Қазақ қаламгерлерінің үздік шығармалары шет тілдеріне аударылады

Картинки по запросу кітаптар

Таяуда қазақстандық қаламгерлердің шет тілдеріне аударуға лайықты деген шығармаларына іріктеу басталады. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының кезекті кеңесінде ұйым төрағасы Нұрлан Оразалин мәлімдеді, - деп хабарлайды 24.kz.

Қазақстанның мұнайы мен мысы, алтыны мен астығы дүниежүзіне көптен бері мәлім. Енді рухани және мәдени жетістіктерімізді танытатын кез келді. Оған зиялы қауым, ғалымдар мен қоғамдық ұйымдар атсалысуы қажет. «Бұл ретте жазушылар мен өнер адамдарының орны ерекше», – дейді пленумға жиналғандар.

Дулат Исабеков, жазушы:   

- Бір Димаштың өзі халықты қалай танытты! Маған ұнағаны: «Сізге қандай шығарма ұнайды дегенде?», «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы» депті. Сол сөзге байланысты Бейжіңде алты қазақ тілін білетін редактор алып, қытайшаға аударып жатыр екен.

Шетелдік оқырманға ұялмай ұсынуға болатын туындыларды іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Әуелі әдебиет порталдарындағы оқырманның пікірі ескеріледі. Жазушылар одағындағы 20-ға жуық жанрлық кеңестің мүшесі де қарайды. Кеңестің сараптамасынан кейін жұмыс тобының талқылауына түседі.

Нұрлан Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы: 

- Осы айдың аяғында бағытымызды анықтап беретін Президент жанындағы Ұлттық кеңеске, соның талқылауына түседі. Басымдық ең таңдаулы шығармаларға беріледі. Сол санатта жолы ашылып, кеңістікке еркін шықсын деген бағытта жастарға да мүмкіндік беріп отырмыз. Президент рухани жаңғыруға арналған мақаласында мәдени мұрамызды төрткүл дүниеге таныстырудың жаңа тәсілдерін ойластыру керектігін айтты. «Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиялық тәсілдермен де шыққаны абзал», – деді.

Енді басты бағыты айқындалған істің жемісті нәтижесін күтеміз.