Елордада Наурыз мерекесіне орай қандай шаралар өтеді?

Астанада Наурыз мейрамына орайластырылған шаралар 5 алаңда және 10 тұрғын алабында ұйымдастырылады.

Бұл туралы елорда әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

21-23 наурызда «Хан Шатыр» СОСО жанындағы алаңда үлкен этноауыл ашылады. Мұнда 19 киіз үй тігіледі, шығыс базары, сауда орындары, алтыбақан орнатылады.

Әрбір киіз үйдің жанында Астана қаласының театрларының артистерімен, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетіледі. Сауда орындарында ыстық шығыс тағамдары сатылады. Шығыс базарының аумағында көрме-сауда ұйымдастырылады, қолөнер шеберлері сәндік қолданбалы өнер бұйымдарын жасауды үйретеді.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына бауырсақ пен Наурыз көже ұсынылады.

Сонымен қатар, Астананың жетекші шығармашылық ұжымдарының концерттері өтеді. Атап айтқанда, «Қорқыт» дәстүрлі музыка ансамблі, «Сарыарқа» халық аспаптары ансамблі, Астана қаласының қуыршақ театры, Астана қаласының ммемлекеттік академиялық филармониясының солистері және қазақстандық эстрада жұлдыздары өз өнерлерін ортаға салады.

Бұдан басқа, жиналған қауым қазақша күрес, арқан тартыс, гір көтеру, қой көтеру сынды спорттық жарыстарға қатыса алады. Сондай-ақ, Наурыз мейрамын мерекелеу аясында иттер жарысы мен төбет және тазылар көрмесі өткізіледі.

21 және 22 наурызда мерекелік бағдарлама «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда («Шабыт» ҚҰӨУ жанында), қалалық әкімдіктің жанындағы алаңда, Студенттік саябақта («Қазақстан» спорткешенінің аумағы) және «Жастар» театрының алдындағы аумақта (вокзал ауданы) ұйымдастырылады. Наурыз мейрамына арналған халықтық серуендер өтетін барлық алаңдарда киіз үйлер тігіледі, алтыбақандар орнатылады, спорттық жарыстар мен қазақстандық эстрада орындаушыларының қатысуымен концерттер өтеді, қонақтарға бауырсақ пен Наурыз көже ұсынылады.

Киіз үйлерде қазақ халқының «Бата беру», «Тұсаукесер», «Айтыс», «Ұлттық ойындар», «Беташар», «Көрісу-амандасу», «Бесікке салу», «Ат қою» сынды дәстүрлері көрсетіледі.

Астананың шет аумақтарында да мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Наурыздың 18-і мен 22-сі аралығында Наурызға орайластырылған концерттер мен шаралар Железнодорожный, Промышленный, Интернациональный, Күйгенжар, Мичурино, Пригородный, Ильинка, Көктал-1, Көктал-2 және Өндіріс тұрғын алаптарында өтеді.

19 наурызда сағат 15:00 - 17:00 «Алау» мұз сарайында «Асық Party» асық ату жарысы өтеді.