат болып келетіні қынжылтады. Үшіншіден, неліктен жергілікті ұйымдардың қабылдаған шешімін, олардың жұмыстарын көрмеген, көргісі келмеген, олардың ісінен хабары жоқ адамдар шешеді?

Көз көрмеген іс күмәнді, сөзіміз дәлелді болу үшін, өзімізге қатысты іс-шаралардан мысал келтірейік. Мәскеу қаласында, төрт қоғамдық ұйым жұмыс жасайды. Соның бірі мен басқарып отырған «Астана» халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдау қоры. Бұл қор Ресей мемлекетінің заңына байланысты қоғамдық ұйым барлық құжаттары заңдастырылған. Осы ұйымның барлық құжаттарын, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына бір емес, бірнеше рет жібердік. Бірақ әлі күнге олар бізді қоғамдық ұйым ретінде тіркеп, не қабылдаған жоқ. Неліктен, түсінбей келеміз? «Астана» қоры, Елбасының жарлығымен 2004 жылдан бері Қазақстанның әр қаласында, «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өткізіліп келе жатқан Халықаралық олимпиадаға Мәскеудегі қазақ балаларын өз қаражатымен оқытып, қатыстырып келеді. 2006 жылдан Ресейдегі №1 гольф-клубта орналасқан, Елбасы Н.Назарбаев сыйлаған қазақтың ақ отауын қамқорлыққа алып, «Наурыз» мерекесін осы киіз үйде өткізіп келді. Өкіншке орай, 2010 жылы бұл киіз үйді жинап тастады. Бұл жерге Ресей мемлекетімен байланыстағы барлық мемлекеттің ,Мәскеуде орналасқан Елшілік өкілдері келіп, қазақтың киіз үйінде қонақта болып таңдайларын қағатын.Бірақ осы киіз үйді сақтап қалуға, Қазақстан Мәдениет министрлігі де, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы да қол ұшын бермеді. «Астана» қоры сонымен қатар, Мәскеудегі қазақ қарияларын Түркістан, Тараз, Ақтау қалаларына апарып тарихи жерлермен таныстырды.Мәскеудегі қазақ балаларына Көкшетаудағы «Балдәурен» демалыс орынында, Түркістан, Ақтөбе, Ақтау қалаларында бірнеше рет, тегін демалыстар ұйымдастырды.Осындай жұмыстар жүргізіп отырған Ресейдің барлық аймағындағы кейбір ұйымдарды да, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ескермейді.Бұл ұйымдардың бәрі тегін жұмыс жасап, қазақтың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін ұлықтап жүргендер. Егер Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы осындай жұмыстарды қолдамаса кімді, нені қолдамақшы? Мәскеуде, 2000 жылдан ашылған «Қазақ тілі» қоғамының бөлмесі болатын. Ол да жабылып қалды, екі жыл болды. Қазақстанның әр қаласында орыс тілін ұлықтайтын бір емес, бірнеше ұйым, мектептер бар. Оларға екі бөлме бергенде бізге бір бөлмені талап ету кімнің құзырында? Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы неге осындай істердің ұйтқысы болмайды? Әлде, бұл маңызды емес пе?

Біз қаражат емес, қолдау сұраймыз! Мәскеуде төрт ұйым бірдей орналаса алатын ғимаратты Қазақстан салып бермеседе, жалдауға құдіреті жетеді деп ойлаймын. Қазақстанның он төрт облысының он екісі бір айдан осы жалдау ақысын көтеруге қабілетті. Қалған екі облысы, бір жылғы «Наурыз» мерекесін Мәскеуде дүрілдетіп өткізе алады. Жылда «Наурыз» мерекесін өткізерде қайыршыдай қаңғып кетеміз. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мемлекет қалтасынан шеттегі қандастарға арналып,тілімізбен мәдениетіміз үшін бөлінетін қаражатты шет елдерде құрылтай өткізіп( оған сенаторлар мен әртістерді апармай), немесе сабылып шет елді араламай осындай игі істерге (мектеп, тіл оқыту бөлмесі, домбыра, ұлттық би дайындайтын бөлме, оқулықтар, т.б.) жұмсаса.

Сыртта тағдырдың тәлкегімен жүргендер бар, шет ел азаматтарына тұрмысқа шыққандар бар, солай бола тұра қазақтың тілі мен мәдениеті үшін аянбай, тегін қызмет етіп жүргендерді кемітіп, «шетке кеткендер», «шетелдікке тұрмысқа шыққандар» деп айту Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы басшысының айтатын сөзі ме?

Елге оралған, бауырларға, оралмандарға тиісті қолдау көрсетілмей келеді, сондықтан болар олар қайта көшуге мәжбүр болуда. Оларға: «Оралмандарды ұрғаным бар ма..?» деп айту Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы басшысына лайықты ма? Сөйлеу мәдениеті жоқ адам Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын қалай басқарады?

V Құрылтай өткізгелі отырмыз.

Тақырыбы: «Қазақстанның рухани жаңғыруы және шетелдегі қазақтар», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру».

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Шеттегі бауырларыңыз, Отанымызда өтіп жатқан барлық жаңалыққа құлақ түріп отырамыз!Жақсылыққа баладай қуанып, кемшілкке күйінеміз! V Құрылтайда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалаңызда көтерілген мәселелерге шетелдегі ағайындар да қатысқысы келеді. Бірге жаңғырайық!

Мәскеудегі «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдау қорының" президенті, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі

 Жарқын Утешова Қоңырбайқызы