Елжан Біртанов: Дәрігерлердің жалақысы жұмыс нәтижесіне қарай төленуі керек

Денсаулық сақтау министрі  Елжан Біртанов: Дәрігерлердің жалақысы жұмыс нәтижесіне қарай төленуі керек

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Өскемен қаласының дәрігерлерімен кездесіп медицина саласындағы мәселелерге тоқталып өтті, - деп хабарлайды Altaynews.kz.

Министр дәрігерлердің жалақысы жұмыс нәтижесіне қарай төленуге тиіс деп санайды. Жалпы медицина қызметкерлерінің білімі кісі алаңдарлықтай екен. Елжан Біртанов резидентураны жаңа бітіріп шыққандардың 80 пайызы сынақтан өте алмағанын айтты. Оның қасында практикалық дәрігерлер емтихандарды бірден тапсырыпты. Елімізде медбикелерді даярлайтын 60 колледж, дәрігерлерді әзірлейтін 6 жоғары оқу орны бар. Алайда, министр бұрынғы медакөмекші ретінде, кіші медициналық персоналдар дәрігерлердің қасында оқу керек деген пікірде.

Қазақстандықтар отбасылық бюджеттің 40 пайызын денсаулыққа жұмсайтын көрінеді. Бұл негізінен диагностикалық қызметтер мен дәрі-дәрмекке кетеді. Бүгінгі таңда дәріханалардағы провизорлар дәрігер болып алған. Келген тұтынушыларға өздері ем тағайындай береді. Бір дәрінің бағасы бір қаланың өзінде әртүрлі. Министр мырза рецеппен босатылатын барлық препараттарға республика көлемінде жыл аяғына дейін біркелкі баға тағайындалатынын жеткізді.

Сонымен қатар 2019 жылға қарай емдеу орындары құжаттарды түгелдей электронды түрде толтыратын болады. Елжан Біртанов сандық технологияға ауысу оңай болмайтынын, бірақ бұл күн талабы екенін атап өтті.