Латын әліпбиі мемлекеттік тілдің тірегіне айналсын!

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізді қайта түлетудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынғаны белгілі. Енді міне, болашаққа жасалған ұлы бағдарлар қатарына еліміздің рухани жаңғыруы туралы Елбасымыз «Егемен Қазақстан» газеті арқылы жұртшылыққа жария етіп, белгілеген нақты жаңа жобалар қосылып отыр. Мен соның бірі: қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру туралы жобасына қатысты ой-пікірлеріммен бөліскім келеді. Сонымен, Қазақ әліппесі өзекті мәселе ретінде қазақ елінің күн тәртібіне нақты қойылды. Әділдік үшін айту керек, қоғамымыздың озық ойлы азаматтары бұл мәселені тәуелсіздік таңы атысымен-ақ айта бастаған. Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, қазақтың күрмеуі көп қордаланған күрделі мәселелерінің аттары аталып, түстері түстеліп жатқан тұста 1991 жылы осы мәселені ең алғаш Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін қалаған қоғам қайраткері, белгілі тілтанушы ғалым, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі Әбдуәли Қайдар көтерген болатын. Ал, 1993 жылы ол Түркия сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткен Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Түркіменстан ғалымдарының Анкарадағы конференциясына Қазақстанның делегациясын басқарып барып, барша түрік халықтарына ортақ 34 әріптен тұратын латын әліпбиінің жобасына Қазақстан тарапынан қол қойды. Осы алты елдің ішінде содан бері өзбек, әзірбайжан, түркімен (түріктер бұрыннан латын жазуын қолданатын) латын жазуына көшіп үлгерді. Ал Әбдуали Қайдар түркі халықтарына ортақ келісілген латын әліпбиінің жобасын қоса отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбавтың атына ашық хат жазып, оны «Ана тілі» газетінде сол 1993 жылдың аяғына қарай жариялатқан. Бұл мәселе ғылыми ортаның талқысына түскен. Талай пайдалы ұсыныс-пікірлер, нақты іс-шараларды қабылдаудың жолдары айтылған. Қазақ әліпбиіне қатысты Ә.Қайдар бастаған ғалымдардың үлгісі – Анкарадағы сол жиында қабылданған 34 таңбаның негізінде жасалған 27 әріптен тұрады. Ал жазушы, белгілі қоғам қайраткері Алдан Смайыл ҚР Мәжіліс депутаты болып жүргенде бұл мәселені көтерген. Ол 2007 жылы ел Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының Х11 сессиясында латын графикасына көшу мәселесін түбегейлі зерттеуді тапсырғанын, соған орай Білім және ғылым министрлігінде тіл ғалымдары, қоғамдық институт мамандарынан арнайы комиссия құрылғанын Мәжіліс мінберінен еске сала келіп, «Сол арқылы қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиін жасауды мүмкіндінше тездету керек», – деген сол жолы депутат, – «оған дейін еліміз 2025 жылы латын әліпбиіне толық көшкенде осыған дейін жазылған және жасалған әдеби-ғылыми және тағы басқа құндылық мұраларды кирилшеден жаңа әліпбиге түсіріп үлгеруге тиіс». А.Смайыл қоғамдағы басты алаңдаушылықтың бірінің тамырын дөп басып, Өзбекстан, Әзірбайжан іс-тәжірибелеріне назар аудара отырып, латынға көшудің қателіктерін азайтуға бағытталған осындай жол айтқан. Жалпы, әріден ойлайтын азаматтар нақты іске кірісіп те кеткен. Мәселен, «Қазақ ақпарат агенттігі» өз ақпараттарын шет елдерде тұратын қазақтарға Латын әліпбиінің Ә.Қайдар жобасының негізіндегі латын жазуымен мемлекеттік тілде таратуды іске асырып, ол жалғасын табуда. Ал, М.Әуезов атындағы атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан «Алаш айнасы» газетіне (21.02.2013 жыл) берген сұхбатында «...біз латын әрпіне көшкен кезде осы классикалық зерттеулерді дереу латын әрпімен басуға дайынбыз. Мұхтар Әуезовтің 50 томдығын да латын әліппесімен шығаруды ойластырып қойдық» деген еді. Латын әрпіне көшу ұлттық менталитетті өсіріп, халықты біріктіретін, жаңа ұрпақты тоталитарлық коммунистік жүйенің психологиясынан біржолата арылтуға жетелейтін фактор. Әліпбиге қатысты кез-келген түйіткілдің тамыры әрі де, тереңде жатыр. Кеңестік империя «үлкен ұлттың» (орыстың) өздеріне бағынышты «кіші ұлттарды» (қазақтар да бар) ассимиляциялау мақсатын асқан айлакерлікпен олардың тілдері арқылы іске асыруды көздеді. Ол үшін орыстар қазақтарға қазақ тілінің табиғи заңдылықтарын қасақана елемей, кирилл нұсқасындағы қазақ әліпбиін жасап берді. Қазақ тілінде ауызекі сөзде қолданылмайтын кірме әріптерді (в, я, х, ф, ч, щ. ю, ц, ъ, ь...) қаптатып кіргізіп жіберді. Оның ережелерін жасап, құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп, түркілік сипаты басым дыбыстардың (ә, ө, ү, ұ, қ, і, ң, ғ,) әліпби қатарынан орын алуын ойлаған да жоқ. Өйткені, олардың жоспары КСРО-да тұратын түркі халықтары мен ұлыстарының басын біріктірмеу еді. Оған қол жеткізді де, тілі, тарихы ортақ халықтар бірін-бірі түсінуден қалды. Аллаға шүкірлік айтайық, жекелеген қазақ ғалымдарының қайраткерлік күресінің арқасында біздің қазақтығымызды айқындайтын бұл дыбыстар бүгінгі күнге дейін жетті. Бірақ, отаршылдардың басқа ұлттардың (олар үшін «бұратана» халықтар) тілі мен тарихи тамырын жоюды көздеп, біртекті кеңес халқын құру мақсатындағы идеологиялық қысымы да өз дегенін жасады. «Орыстандыру саясатын» асқан жымысқылықпен, кей кезде шектен шыққан арсыздықпен ашық жүргізді. Коммунизм елесін қуалағандар ұлттық тілдегі мектептер мен балабақшаларды жаппай жабумен айналысты. Қазақтардың өз ана тіліне деген теріс көзқарас та қалыптасып жатты, соның кесірінен қазақ тарихына, салт-дәстүріне орыстың көзімен қарайтын «дәрежеге» жеттік. Тізгін ұстағандардан бастап, бесіктегі бала да өз уызынан тыжырына бастады. Қазақтар өз «сауатсыздығына» ұялатын болды. Арабшаны жетік білетін қазақтар сауаттылар қатарына қосылмай, орысша білетіндер ғана сауатты болып саналды. Нәтижесінде «бір» пайыз ғана сауатты қазақ бар, «99» пайыз сауатсыз қазақтар орысқа жету, коммунизмге жету үшін ұмтылып, «ұлы орыс халқының» және соның «ұлы тілінің», солардың «күн көсемдерінің» арқасында ғана ілім-білім алдық дегенге құлай сендік. Әрине, тәуелсіздіктің арқасында көзіміз ашылып келеді. Орыс тілінсіз де күніміз қараң еместігін, күні кеше қаршадай қазақ баласы Димашымыз әлемнің алты тілінде, орыс тілін қоспай, ән шырқап, мемлекетіміздің мерейін көтеріп, әлемдік деңгейдегі мегажұлдызға айналып, дәлелдеп берді. Димаш Құдайберген орындаған қазақтың екі әні Азиядағы ең үздік әндердің қатарына еніп, мемлекеттік тіліміздің абыройын асқақтатты. Біз орыс тілінен жеріп кетуге үндеп отырған жоқпыз. Бірақ, онсыз таңымыз атпай, күніміз шықпай қалатындай желімше жабысқан бейшара халден ұлы дала елдерінің ұландары ада болса дейміз. Қазір біз орыс тілінің қазақ қоғамына қалай және қандай мақсаттармен ендірілгені жөнінде бұрын жазылып жүрген толып жатқан деректер мен дәйектерді келтірмей-ақ қояйық. Одан көзіқарақты оқырманның хабардар екені анық. Бір анығы: отаршылдардың қазақтарды дыбыссыздандыру арқылы тілсіздендіру, тілсіздендіру арқылы ұлтсыздандыру саяса­тының зардабын әлі тартып келе жатқандығымыз. Латын әліпбиіне көшу қазақ санасын отарсыздандыру үшін де қажет. Бұл туралы «Ақ жол» демократиялық партиясының ұстанымы бері. «Ақ жол» партиясының саяси бағдарламасында «...қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыруға жәрдемдесу қажет» деген жолдар бар. «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің шешімімен 2015 жылдың 26-қыркүйегінде бекітілген «2015-2020 жылдарға арналған Алаш қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі бағдарламасында: «Отарсыздану саясатын тиімді жүргізу мақсатында қазіргі қолданыстағы альфавитті латын харпіне ауыстыру процесін бастап, осы әліппеге өткен басқа түркітілдес елдердің тәжірибелерін саралай отырып, оған өтудің кезең-кезеңге бөлінген жүйелі шараларын жасау қажет» деп тіпті айқын көрсетілген. Сондықтан да, Президент мақаласына жедел үн қосқан Партия төрағасы А.Перуашев, төрағаның орынбасары Қ.Иса республиканың БАҚ беттерінде бұл мәселеге өздерінің оң пікірлерін білдіріп те үлгерді. Латын әліпбиіне көшу, сөз жоқ, ұлт санасын жаңартудың алғышарттарының бірі. Алаштың көрнекті қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедұлының мына тарихи жазбасы тура бүгінгінің жастарына бағышталғандай әсерге қалдырады: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Ана тілін білмей тұрып, жат тілді еліктей беру зор қате. Бұл – оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпау керек». Жеті жұрттың тілін білген, бірақ, ең алдымен өзінің ана тілін сүйген, ана тілін қадірлеген ғұламаның латын тілі туралы келесі ойлары да бүгінде өз мәнін жоғалтқан жоқ: «Осы заманғы ғылым – Еуропа ғылымы, барлық Еуропа ғылымында қолданылатын тіл – латын тілі. Сондықтан, латын тілі жұртқа ортақ ғылым тілі болып саналады. Ғылым атауын латынша айтса, француз да, неміс те, жапон да, ағылшын да түсінеді. Латын тілі, латын сөзі бізге жат болса да, қашуға болмайды. Бұл заманда ғылым іздеп, қатарға кірем деген халық латын сөздерінен қаша алмайды». Қазақ әліпбиінің тарихының тым тереңнен тамыр тартатынын Елбасы өзінің мақаласында жеріне жеткізіп тұрып айтып, латыншаға көшудің терең логикасын негіздеп, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауға тапсырма беріп отыр. Ол бойынша «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап, жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс». Латынға ерте ме кеш пе бір көшетінімізге шүбә келтіріп отырғандардың саны оны қолдаушылардың санынан әлдеқайда аз. Кириллицамен де тәуелсіздіктің ширек ғасыры өткенде өз ана тілін меңгере алмағандарға алаңдаудың ешқандай реті жоқ. Елімізде осы мәселеге байланысты саяси шешім қабылданды деп санасақ, онда тілші-ғалымдар мұны тек әліпби ауыстыру деп қана қарамай, жалпы қазақ тілінің жазуына: әліпбиіне, таңбасына, емле-ережесіне қатысты мәселелерді тұтастай қарастырып, латынға қазақтың төл дыбыстарын тілдің ішкі заңдылықтарын сақтай отырып енгізетініне, серпінді терең реформа жасай алатынына өз басым күмән келтірмеймін. Олардың іштей дайындықтары күшті, тіпті сақадай сай отыр десе де болады. Егер, ғалымдар осы уақытқа дейін латын әліпбиіне көшуді тіл ғылымының зерттеу нысанына толықтай айналдырмаса, мәселенің астарындағы саяси-әлеуметтік мән барын пайымдағандықтан ғана уақыттың келуін күтті. Сол уақыт келді, оны Елбасының өзі белгіледі. Енді бұл мәселемен айналысуды, қоғамда болып жатқан талқылауды кешенді жүйеге түсіріп, бір орталықтан үйлестіріп отыру үшін мемлекеттік комиссия құрып, әрі тартта, бері тартты азайтып, іске кірісуге біздің ғалымдардың, зиялы қауымның білімі де, өресі де жетеді. Қазақтардың басын біріктірудің, бар қазақты бір қазаққа балаудың жолы да осы. Ендеше шетелдердегі отандастарымызбен қарым-қатынасты күшейте түсу үшін, Қазақ елінің ғана емес, дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашырап жүрген қазақ әлемінің рухани тұтастығын қамтамасыз ету үшін латын әліпбиіне көшу керек. Латын харпіне өту түркі әлемінің ішкі рухани, мәдени тұтастығын қамтамасыз ету үшін де қажет. Сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың заманауи ақпараттық тілі болып отырған латын әліпбиін мемлекеттің тілдің тірегі етуге ұмтылу керек, көп болып осыған жұмылу керек. Сәбит БАЙДАЛЫ, алаштанушы, «Ақ жол» ҚДП Орталық Кеңесінің хатшысы, «Құрмет» орденінің , «Ана тілі» айрықша белгісінің иегері qazaquni.kz