Астанаға Абай керек емес пе?!.

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевке

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевқа

Осыдан алты жыл бұрын арқаның төсінде, бас қаламыз Астанада Абайтану орталығы ашылды деген сүйінші хабарды естіп, үлкен-кішіміз бар, бұл игі жаңалыққа шын жүректен қуанып едік. Алғашында Қазақстан-Ресей университетінің ішінен ірге қалаған орталықтың жұмысы жылдар өте тығырыққа тірелді.

Бұл туралы Қазақ үні ұлттық порталы хабарлайды.

Оған себеп ұлттық құндылықтан гөрі ұпай жинауды ойлайтын рухани кембағал шенеуніктердің Абайға да, Абайтануға да немкетті боп қарауы.

Тасмағамбетовтың кезінде Абайтану орталығын салуға бөлінген жер бар, алайда Нұрғалиұлы кеткелі бұл істің нұры азайып, азапты жыры көбейіп кетті. Арқада Абайтану орталығы жоқ дегенді біздің шенеуніктер мақтанышпен айтатын шығар. Орыс тіліне жаны құштар шенеуніктер сол Ресейден үлгі алса қайтер еді? Мәскеу мэрінен "Сіздерде Пушкин орталығы бар ма?" деп сұраса қалай намыстанып жауап берер еді. Жауап бермек түгілі олар шеттен келген қонақтарын сондай майталмандардың мұражайлары мен орталықтарына апарып, мақтанышпен көрсетеді. Біздің мэрлерге еліктегіш Мырқымбайлар Абайдың атын білгеніне шүкір дейтін заманның туғанын кімге айтамыз?!.

Абайтану орталығын ашып, оның бар ауыртпалығын көтеріп жүрген ғалым, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы бұл тұрғыда былай дейді:

"Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен қулық сауған заңы құрысын. Бұл - Абай сөзі. Сөйтіп, қысқа күнді қырық құбылтып жүріп, Астанадан Абайтану орталығын ашамыз деп сабылғанымызға екі жыл уақыт болыпты. Абайтану орталығына берілетін болды деген тарихи ғимаратты екі жыл қажымай-талмай күрделі жөндеуден өткізді. Биыл дайын тұрған ғимаратты Абайтану орталығына беріп, қазақ руханиятын көкке көтеріп, «шәпкімізді» аспанға атып бір қуанамыз ғой деп күтіп жүр едім. Сенген серілерім, «Қаржы тапшылығына байланысты Абайтану орталығы С.Сейфуллин мұражайының бөлімі болатын болды. Екі бөлмесіне отыра тұрасыз ба?», - деп шалқамнан бірақ түсірді.

Біріншіден – талай таршылыққа шыдап, сарғайып күткенде Абай тағы бір мекеменің босағасында отырады деп күттім бе?! Екіншіден – Заманы бөлек, тақырыбы бөлек, Сәкеннің қанатына - алып Абай қалай сыйады? Үшіншіден – айтқандарына көніп, С.Сейфуллин мұражайында Абайтану бөлімі болып отырайын, төрт жыл бойы жиған-тергенімді С.Сейфуллин мұражайының қайтарымсыз қорына қалай тапсырамын? Одан да, оқу орындары мен мектептерге берейін, қажеттеріне жаратсын. Ақылға сыймайды. Бөлім болу жаңалық емес қой. Бір өзі бір институттың жүгін арқалап, қазақ руханиятының қайнар көзіне айналған Абайға неге бір ғимарат қимай отырмыз?! Бірақ, заман бір орнында тұрмайды. Абайды төбемізге көтеретін бір уақыт келетін шығар?! Мен сол уақытты күтемін!"...

Біз осы орайда Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен оның жазушы орынбасары Ермек Аманшаевқа осы мақала арқылы ресми сауал жолдағымыз кеп отыр:

Картинки по запросу асет исекешев ермек аманшаев

Астанаға Абай керек емес пе? Әлде, елордада Абайдың ескерткіші мен көшесі бар, сол да жетеді деген "қанағат" па бұл? Жақында ғана сіздер Астанада Никола Тесла деген елімізге дым қатысы жоқ бір электрикке көше бердіңіздер. Ұлы Абайға бір орталық ашу соншалықты қиын шаруа ма?

Әкімдік біздің сөзімізге "Биыл қарастырылмады, ақша бөлінбеді, планға енбеді" деген жалаң жауап қайтармаса екен. Біз ондай "екіжүзді" жауаптардың көкесін көріп болғанбыз.

Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия университетінде Конфиций атындағы институт бар. Бірақ, Астанада Абайтану орталығы жоқ. Өзгені жарылқауға шеберміз-ау.

Биыл Астанада Экспо көрмесі өтеді. Сонда қонақтарды Тесла көшесінің бойында қыдыртып қайта ма екен мына шенеуніктер... Әлде қаптаған мегалар мен мейрамханаларға апара ме екен?

"Астанада Абайға орын жоқ" деген сөз арымызға сын, ұлттығымызға ұят емес пе?..

Қазақ үні