Ащы шындық. Үкімет 12 жыл бойы тамақтың бағасын өзгертпей, есеп беріп келеді - БАҚ

Картинки по запросу цены на продукты

Қазақстандықтар күн көре алады-ау деген азық-түліктің тізімін Үкімет жасақтайды. Ол 12 жыл бұрын жасалып, құны 15 мың теңге деп белгіленген. Одан бері бұл цифр өзгертілмепті.

Тіпті, қазірдің өзінде сол 15 мың теңгеге азық-түлік себетіндегі тауарларды сатып ала  алмайсыз. Бірақ бұған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көз жұмып келеді. Тек биыл ғана олар бұл мәселені қарауға уәде етіп отыр деп хабарлады КТК телеарнасы.

Негізінен, тағамтанушылар ең қажетті азық-түліктердің жаңа тізімін министрлікке жылда ұсынып отырады екен. Бірақ ол еленбеген. Себебі азық-түлік себеті жаңадан бекітілсе, еліміздегі ең төменгі күнкөріс мөлшерін де көбейтуге тура келмек. Ал онда әлеуметтік төлемдердің бәрін өсіруге тура келеді, демек бұл бюджетке үлкен салмақ болмақ.

Биыл еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 24 мың 459 теңге болып бекітілген. Бұл соманың 60 пайызы азық-түлік себетіне тиесілі.

Яғни, қағаз жүзінде адам басына ең қажетті тамақ үшін айына 15 мыңға жуық қаржы жеткілікті екен.

Ал іс жүзінде жұрт азық-түлікке бірнеше есе көп ақша жұмсайды.

Мұхит Смағұлов, Алматы қаласының тұрғыны:

— 14 мың теңгеге қалай өмір сүресің? Бұны ойлап тапқандар аспаннан жерге түссін. Халықтан сұрасын, көрсін.

Қарашаның ренжитін жөні бар. Өйткені қазіргі азық-түлік себеті 2005 жылы бекітіліп, 12 жылдан бері өзгертілмеген.

Қазір оның құрамына 43 өнім кіреді. Негізі халықаралық ереже бойынша, қоржынның құрамы 5 жыл сайын қаралып отыруы тиіс екен. Бірақ еліміздің ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оны кейінге қалдырумен келген.

Сәтбек Мұсабеков, Қазақ Тағамтану академиясының жетекші ғылыми қызметкері:

— Мұнысын Үкімет ақшаның жоқтығымен түсіндіреді. Оны біз білмейміз.

Ал азық-түлік себетіне өзгеріс енсе, ең төменгі күнкөріс деңгейін де арттыруға тура келеді. Ондай жағдайда еліміздегі зейнетақы, жәрдемақы және жалақы мөлшері де көбеюі тиіс. Өйткені қазіргі ең төменгі күнкөріс деңгейімен өмір сүру жыл өткен сайын мүмкін болмай барады.

Сәтбек Мұсабеков, Қазақ Тағамтану академиясының жетекші ғылыми қызметкері:

— Мысалы еттің түрі 42-43 пайызға шейін қымбаттады. Балықты алатын болсақ 100-120 пайызға шейін қымбаттады.

Қазақ Тағамтану академиясы бұл жолы да министрлікке азық-түліктің жаңа тізімін ұсыныпты. Енді оның құрамы 8 өнімге артуы мүмкін. Мәселен, сүт өнімдері мен жармалардың жаңа түрлері қосылған. Ал кейбір заттар керісінше себеттен алып тасталған. Мәселен, маргарин. Құрамында зиянды заттар барын ескерген мамандар оны енді адамға аса қажетті тағамға жатқызбайды. Қазір үкімет осы ұсынысты қарап жатыр екен.

Арман Өмірбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры:

-Тағамтану академиясы ұсынған жаңа тізім қаралуда. Оны серіктестерімізбен бірге талқылап жатырмыз. Жыл соңына дейін ең төменгі күнкөріс деңгейін, шын мәніндегі жағдайға қарай өзгертеміз.

Осылайша, араға ұзақ жыл салып еліміздегі азық-түлік себеті мен ең төменгі күнкөріс деңгейі жаңармақ. Ал қоржын құрамы ауысқанымен, жан басына шаққандағы килокаллория мөлшері аса өзгермейді. Мамандар оның энергетикалық құндылығын 2250 килокаллорияға дейін ғана ұлғайтуды көздеп отыр.

Дереккөз: 365info.kz