Құлпытасқа сурет салуға, мүсінін ойып, түрлі кейіптер жасауға болмайды - ҚМДБ

Похожее изображение

"Салт-дәстүр және діни рәсімдер" атты ғылыми-танымдық конференциясының Ақтөбе облысы халқына үндеу жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚМДБ сайтына сілтеме жасап.

Біз, "Салт-дәстүр және діни рәсімдер" атты конференцияға қатысушы қоғамдық ұйымдар өкілдері және Ақтөбе имамдары мен мешіт ақсақалдары дініміз бен ұлттық дәстүрімізді жаңғыртуға үлес қоса отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесінің XV отырысында бірауыздан қабылданған "ЖАНАЗА ҺӘМ ЖЕРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ" атты Қазақстан мұсылмандарының дүниеден өту, жерлеу, ас беру дәстүрлеріне негізделген пәтуасын ел арасында жүзеге асыруды қолдаймыз", - делінген үндеуде.

Осыдан кейін дүниеден өту, жерлеу, ас беру дәстүрлеріне негізделген пәтуа келтірілген.

"Біріншіден, садақа (құдайы ас) дастарханы барынша қарапайым болғаны абзал. Бұл ысырапшылықтың алдын алудың бір жолы. Қазақ "өлім бардың малын  шашады, жоқтың артын ашады" деп артық шығынды сынаған, еңбекпен тапқан жиған-тергенді тек игілікті іске жаратуды қолдаған. Ыбырай Алтынсарин, Әубәкір Диваев, Құбанғали Халид және өзге де зиялы қауым өкілдері қазақ халқының садақа дастарханында ет, бауырсақ, қымызбен қатар ұлттық тағамдардың ғана болғанын жазған. Марқұмдарға арналған садақаны қаражаттай, тамақтай және заттай аз қамтылған отбасыларға таратуға да болады. Осы ұстанымды ел арасында жүзеге асыруды қолдаймыз", - делінген Үндеуде.

Осылайша, пәтуада Ақтөбе облысының мұсылман тұрғындарын және асхана мен мейрамхана басшыларын садақа асын өткізу барысында осы ұсынылған садақа мәзірін сақтауға шақырып отыр.

Екіншіден, үндеуде айтылғандай, жаназадан бір күн алдын қонақасы берілетін болса, қазаға көңіл айту үшін алыстан келген тума-туыс, жекжат-жұрағатқа ғана қарапайым дастархан жайылғаны абзал. Қонақасы дастарханын арнайы мейрамханада өткізбей-ақ, үйде өткізу ұсынылып отыр. Өйткені, бұл - жақынынан айрылған отбасына едәуір салмақ түсірмек екен.

Үшіншіден, конференцияға қатысушылар садақа асын сөз жарысқа айналдырмасақ дейді. "Садақада бәсең дауыспен сөйлеп, микрофонды ұсынғанда сөйлеуші адамның атақ-абыройына тоқталмаған жөн. Көңіл айтушы адам артында қалған отбасы мүшелеріне жұбату сөзін айтумен шектелсе дейміз. Садақаға қатысушылардың бәрінің сөйлеуі дұрыс емес. Бірнеше адамның көңіл білдіруі жеткілікті. Біз, бүгінгі конференция делегаттары, садақа астың ұзаққа созылған жиналысқа ұласуын құптамаймыз", - делінген үндеуде.

Конференцияға қатысушылар, төртіншіден деп, жамағатты жаназа намазына қатысуға, сап тысында қалмауға және намаздан бұрын митинг жасап, көп сөйлемеуге шақырып отыр. "Дәрет алып, жаназа намазына қатысу - марқұмға білдірген нағыз туыстық жанашырлықтың көрінісі деп санаймыз. Дінімізде жаназа намазына қатысқан мұсылманға мол сауап жазылатыны айтылған. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеттерінде жаназа намазына 40 мұсылман адам қатысқан жағдайда марқұмға Алланың жеңілдігі болатыны білдірілген", - дейді олар.

Бесінші мәселесінде конференция халықты мәйітті ақтық сапарына шығарып салу рәсімдерінің барлығын Діни басқарма бекіткен жаназа пәтуасы аясында жүзеге асыруға үндейді. Мәйітті күттірмеу үшін жаназа намазынан соң бірден жерлеуге алып кеткен жөн екен. Сондай-ақ, садақа ас жұма күні намаз уақытынан тыс уақытта өткізілуі керек. Бұл күні күллі мұсылман жұртшылығы жамағатпен орындайтын жұма намазына барады.

"Алтыншыдан, қабірге қатысты ҚМДБ бекіткен пәтуаны басшылыққа алуды ұсынамыз. Қабір басына белгі ретінде құлпытас қоюға рұқсат. Алайда қойылған құлпытасқа сурет салуға, мүсінін ойып, пәнилік көріністерді білдіретін түрлі кейіптер жасауға болмайды. Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін жазуға, ай белгісін қоюға рұқсат. Құран аяттары аяқасты болып кетпес үшін жазбаған абзал. Қабір тапталып, аяқасты болмауы үшін зиратты тұтас қоршаған жөн. Қоршалған зираттың ішіндегі қабірді жеке-жеке қоршау шарт емес", - деген конференцияға қатысушылар жергілікті халыққа діни рәсімдерді атқару барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесі бекіткен ұлттық дәстүрге сәйкес "Жаназа" пәтуасын басшылыққа алуға және осы рәсімдерді өткізу кезінде ҚМДБ-ға қарасты имам-молдалардың қызметіне ғана жүгінуді, сондай-ақ, бірлік пен діни рәсімнің бірізділігі үшін осы Үндеуде айтылған мәселелерді амалға асыруға шақырады.

Айта кетейік, бұл Үндеу Ақтөбе облысының аумағына, жергілікті тұрғындарына арналған.