КИЕЛІ ТҮРКІСТАНДА «НАҒАНАЙ БЕК» ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ (ФОТО)

Түркістан қаласы «Нағанай-бек» тарихи-этнографиялық паркінде Нағанай бек монументінің ашылуына арналған мәдени шара өтті. Митингіні Академик Құлбек Ергөбек жүргізді.

Түркістан қаласында тарихымызда биік мәртебеге ие болған тұлғаларымыздың бірі, Алтын Орданың беклер бегі болған Нағанай-бектің есімі ұлықталып, оған арналған стела-ескерткіш бой көтерді. Бұл – қаламыздың ғана емес, «Мәңгілік Ел» болуды мақсат тұтқан бүкіл қазақтың мәдени-рухани өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі деп білеміз.

Даланың ауызша тарихнамасында Қоңырат тайпасының түп атасы саналатын Нағанай бек шамамен 1298-1361 жж. өмір сүрген. Ол Жошы Ұлысының (Алтын Орда) билеушілері Өзбек (1313-1342) және Жәнібек (1342-1357) хандардың мәртебелі ұлысбектерінің бірі. Көне Қият қаласында дүниеден өтіп, өзінің пірі, сол кезеңдегі айтулы рухани ұстазға айналған Аббас-Уәлидің зиратының жанына жерленген Нағанай-бектің қабірінің топырағы бүгінгі күні оның ұрпақтарының қалың ортасына алып келінді. Халқымыздың «сүйек қосу» дәстүріне сай баба топырағы өзіне арнап бой көтерген алып стела-ескерткіштен мәңгілік орын алады. Және халықты елдің бірлігі мен мемлекетке қызмет етудің өнегесін танытып, бүгінгі ұрпақты желеп-жебеп тұратын болады.

Нағанай-бек монументінің ашылуына арналған салтанатты шарада Парламент депутаты, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, қоғам қайраткері,Түркістан қаласының тұрғыны Жарылқасын Әзретберген, Шардара ауданының құрметті азаматы Қыстау Ілесов, Қазақстанға белгілі ақын Әселхан Қалыбекова және Парламент депутаты, Қоғам қайраткері Өстемір Бектөреев құттықтау сөз сөйлеп, игі шараның маңыздылығына тоқталды.

Нағанай-бектің билік құрған жерлеріне барып, қабірінің топырағын алып келген ғылыми экспедиция төрағасы, қоғам қайраткері Керім Пірімқұлов бастаған экспедиция мүшелері Академик Полат Қазымбет, Академик Кенже Абдуллаев, профессор, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, профессор, тарих ғылымдарының докторы Хазретәлі Тұрсын, жазушы–журналист Жарылқап Бейсенбайұлы, жазушы–сатирик Көпен Әмірбек, тарих ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Зікірия Жандарбек. Экспедиция жұмысын ары қарай жалғастырған Хазретәлі Тұрсын, Зікрия Жандарбек, Жамбыл Артықбаев, Жарылқап Бейсенбайұлы салтанатты шараға қатыса алмады.

Нағанай-бек қабірінің топырағын Стелла-ескерткішке қою салтанатында басқа экспедиция мүшелері ортаға шығып сөз алып Нағанай бек туралы мағлұматтар берді.

Араға алты жарым ғасыр уақыт салып, туған еліне табысталатын баба қабірінің топырағын Нағанай-бек этнопаркінің құрылысын ұйымдастырушылар Қоғам қайраткері, кәсіпкер Құнанбай Шындаулетов, «Алатау батыр» Қоғамдық қорының төрағасы Әлімхан Әбжанов, «Желкілдек батыр» Қоғамдық Қорының төрағасы Жанарбек Орынбаев, ОҚ облысы мәслихатының депутаты, қоғам қайраткері Базарбай Мұсабеков, Қоғам қайраткері, кәсіпкер Қайрат Боранбаев, жазушы-шежіреші Асан Тұрабаев салтанатты түрде қабылдап алды.

Осылайша екі жақтың өкілдері «Нағанай-бек» қабірінің топырағы салынған капсуланы стелла-ескерткішке орналастырды. Нағанай-бектің әруағына арнап құран бағышталды. Салтанатты шара соңында Түркістан қаласы Яссы мейрамханасында Нағанай-бекке арналып ас берілді.

Айнұр Батталова