Қоғамдық орындарда намазханалар қайтадан ашылады

Картинки по запросу намазхана в астане

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан ғибадат ету бөлмелері (намазхана) мен діни әдебиеттер сататын кітап дүкендеріне қойылатын талаптар қайта қаралды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

Діндар азаматтардың сұраныстарын назарға ала отырып, және бір мезгілде мемлекеттік саясаттың зайырлы қағидаттарын сақтай отырып, Ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың және діни әдебиетті тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулықтың жаңа редакциясы әзірленді.

Нұсқаулықтағы түбегейлі жаңалық ретінде осындай үй-жайлардың мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерден 300 метрден кем емес қашықтықта орналасуына қойылған бұрынғы тыйымның күшінің жойылғанын айта кету керек.

Мұндай талап бүгінгі елді мекендердің орналасу ерекшеліктеріне жауап бере алмайды.

Нұсқаулықтың жаңа редакциясында темір жол және автовокзалдарда, әуежайлар мен порттарда, яғни адамдар еріксіз түрде ұзақ уақыт болатын орындарда діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ашуға қойылған тыйым алынып тасталды.

300 метр бойынша шектеулер білім беру мекемелеріне қатысты күшінде қалды. Бұл талап рухани (діни) білім беру ұйымдарына қатысты қолданылмайды.

Осы ретте, ғибадат ету бөлмелерін ашу кезінде белгілі бір талаптар сақталуы тиіс.

Мысалы, діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлар дәрет алу үшін қажетті санитарлық тораппен қамтамасыз етілуі тиіс және жалпы алғанда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келуі керек.

Аталған талаптар ғибадат ету рәсімдерін орындау кезінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр.

Нұсқаулық жобасында қолданыстағы заңнамаға сәйкес нысанның меншік иесінің үй-жайдағы санитарлық, өрт және басқа қауіпсіздіктер үшін жауап беретіндігі көрсетілген.

Тиісті нормативтік құжат келісу процесінен өткен соң ғибадат ету бөлмелері, соның ішінде намазханалар, жаңа жағдайда жұмыс істейтін болады.

Діндарлар үшін мұндай үй-жайларда ғибадат ету рәсімдері қауіпсіз және барынша қолайлы жағдайларда орындау мүмкіндіктерімен қамтамасыз етілетін болады.

Жалпы алғанда, ғибадат ету бөлмелерін ашу туралы шешім осы нысандардың меншік иелері тарапынан қабылданатын болады.

Әзірленген құжаттың толық атауы: Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулық.