Ұстаз тағылымы

 

Шәкірт  бақыты: ұстаз тағылымын

 сезініп, үлкен өмір мектебінен өтуі

  Қамқоршым... Менің ұстаздарымның бірі – профессор Қадиша Рүстембекқызы. Бұл кісі – белгілі әдебиетші-ғалым ғана емес, Рымғалидай асылдың жары.Қазақтың атақты оқымыстысы Рымғали Нұрғалиұлын білмейтін қазақ баласы жоқ шығар?! Рымғали Нұрғали – көрнекті қазақ жазушысы, әдебиеттанушы-ғалым, сыншы. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымының докторы, профессор сияқты алты батпан атағы, бес батпан беделі бар қазақ зиялысы еді. Бұл Рымғали Нұрғали – алаштың Мағжанынан дәріс алған, Әлихан Бөкейханның ықыласына бөленген, Нәзір Төреқұлдың тәрбиесінде болған, Ғани Мұратбайдың шапағатын көрген, қазақ әдебиеттану ғылымының алыбы – Бейсембай Кенжебайұлының төл шәкірті еді. Студенттік жылдарында М.Әуезовтің тағылымын алған, Ә.Кекілбай, М.Мағауин, С.Оразалин, Қ.Сәрсекеев сынды алпауыттармен қатар оқығаны және бар. Бірақ, біз осындай жаны – жайсаң, жүрегі – ақ ұстаздардың алдын көрмедік. Есесіне олардың жазған классикалық еңбектерін жата-жастана оқып келеміз. Әлі де солай бола бермек. Себебі: олар – «өлмейтін сөз қалдырған» асылдар еді... Рымғали ұстаздың шекпенінен шыққан Айбек Қалиевтің алдында шәкірт болып, жүрегіме Алаш қайраткерлерінің қыран рухын сыйдырып, көңіл зердесіне Алаш идеясын тоқып, ұлт ұясы – Торғайдағы Ыбырай ордасынан түлеп ұшқан ек... АрқМПИ базасынан «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының қыр-сырын меңгерген соң, магистратуралық білімімізді «орыс әдебиеті» мамандығы негізінде жалғастырсақ деген ойменен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің доценті Гүлнәр Мамаева апайыма хабарласып, мән-жайды айттым. Жас баланың не айтқысы келгенін бірден ұғып, тілегімді құп көрген апайым: «Елдос, мен Қадиша апайыңа айтайын, ол кісі талапты жастарды әрқашан қолдап жүреді» деп үміт-отын тұтатты. Шіліңгір шілденің бір күнінде замандасым әрі бала күнгі танысым Талшын Қанатова хабарласып, Гүлнәр апаймен тез арада байланысқа шығуымды сұрады. Сосын, не керек, «ізгенің алдыңнан тілемей-ақ табылатын» күн туып, Алланың алқауымен, Тәңірінің таңдауымен мұратымызға жетіп, ұлттық университеттің магистранты атандық. Гүлнар апайдың қамқорлығын жалғыз мен ғана көрмедім. Ол кісінің шапағат сәулесі Жетібай Көбей мен Аманбекқызы Ринаның да маңдайына түскен екен. Алла сәтін салды деген осы. Шынында, өзіңіз айтыңызшы: осы кез келген бір адамның бір белеске шығып немесе бір өткелден өтуі үшін де басқа бір адамның септігі тиері анық қой. Сол сықылды білімге құштар, орыс мәдениеті мен әдебиетін сезінейік деген ниеттегі үшеуіміздің мұратымызды Алла Тағаланың өзі оңғарып, Гүлнар мен Қадиша апайлардың демеуіне жүктеген екен ау. Міне, сәйкестік! Міне, тағдыр жолы! «Алаш туы астында...» заманында қазақтың игі жақсылары бір-біріне жәрдем беріп, бағыт-бағдар көрсетіп, адамдық жолын нұсқапты. Қазір сол заманның кереметтігін жазылған дүниелер арқылы көріп, біліп отырмыз. Алаш оқығандарындай кейінгі толқынға үмітпен қарап, болашақтарына сенім артқан қазіргінің жақсылары: Гүлнар мен Қадиша апайымның жәрдем, шарапаты – жас қалам иесінің болашағына жол ашқандығымен қатар мәңгі-бақи естен кетпес сәті болмақ. Аманбекқызы Рина – бүгінгі қазақ әдебиетіндегі жас толқынның көш басында жүрген, есімі көпке белгілі ақын  Бауыржан Қарағызұлының зайыбы әрі ағылшын тілінің маманы. Рина – қазақтың аяулы қызы Фариза ақынның мектебінен өткен, қазақтың әдет-ғұрып, салт-санасын жетік меңгерген қазақтың қаракөз қызы, қазақтың ибалы келіні. Ал, Жетібайдың Көбейі –Арқалықтағы Ыбырай ордасынан тағылым алған, Айбектей асыл ұстаздың бауырында өскен әдебиетші, өзі әнші, ақын һәм әртіс. Қысқасы, сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі жігіт. Үшеуіміздің арман-тілегіміз орындалған соң, «орыс филологиясы» кафедрасының білікті мамандары құшақтарын айқара ашып, білім іздеп келгенімізді ескерді. Асылдың жары, аяулы ұстаз Қадиша Рүстембекқызы біздердің орыс әдебиетінің қайнар бұлағын сусындап, қанып ішуімізге бар мүмкіндікті ұйымдастырды. Біз білікті әдебиеттанушы-ғалым, профессор Қ.Оразаева, профессор С.Тахан, доцент Г.Шарипова, доцент Г.Шашкина, доцент А.Жаманкөзова сынды ғалымдардың дәрісін тыңдап, орыс әдебиетінің тарихымен кеңінен танысып, теориялық білімімізді, дүниетанымызды арттырып, әр халықтың әдеби мұрасына салыстырмалы-салғастырмалы әдеби әдіс арқылы қарауды үйрендік. Тіпті, Қадиша Рүстембекқызы біз үшін сонау Мәскеудегі ММПУ-нің профессоры, атақты әдебиеттанушы-ғалым Ю.Минераловтың зайыбы, өзі де аты шыққан ғалым И.Минералованы арнайы шақырып, екі апта шетелдік танымал оқытушының дәрісін тыңдатты. Ирина апайдың дәрісі арқылы қазіргі әдебиет теориясының өзекті мәселелері турасында тың мәліметтер алу бақыты бұйырды. Бұның негізгі дәнекері – асылдың жары Қадиша ұстазым еді. «Ұша білген қанатқа дүние кең» дегендей, кафедрамыздың оқытушылары орыс әдебиетімен қатар әлем әдебиетінің жауһарларымен де таныстырып, әдеби үйірмелерге тартып, театрлар мен түрлі әдеби кездесулерге, конференциялар мен симпозиумдарға тұрақты қатыстырды. Осының барлығы – камқорлық екен. Дұрысы – өздерінің оқытушылық миссияларына деген жауапкершіліктері екен. Асылдың көзі 2016 жылдың  қарашасы еді. Астанаға қыс түсіп, ақ түтек боран соғып, қорқыт-қобыз ұлыған шақ еді. Бас қалаға жазушы Смағұл Елубай ағамыз келді деген соң, асай-мүсейімізді алып, сұхбатқа бардық. Смағұл ағам 10 сериялы «Қазақ елі» фильмі турасында жап-жақсы әңгімелер айтып отырғанында, менен қайда оқитынымды сұрап қалды. Ағаға өзімнің Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің магистранты екенімді, профессор Қ.Рымғали басқаратын кафедрада оқитынымды айттым. Аға қуанышты кейіппен: «Қадиша – біздің жеңгейіміз ғой. Асылдың көзі! Рымғалидай ұлы ғалымның жан-жары еді. Заманында ағай, жеңгей бәріміз дастархандас едік. Жеңгейге сәлем айт, көңілімді жеткіз», - деді. Осы сәтте мен де ерекше тебіреніп қалдым. Қазақ әдебиеттану ғылымының корифейі Рымғалидай ұстаздың өзін көрмесек те, оның жан-жары Қадиша Рүстембекқызының шарапатына бөленіп, шәкірті болғанымызға шүкіршілік еттім.  Арада бірнеше күн өткен соң, Смағұл ағам шайтанқұлағыма қоңырау шалып: «Елдос, электронды почтаңа «Ақ боз үй» романымның орысша нұсқасын жолдап отырмын. Қадиша апайың алдында сұраған еді, оқу бағдарламасына кірбізбек ой бар сияқты. Осыны апайыңа берерсің», - деп аманат жүктеді. Үлкен жазушының сәлемін де, аманатын да жеткізіп, апайымды бір қуанттым. Сол сәтте Қадиша апай маған Рымғали ағайымыздың фәни ғұмырындағы қызықтарын, ұстаздық әрі ғалымдық қызметіндегі ерліктері жайында әдемі естелік айтып берген болатын. Бұл сәт – менің жүрегіме ерекше әсер қалдырған, ешқашан ұмытылмас тәтті естелікке айналды.  Бірлігі жарасқан орта Ғалым М.Ғабдуллин: «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деген екен. Расымен, нақыл сөзге айналған осы бір сөз – менің үнемі жадымда жүреді. Осы күнге дейін қаншама оқытушының алдынан өттік. Дәрісін тыңдадық, керегін алдық. Әр адам өзіне дәріс берген адамынан өзіне керегін алуы тиіс. Сол сықылды мен де өзіміздің кафедрадағы профессор Құралай Бейбітәліқызының бойындағы талапшылдық қасиетін, профессор Серік Шешенбайұлының көркем мінезін, доцент Гүлбану Айтқожақызының лекторлық шеберлігін, сөйлеу мәдениетін сезініп, кей-кейде соларға ұқсап баққандай боламын. Біз 9 магистрантпыз. Оның төртеуі – «филология: әдебиеттану» мамандығында, бесеуі – «орыс тілі мен әдебиеті: әдебиет» мамандығында оқиды. Арамыздағы Қуандықова Жанар, Жанбаева Жұлдыз өмірдің ащы-тұщысын көріп, мектепте біраз жылдан бері педагогтық қызмет еткен мамандар. Ал, Аманбек Рина, Қалауова Әсел, Мораш Кристина, Жантоғұлова Гаухар, Кудрявцева Татьяна, Жетібай Көбей бәріміз қатарласпыз. Бәрімізді бір үйдің балаларындай ұйымшыл, берекешіл болуға баулыған да, таныстырып, табыстырған да осы – кафедрамыздың аяулы оқытушылары еді. Бірінші курстың басында  «Өтемістен туған он едік» дегендей, доцент Г.Шашкинаның он магистранты едік. Кейін арамыздағы Сәбинамыз тұрмыс бабынан байланысты оқудан шығып қалған-ды. Ал, екінші анамыздай бола білген атақты дәрігер-жазушы Зейін Шашкиндей асылдың тұяғы Гүлжан апайымыз кураторымыз болды. *** Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас, Үйретуден балаға Абай хәкім Заманында Алаш ақыны Сұлтанмахмұт: «Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтеремін. Бірақ, көңілім оқуда болмақ» депті. Қандай керемет сөз еді! Біз, ақылы оқымасақ та, үкіметтің игілігіне бөленіп, гранттық негізде білім алып жатырмыз. Орыс әдебиеттануының білгірлерінен алған білімімізді, олардан үйренген әдіс-тәжірибелерімізді кең байтақ Қазақстанның келешегіне жарата алсақ, онда Қадиша Рүстембекқызы бастаған кафедра мамандарының еңбектері еленбек емес пе! Қазақ және орыс әдебиетінің өкілдерінің шығармаларын жаңа заман талабына сай салыстырып-салғастырып зерттей білсек, онда тағы да осы компаративист оқытушыларымыздың ерен еңбегі, бізге жұмсаған қажыр-қайраты қайырлы мақсатта орындалмақ екен. Жаратқан Ие  соның қайырымын адал әрі жемісті қылсын! Жүйрік уақыт жүйткіп келеді екен. Міне, тағы да сол жүйрік-уақыт екі жылды да артқа тастап, білім теңізінің тағы бір жағалауына шығармақшы. Санаулы күн, санаулы сағаттар ғана қалыпты ғой... Уақытын сарп етіп, біздің бақытымызды тербетіп, жақсы маман болуымызға жан-тәнімен қызмет еткен аяулы ұстаздарымызға бақыт, қуаныш, денсаулық тілейміз! Елдос Тоқтарбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ІІ курс магистранты qazaquni.kz