«Болашақтағы» кикілжің неден басталды

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ бұрынғы қызметкері Ілияс Тілеубергеновтің айтуынша, "Болашақ" бағдарламасына талдау жүргізіліп, біраз мәселелер анықталды. Соның негізінде орталық жұмысына өзгеріс енгізу жөнінде шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Біз арнайы жобаның аясында "Болашақ" стипендиясынан айырылудың себептерін зерттеген болатынбыз. Себебі статистика бойынша осы уақытқа дейін стипендияға ие болған 12 мың адамның ішінде бір мыңдайы оқуды жарты жолда тастап кетті. Біз келгенде осы бір өзекті проблема дұрыс зерттелмеген еді. Содан орталық басшысы Жанболат Жарылқасынұлының тапсырмасы бойынша оны терең зерттей бастадық. Сөйтіп, стипендиядан айырылатын адамның портретін жасап шықтық. Әрбір адаммен кездесіп, нақты себептерді анықтадық. Осының негізінде орталықтың жұмысына өзгерістер енгізілді. Өйткені зерттеу кезінде "Болашақ" бағдарламасын ұйымдастыру жағынан да бірқатар кемшіліктер анықталды", - деді Тілеубергенов бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Жанболат Мелдешов сол зерттеуді негізге ала отырып, "Болашақ" бағдарламасын жаңғыртуды қолға алған.

"Бұл - аяқ астынан қолға алынған бастама емес, нақты зерттеудің нәтижесі. Енді, бас кезінде "Болашақ" бағдарламасының кейбір тетіктері орынды болған шығар. Алайда қазіргі кезде ол меxанизмдер ескірді. Соның бәрін өзгерту керек. Жаңа басшылықтың мақсаты да сол", - деп атап көрсетті Тілеубергенов.

Осы орайда жоба жетекшісі "Болашақ" орталығында тек стипендия түлектері ғана жұмыс істейді" деген таптаурын бір түсініктен арылуға үндеді. Себебі орталық қызметкерлері ішінде шетелде оқымаған адамдар да бар. Ал "Болашақ" бағдарламасын жаңғырту жұмыстары кезінде тіл мен біліктілікке тиісті талаптар қойыла бастады. Жаңа басшының үстінен шағым жазғандар сол талаптардың үдесінен шықпай қалуы әбден мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бір топ қызметкері орталық басшысы Жанболат Мелдешовтің тарапынан заңға қайшы әрекет жасалғаны және дөрекілік танытқаны үшін шағымданған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдарында сол жиналыстың видеосы да жарияланды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі орталық қызметкерлерінің шағымына байланысты кешенді қызметтік тексеріс өткізетіндігін мәлімдеді.

Тексеріс нәтижелері анықталғанша  "ХБО" Президенті Жанболат Мелдешов өзінің қызметтік міндеттерін орындаудан уақытша шеттетілді. Осыдан кейін Мелдешов орталықтың қызметкерлері тарапынан өз атына айтылған айыптауларға қатысты пікір білдірген болатын.