Өскеменде бұрын-соңды болмаған жөндеу жұмыстары қолға алынбақ

Биыл Өскеменде бұрын-соңды болмаған жөндеу жұмыстары қолға алынады

Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Асқар Жақсылықов облыс басшысына биыл қайта жаңғырту жүргізілетін көшелер мен даңғылдардың жағдайын баяндады, деп хабарлайды Altaynews.kz.

Оның айтуынша, үш жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, биыл қаржы бөлінген. Олардың ішінде Славский атындағы жағалау, Сәтпаев даңғылы және Понтон көпірінен бастау алатын Тоғас көшесі бар. Мұнымен бірге, аймақ басшысының тапсырмасы негізінде Абай және Тәуелсіздік даңғылдарының қиылысында жерүсті өткелі жобасы дайындалуда. Жоба – қаланың ең бір адамдар қозғалысы көп учаскесіндегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасы

з ететін болады. Астана көшесі де биыл толық абаттандырылып, балалардың спорттық алаңдары, Үлбі үстіндегі көпірге жолайырық салынбақ. Протозанов көшесі де Даңқ мемориалынан басталып, Үлбідегі көпірге дейін кеңейтілмек. Жұмыстар маусым айында басталады деп күтілуде. Қайта жаңғырту жұмыстары Меновное ауылын жалғайтын Жібек жолы көшесі мен Алматы тас жолына шығатын Карл-Маркс даңғылында да жүреді. Дәл осындай жұмыс Сәтпаев даңғылынан Самар трассасына дейін де қолға алынады. Жобалармен танысқан аймақ басшысы оларға оң бағасын беріп, ауқымды шаруаны уақытында қадағалап, атқарылған жұмыстың көлемінен ақпарат беріп отыруды қала әкіміне жүктеп, мердігерлерге жұмысты күн суытқанша созып жүрмей, жаздың жылы күндерін мейлінше тиімді пайдалануды ескертті. Сондай-ақ, Комендантка өзеніндегі абаттандыруды мамырдың соңында бітіруді тапсырды.

– Биыл Өскемен қаласының негізгі көшелері мен даңғылдарын кеңейтіп, қайта жаңғырту, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге жалпы сомасы 10 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталып отыр. Бұл - соңғы бес, бәлкім, 25 жылдың көлемінде болмаған көрсеткіш. Бұрын-соңды болмаған жөндеу жұмыстары қолға алынып отыр. Мұның сыртында жолдардың ағымдағы орташа жөндеу жұмыстары тағы бар. Олардың көрсеткіші де өткен жылғы деңгейден жоғары.