ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтетін мәдени бағдарлама дайындалды

Елорда әкімдігі ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу аясында ауқымды мәдени-бұқаралық бағдарлама дайындады.

Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы Астана әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Атап айтқанда, ауқымды шаралар қатарында халықаралық фестивальдермен көрмелер, отандық және әлемдік эстрада жұлдыздарының концерттері, классикалық және халық музыкасының концерттері, премьералар, цирктік қойылымдар, «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңдағы және Қалалық алаңдағы, барлық саябақтардағы халықтық серуен форматындағы шаралар бар. Жаз айларында елорда тұрғындары мен қонақтары қызықты мәдени бағдарлама тамашалайды, өйткені үстіміздегі жылы Елорда күнін мерекелеу «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізумен тұспа-тұс келеді, дейді Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мамандары.

Алдағы ЭКСПО көрмесі маңызды оқиға болып табылады, оның барысында халықаралық қоғамдастық өкілдеріне еліміздің басты жетістіктері мен даму перспективалары көрсетіледі. Қазақ халқының басты жетістіктерінің бірі бай мәдени мұра, тарих пен ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүрлер болып табылады. Дамыған өркениетті қоғам жергілікті мәдениетке және қазақ фольклорына асқан қызығушылық танытуда, көрме өтетін кезеңде елорда аумағында ұйымдастырылатын мәдени-бұқаралық шаралар бағдарламасын жасауға басты негіз болған да осы.

Бірінші кезекте ұйымдастырушылар қазақ халқының жарқын туристік көрінісін жеткізетін шараларды ескерді, оның ішінде «Астанаға тарту» дәстүрлі қазақ музыкасының концерті, «Мүшәйра» республикалық ақындар конкурсы, «Шашу» халық биінің халықаралық фестивалі, «Серпер» халық аспаптары оркестрлерінің фестивалі және «Астана самалы» үрмелі аспаптар оркестрі, қазақ халқының дәстүрлі сусыны – қымызға арналған Қымызмұрындық мерекесі, «Астана Арқау» түркі музыка фестивалі, биыл Әзірбайжан Мәмбетовке арналған V «Сахнадан сәлем» халықаралық театр фестивалі, және т.б. бар.

Айта кетейік, ойын-сауық шараларының басым бөлгіне астаналық шығармашылық ұжымдар тартылған. Елордалық театрлардың, филармонияның, цирк пен қаланың басқа да мәдени мекемелерінің артистерін бүгінде әлемдік қоғам мойындаған, олар жетекші халықаралық алаңдарда еліміздің имиджін көтеріп, ЭКСПО көрмесі барысында өнер көрсетуге адйын. Мұнымен қоса, концерттерге этномәдени бірлестіктердің ұжымдары мен Қазақстанның түрлі өңірлерінен шығармашылық ансамбльдер қатысады.

Жыл сайын қала тұрғындары мен қонақтарының демалысын жоспарлау кезінде қала билігі шаралардың қолжетімділігіне баса назар аударады. Бұл жолы мәдени-бұқаралық бағдарламалардың басым бөлігі елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болуы үшін ашық алаңдарда өтеді.

Мысалы, Сулы-жасыл желекжолда креативті идеялардың заманауи алаңы Astana Art Fest фестивалі өтеді. Қалалық саябақтарда демалыс сайын отбасылық демалысқа арналған Astana Park Land шарасы өткізіледі, Есіл өзенінің жағасындалазерлік шоу мен субұрқақтар шоуын, сондай-ақ, «Есіл кештері» концерттерін тамашалауға болады.

Астана қаласының маңындағы тоғыз тұрғын алабы да назардан тыс қалмайды. Барлық тұрғын алаптарында танымал қазақстандық артистердің қатысуымен «Думанды Сарыарқа» бағдарламасы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, елордада белгілі эстрадалық, электронды музыка, рок және джаз концерттері, сонымен қатар, International Street Dance Session көше биі фестивалі өтеді. Шаралардың барлығына кіру - тегін.

Әкімдік көрермендер назарына ЭКСПО көрмесі аясында алғаш рет өткізілетін бірқатар жаңа жобаларды ұсынбақ. Атап айтқанда,музыка өнеріне қосқан елеулі үлесі үшін наградалар табысталатын «Астана Дауысы» халықаралық музыка фестивалі, алғаш рет қытайлық кунг-фу шоуы өтеді. Бұдан басқа, КВН ойынының тарихында алғаш рет ресейлік жүргізуші Александр Масляков Қазақстанның елордасында Жоғары лиганың соңғы жылдардағы чемпиондарының арасында Жазғы кубокты сарапқа салады. Ойын Астанада 1 шілдеде өтеді, чемпионат Бірінші арнадан тікелей эфирде көрсетіледі. Туған жері – Қазақстанда көпшілікке танымал болған артистер де назардан тыс қалмайды, дейді ұйымдастырушылар.

Оқиғалар тізімін отандық эстраданың еңбек сіңірген қайраткерлерінің концерттері қорытындылайды – Әлібек Дінішев, Секен Тұрысбек, Алтынбек Қоразбаев, сондай-ақ, биыл құрылғанына 15 жыл болатын «Музарт» ансамблі, Тұрсынбек Қабатовтың әзіл-сықақ кеші. Аталған шараларға билеттер www.koncertyastany.kz сайтында және қалалық кассаларда сатылатын болады. Әрбір шара бойынша толық ақпарат www.astana.gov.kz ресми сайтында және www.astanaday.kz сайтында жарияланатын болады.