Өскеменде жылына 300 лифт шығаратын өндіріс орыны ашылмақ

Өскеменде жеделсаты өндірісі тәй-тәй басып келеді. Түркиялық кәсіпкер Сардар Жанытез иелігіндегі «Майралифт» компаниясы кемінде 50 адамды жұмыспен қамтитынын айтады.

Сардар да біздің елге тоқсаныншы жылдары отандастарымен бірге келген. Әуелі қазақ және ағылшын тілдерін университет қабырғасында меңгеріп, кейін біржола бизнеске бет бұрады. Ол алғашқы кәсібін нөлден бастағанын айтады. Дегенмен, қажет қаржыны Түркиядан әкелген. Өзінің айтуынша, оған алғашқы капиталды Кемал есімді атымтай отандасы берген екен.

- Аты затына сай, кемел адам еді. Қазақстаннан Түркияға қайта өткенімде үйге соқпастан, сол Кемал бейдің диірменіне ат басын бұрдым. Екеуіміз танысып, ұзақ әңгімелестік. Ол менің қабілетіме сенді. Бірақ қомақты ақша беру үшін әуелі әкемді шақыртты. Әкем менің үйге келмей қаңғып жүргеніме аң-таң болып еді сонда. «Ұлыңызға сенесіз бе?» деп сұрады Кемал. Әкем маған сенім артуға болатынын айтты. Алғашқы бизнес осылай басталған, - дейді С.Жанытез. Қолдағы ақшаға жергілікті азаматтармен бірге диірмен ашып, «Сей-Нар» атты ұн комбинатын құрды. Наубайхана, май зауыты, дәмханалар мен дүкендер желісіне иелік еткен кәсіпкер кейін келе «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген ұстанымға бой ұрып, жеке шығады. Сөйтеді де, көптен бері ойында жүрген лифт өндірісін қолға алады.

«Ноу-хауға несие бермейміз»

Біздің елде жеделсаты өндірісі тым кенже қалған. Бірен-саран алматылық компания лифт өндіруші болып саналғанымен, дайын бөлшектерді құраумен ғана шектеліп отыр. Бұл бір жағынан Сардардың жобасына басымдық берсе, бір жағынан үлкен тәуекел-тұғын. Өйткені, тыңнан түрен салу қашан да оңай болмаған. Соңғы үш жылдың ішінде кәсіпкердің бармаған банкі жоқ. Тіпті, кейбір банктерге қайтара жүгінген екен. Бәрінің айтатыны бір жауап – «ноу-хауға несие бермейміз».

- Іске кіріспес бұрын жергілікті нарықты барладық. Бізге бәсеке туғызатындай ешкім жоқ екеніне көз жеткіздік. Содан кейін тым болмағанда бір дана лифт жасап көрейік деген ой келді. Түркиядан үш инженер шақыртып, осындағы сенімді серіктерімнің басын қосып, команда жасақтадым. Түркиялық инженерлер дербес механизм ойластырып, оны өз технологиямыз ретінде Кедендік одақ аясында сертификаттадық. Мәскеулік «Серт и Ко» жауапкершілігі шектеулі қоғамының мамандары біздің лифті көргенде, оның Қазақстанда жасалғанына сенгілері келмеді. Кейін барлық құжаттар мен сызбаларды көтеріп, көздерін жеткіздік. «Біз Түркияда да, Грекияда да, Ресей аумағында да талай лифт өндірушілерді тексердік. Сіздердікі солардың бәрінен артық болмаса, ешбір кем емес» дегендері есімде, - дейді Сардар.

Бүгінге дейін «Майралифт» компаниясы «Қазақстанда жасалған» белгісімен бес лифт және мүгедектерге арналған демеуіш кранның бесеуін жасап шығарған. Жеделсатылардың екеуі облыс орталығында ашылған «Ақниет» мекемесіне қойылыпты. Өндірістік желісіз, арнайы қондырғысыз бір емес, бес лифт құрау оңай емес, әрине. Соған қарамастан, оның сапасында мін жоқ көрінеді. Ресейлік сертификаттаушылар бұл лифтерді 230 талап бойынша тексеріпті. Соның бәрінен селкеусіз өткен өнімге бүгінде Ресейдің Барнауылынан, Астана мен Алматы қалаларынан тапсырыстар түсуде. Тапсырыс бұдан артса, «Майралифт» компаниясына мүлде қиын болайын деп тұр. Өйткені, үлкен көлемдегі тапсырысты уақытында орындау үшін өндірістік желі қажет. Оны қою үшін қомақты қаражат керек. Әзірге Өскемендегі ешбір банк Сардардың жобасына несие бергісі келмей отыр.

- Бәрінің тәуекелге барғысы келмейді. Менің Аблакетка кентінде орналасқан өндірістік базам бар. Оның құны сұрап отырған несие құнынан артық. Осындай кепілзатым бола тұра, ешбір банк несие беретін емес. Қарап тұрсаңыз, өмірдің өзі тәуекел. Тіпті, жұтып отырған ауаның өзі ғайыптық дүние. Бүгін жұта аласың, ертең жұта алмай қалуың мүмкін. Бірақ оны банктер түсінсін бе? - деп күледі кәсіпкер.

Жаңа жеделсатыға қашан жаримыз?

Сардардың ендігі бар үміті - ресейлік «Сбербанкте». Аталмыш банк оның жобасын жан-жақты талдап, ақыры несие беруге болады, - деген шешім шығарыпты.

- Біздің жоба толық қуатымен жұмыс істеп кетуі үшін шамамен 500 мың АҚШ доллары қажет. Соның 400 мыңын банк берсе, қалғанына өз қаржымызды салар едік. Сонда қазіргі он адамның үстіне кемінде 40 адам аламыз. Алғашында соның 7-8 қызметкерін Түркиядан шақыртамыз. Олар жергілікті мамандарды үйретеді. Сөйтіп, 2-3 жылдан кейін барлық жұмыс жергілікті мамандардың қолына өтеді, - дейді С.Жанытез.

Зауытқа түркиялық өндіріс желісін қою жоспарланған. Ол құрылғы жылына 300 лифті қиналмай шығаратын көрінеді. Жолаушы лифтінен бөлек, жүк тасымалдайтын лифт, мүмкіндігі шектеулі жандарды демеуіш крандар да өндірілетін болады. «Кедергісіз келешек» бағдарламасының аясында қазірдің өзінде бірнеше мекеме тапсырыс беруге ниет танытыпты.

Есімжан Нақтыбайұлы,

Дереккөз: altaynews.kz