Төлеби ауданының «Қазақстан» елді мекенінде орналасқан, мал шаруашылығы бизнесін 2012 жылы бастаған, бүгінде облыстағы осы сала бойынша іргелі компаниялардың бірі болып саналатын «АДС агро» ЖШС-інде 1500 ірі қара, 400 жылқы бордақылануда. Биыл бұқа санын 3 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Төлеби сүт» кооперативін құрып, шаруалардан жинаған сүтті ауылдағы «Фудмастер» компаниясына өткізгелі жатыр. Шаруашылықта етті-сүтті Симментал тұқымды ірі қара өсіріледі. Серіктестік құрылтайшысы Д.Ақтаевтың айтуынша, асыл тұқымды түліктің еркегі бордақыланып, етке сойылады да, ұрғашысы мал санын көбейтуге жұмсалады. Мұнымен қоса шаруашылық 50 гектар жерге еккен қарқынды бауды биыл тағы 40 гектарға ұлғайтуды көздесе, келешекте бау көлемін 300 гектарға жеткізбек ниетте. Аласа бойлы жеміс ағаштары 2 жылда өнім береді. Ал, 5 жылда нағыз кемеліне енеді. Осындай қарқынды баудың 1 гектарынан 50-70 тонна аралығында өнім алуға болады. Д.Ақтаевтың пікірінше, үлестік жері бар азаматтардың көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналыспайды. Егістікті ешкімге бергісі келмейді, өздері де ешнәрсе екпейді. Сондықтан «АДС агро» шаруалардың басын біріктіріп, бау шаруашылығы бойынша кооператив құрмақ. Компания аптасына 2 рет 10 тоннадан Алматы қаласына ет өткізеді. Айына 80 тонна ірі қара, 20-25 тонна жылқы, 20 тонна қой етін саудалайды. Ауылда мал ұстайтын азаматтар қойын осында әкеп сойып сатады. Егін шаруашылығы жөнінен кооператив құрып, 1300 гектарға арпа, жоңышқа, бидай егіп, 84 мүшесіне тиісті пайларын беріп отыр. Аграрлық жұмыстар 43 техниканың көмегімен атқарылады. Сонымен қатар, мал бордақылау бойынша да шаруаларды кооперативке біріктіру көзделуде. Егер 3-4 мың ірі қара бордақыланса, онда облыстан өзге жерлерге де жоғары бағамен сатуға мүмкіндік туады. Сондықтан шаруашылық ет өндірісін көбейту мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр. «АДС агро» жоғарыда айтқан Симментал тұқымды ірі қарадан 1000 құнажын сатып алыпты. Келесі жылы олар төлдесе, тұрғындардың малын қосқанда 1500 сиыр сауылатын болады. Осылайша сүт өндірісін дамытуды да жоспарлап отыр. – Біздің мал бордақылау кешеніміз ІІ дәрежелі болғандықтан, еттің әр келісіне 170 теңгеден субсидия аламыз. Бұрын әкімдік жұмысында қағазбастылық көп болушы еді. Қазір әкімдіктегілердің өздері хабарласып, субсидия алудың уақыты келгенін айтып, ескертіп отырады. Мемлекеттің осындай қамқорлығы үшін біз де өз тарапымыздан шаруашылықты өркендетуге барынша тырысып жатырмыз. Ең бастысы, халыққа пайдамызды тигізіп, елдің сауабын алу, – дейді Д.Ақтаев. Шаруашылық өз қаражаты есебінен 200 мың долларға Түркиядан көң шашатын, сойылған мал қалдықтарын тазалайтын, жеміс ағаштарын дәрілейтін және сол секілді техника түрлерін сатып әкеліпті. Десек те алдағы уақытта мемлекеттің көмегі арқылы өзге де техникалар сатып алмақ ойда. Мәселен, кооперативтерге техника алуға жұмсалған қаражаттың 30 пайызы қайтарылып беріледі немесе жылдық мөлшерлемесі арзан пайызбен несие алуға мүмкіншілік бар. – Негізінен алып қарағанда, ауыл шаруашылығы керемет рентабельді, яғни табысы мол салаға жатпайды. Яғни, барлық елде агросектор тек дотацияның көмегімен ғана өмір сүріп келе жатыр. Қазақстан 2020 жылға қарай Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшелігіне кіреді. Сол кезде ДСҰ-ның шарты бойынша тікелей субсидия беру тоқтатылады. Сол үшін қазір ауыл шаруашылығын дамытуға барынша қаражат жұмсап қалуымыз керек. Сонымен бірге, еттің өзіндік құнын мүмкіндігінше төмендету де маңызды. Өйткені, ертең Бразилия, Аргентинадан елімізге арзан ет келсе, өзіміздің өнімді өз нарығымызда сату қиындап қалуы мүмкін. Сондықтан, мемлекеттің шаруаларға көрсетіп жатқан бүгінгі қолдауына өте ризамын және осы жеңілдіктерді пайдалануда аянып қалмауымыз керек, – дейді ол. Алтынбек Сахабат qazaquni.kz