Дәурен Абаев қазақстандықтарды зейнетақы қорындағы жинақтары үшін алаңдамауға шақырды

ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев зейнетақы қорының 71,3 млрд теңге инвестициясын қайтармауы мүмкін деп хабарланған Әзербайжанның Халықаралық банкі ісіне қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды. «Мен зейнетақы қорындағы өздерінің жиналған ақшасын ойлап отырған адамдарды жақсы түсінемін. Қазіргі уақытта бұл факт жіті тексерілуде, барлық жайттар жария етіледі. Қазақстанда зейнетақы қорындағы жинаққа мемлекеттік кепілдік берілген, бұл инфляция жағдайына да қатысты. Сондықтан, алаңдайтын ештеңе жоқ», — деді министр "Хабар" арнасына берген сұхбатында. Еске сала кетейік, Әзірбайжан Халықаралық банкі сотқа өзін банкрот деп тану туралы арыз жолдаған. Қазақстанның БЖЗҚ аталмыш банкке 71,3 миллиард теңге инвестиция құйған болатын. Енді ол ақшаның қайту-қайтпауы белгісіз болып отыр.