Алматы құрылыс басқармасындағылар "Алғабаста" қисайып қалған көпқабатты үй туралы айтып берді

© Tengrinews.kz

"Астана-Құрылыс" компаниясы Алматыдағы "Алғабас-6" ықшамауданындағы №156 үйді қалыпқа келтіру жұмыстарымен айналысып жатыр. Бұл туралы қала құрылысы басқармасындағылар айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мәліметінше, көпқабатты үй 10-12 сантиметрге қисайған.

"Бүгінде Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының кеңесі бойынша біз үйді нығайту жұмыстарының екінші кезеңіне өттік. Кейінірек тұрғын үйді түзеу жұмыстары және плитаны бекіту жұмыстары жүргізіледі. Осыдан кейін тұрғын үйді түзеудің үшінші кезеңі жүргізіліп, реті бойынша бұрғытолтырмалы қада құрылғысы бар плита темір бетон ростверкпен бекітіледі. Қада қағылмай, монолит бетоннан тұрғызылады", - делінген қала құрылысы басқармасындағылардың берген жауабында.

Сондай-ақ, барлық құрылыс жұмыстарының Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының қатаң бақылауында екені айтылады. Күнделікті бақылау жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, осыған дейін "Алғабас" тұрғындары тағы бір көпқабатты үйдің қисайғанын мәлімдеген еді. "Үйдің жағдайы отырғанда кәдімгідей біреу қозғап тұрған сияқты сықыр-сықыр етеді. Есіктер ән салады. Асханамның есігін сықырлай бергесін алып тастадым", - деген еді қисайып тұрған үйдің тұрғыны Жаныс Меңдібаев.

Ал былтыр маусым айында Алматыда жаңадан салынған үйдің тұрғындары түнде эвакуацияланған болатын. ТЖ Алатау ауданындағы Алғабас ықшамауданында (Момышұлы және Ақын Сара көшелерінің қиылысы) болды. Тұрғындардың айтуынша, толастап жауған жаңбырдан үйдің жертөлесіне су толып қалған еді. Ал кейінірек Алғабас ықшамауданындағы қисайған үйдің тұрғындарына жаңа көпқабатты үй салынатыны хабарланған болатын.