Астанада атақты венгр ғалымы Иштван Қоңырдың кітабы таныстырылды

Бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында венгр және қазақ мәдени қарым-қатынасының дамуына зор үлес қосқан түрколог-ғалым Иштван Қоңыр Мандокидың өмірден өткеніне 25 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті.

Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы кітапхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Дөңгелек үстел аясында венгр түркологы Давид Шомфай Қара мен венгриялық профессор Адам Мольнардың қатысуымен И. Мандокидың «Шығыстан қоныстанушылар» атты ғылыми жинағы мен деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Ғалымның таңдаулы мақалалары топтастырылған бұл еңбекті Түркі академиясының арнайы жобасы аясында венгриялық профессор Адам Молнар әзірлеп, танымал америкалық тарихшы-түрколог Питер Голден алғысөзін жазған.

- Біз бүгін ерекше жағдайда жиналып отырмыз. 25 жыл бұрын Мажар елімен, ұлы Қыпшақ даласының батыстағы өкілі, Балхан түбегіндегі елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық. Екі ел арасын жалғап, мәдени көпір салып мәдени байланыс нығая түскенде Иштван Қоңыр Мандоки бахилық болып кетті. Дегенімен, 2014 жылы Иштван Қоңыр Мандокидың кітапханасы ашылды. Ұлы дала мәдениеті үшін тер төккен ғалым. Бүгінгі кітаптың тұсаукесері біз үшін мақтаныш, - деді шараға қатысқан халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Тұсаукесерге қатысқан Давид Шомфай Қара түрколог-ғалым Иштван Қоңыр Мандокидың шәкірті. Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жатқа оқып, түркі халықтарының арасында кеңінен насихаттап жүрген ғалым.

Іс-шара аясында көпшілік назарына ұсынылған «Путешествие в сердце Азии» фильмінде Шомфай Кара отандасы Дьердь Алмашидің 1900 жылғы төрт айлық саяхатын қайталап, Ыстықкөл аймағынан Хан Тәңірге дейін шолып шыққаны бейнеленген.

Иштван Коңыр Мандоки – ХХ ғасырдың көрнекті ғалым-түркологы, қыпшақ, венгр тілдеріндегі көптеген танымдық еңбектердің авторы.