ЖЫЛЫЖАЙ – МОЛШЫЛЫҚ КӨЗІ

1652
0
Бөлісу:

Сәуір айының соңында Шымкент қаласындағы «КазАгро» ЖШС-нің жылыжайында «Кооперация – агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі» деген тақырып аясында семинар-кеңес өтті. Оған облыс әкімі Ж.Түймебаев, аудан басшылары, қаржы ұйымдарының өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.

Алғашқы болып сөз алған облыс басшысы ауыл шаруашылығының әр саласы бойынша алдағы уақытта осындай семинарлар ұйымдастырылатынын, соның алғашқысы жылыжай шаруашылығына арналғанын жеткізді.
– Семинар атаулының басты мақсаты біреу ғана, ол – тәжірибе, пікір алмасу. Бүгін жылыжайы бар кәсіпкерлер өз әріптестерімен тәжірибе алмаса алады, сонымен қатар осы кәсіппен айналысуға талаптанып жүрген шаруалармен ой-пікір бөлісіп, оларға өздерінің ақыл-кеңесін айта алады, – деді Жансейіт Түймебаев. – Еліміздің күнгейінде агроөнеркәсіп саласын дамыту – Елбасының біздің өлкенің азаматтарына берген айрықша тапсырмасы деуге болады. Өйткені, өңірдің климаты көкөніс, жеміс-жидек өсіруге өте қолайлы. Сонымен бірге, республика бойынша ең көп халық біздің облыста тұрады. Мен бұл сөзімді бір ғана статистикалық дерекпен растап кетейін: еліміздің батысындағы 5 облыстың тұрғындарының санын қосқанда біздің облыс тұрғындарының санынан 10 пайыз ғана асады. Сондықтан да, жанға ғана жайлы емес, егінге де, мал шаруашылығына да қолайлы өлкеміздің әлеуеті ауыл шаруашылығы дақылдарымен бүкіл Қазақстанды қамтамасыз етуге және көршілес Ресейге экспортқа шығаруға әбден жетеді. Агросектор кешенін дамыту басты міндетімізге айналуы тиіс. Себебі, сол арқылы елдің әл-ауқаты жақсарып, жұмыссыздық азаяды. Облыс республиканың орталық, батыс өңірлеріндей мұнай-газ, металл секілді жерасты қазба байлықтарына бай емес. Біздің басты кәсібіміз – ауылшаруашылығы. Осыған мамандануымыз қажет. Табысқа кенелудің бұдан басқа жолы жоқ. Сол үшін жерді баптап, күте білуіміз керек. Сонда ғана жер бізді асырайды. Жылыжай салушыларға әкімшілік әрқашан өз тарапынан қолдау көрсетуге дайын. Несие, субсидияға байланысты барлық мәселені жіті қадағалайтын боламыз. Облыста жылыжайға қажетті бүкіл құрал-жабдықтарды шығаратын екі зауыт бар. Олар «ГлобалДияс» пен «ZeroMaxKz» компаниялары. Кәсіпкерлер жылыжай салуда осы зауыттардың көмегіне сүйене алады.
Облыс әкімі жылыжай кешенінің 3 түрі болатынын атап өтті. Біріншісі – жеке қосалқы шаруашылық аясындағы 3-10 сотық шағын жылыжайлар немесе парниктер. Алдағы уақытта ауылды жерде кооперативтер құрылатын болса, оның мүшелері жеке сектордағы үйлердің жылыжайларында өсірілген өнімді өздері жинап алып, әрі қарай экспортқа шығару мәселесін де өздері ұйымдастыратын болады. Тұрғындардың міндеті біреу ғана – сапалы өнім өндіріп, кооперативке дер кезінде өткізіп тұруы тиіс.
Облыс әкімі Түркиядағы тәжірибені мысалға келтіріп өтті. Ол елде ауылдардағы қарапайым азаматтардың есігінің алдында өсірілген өнім бір орталыққа жиналып, сол арада компьютердің көмегімен сұрыпталады екен. Экспортқа жарайтын сорттары бөлек алынып, сырт елдерге жөнелтіледі. Әкім кооператив жұмысын осы бағытқа қарай дамытып, озық технологияға көшу қажеттігін ескертті.
Жылыжайдың екінші түрі – 50 сотықтан 3 гектарға дейінгі аумақты қамтиды. Бұған орта шаруашылықтағы жылыжайлар кіреді. Ең бастысы, олар заманауи технологиямен жарақтандырылуы тиіс. Өңір басшысы мұндай жылыжайларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келе жатқанын жеткізді. Мәселен, оның 1 гектарына 50 млн. теңге субсидия беріледі. Сонымен қатар, тыңайтқышқа, істелген жұмысқа және өткізген өнімге бөлек субсидия төленеді.
Соңғы түрі – 3-10 гектарды құрайтын өнеркәсіптік жылыжайлар. Міне, әкім облыста осындай жылыжайлар кешенін құруға байланысты жұмыстарды ұйымдастыруды аудан әкімдері мен ОҚО ауылшаруашылығы басқармасына жүктеді.
Мұнан соң мінберге көтерілген «КазАг­ро» ЖШС-нің бас директоры М.Гелашвили өзінің кәсібі туралы әңгімелеп, көпшілік алдында тәжірибесімен бөлісті.
– Біздің жылыжай 3 гектар аумақта орналасқан. Компанияның өзі 2012 жылы құрылды. Бастапқыда 900 тонна өнім алдық. Былтыр өнім көлемі 1400 тоннаға жетті. Негізінен, қияр мен қызанақтың голландық сорттарын өсіреміз. Себебі, олардың өнімділігі жоғары. Жылыжай кешені толық автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Климатты бақылау компьютердің көмегімен атқарылады. Жиналған өнімді Қазақстаннның қалаларына жөнелтеміз. Сондай-ақ Ресейдің Омск, Новосібір, Краснояр өңірлеріне 400 тоннадай өнім экспорттадық. Кәсіпорында 54 адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақылары 70 мың теңге. Алдағы уақытта қосымша 3 гектар аумаққа тағы да осы секілді жылыжай салуды көздеп отырмыз. Бүгінде оның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеудеміз. Жалпы, осы жылыжайды құруға 1 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бұл қомақты қаражаттың 80 пайызы «ҚазАгроҚаржы» ұйымынан алынған несие қаражаты, қалған 20 пайызы компанияның жеке капиталы. Маған бұл бизнес үлкен табыс әкеп жатқандықтан, мен кәсіпкерлерді осы кәсіппен айналысуға шақырамын. Бірақ, ол үшін айналаңдағы көмекшілерің білікті мамандар болуы қажет. Сондай-ақ жылыжай шаруашылығына немқұрайлы қарауға болмайды. Біз осы кешенді саларда Испания, Түркия елдерін аралап, тәжірибе жинақтадық. Қаншама уақытымыз іздену мен жоспарлауға кетті. Жоғары технология мен білікті мамандардың арқасында бізде өнімді жинау мен қайта егудің арасындағы үзіліс бар-жоғы 10-15 күн, – дедіол.
Жеке кәсіпкердің айтуынша, осы уақыт аралығында ол жылыжайдың әр гектарына 172 млн. теңге және тыңайтқыш пен өндірілген өнімге 35 млн. теңге субсидия алған. «КаАгро» ЖШС-нің жылдық табысы – 400 млн. теңге немесе 1,3 млн. АҚШ доллары. 1 шаршы метр жерден 35 келі қияр, 16 келі қызанақ алып отыр. Мұнда жылына 2 рет көкөніс егіледі. Өнімді жинау барысында келесі мезгілде өсірілетін дақылдың көшеттері алдын ала отырғызылып қояды. Осылайша мезгіл аралықта жүргізілетін дайындық жұмыстарына көп уақыт жұмсалмайды.
Сонымен бірге, кәсіпкер жылыжайға қажетті құрал-жабдықтар, тыңайтқыштар өзімізде өндірілсе деген өтінішін білдірді. Себебі, шетелден келетін тауарлар өте қымбат екен. 1 гектарға шамамен 30 млн. теңге қаржы шығындайтын көрінеді. Осыған байланысты облыс әкімі жұмыс істеп тұрған жылыжай шаруашылықтары иелерінің қауымдастығын құруды тапсырды. Сондай-ақ, тиісті сала басшыларына әр ауылдан шағын жылыжайлар салуды қолға алу қажеттігін тапсырды.

Алтынбек Сахабат

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

он үш − 3 =