Қасым-Жомарт Тоқаев: Ел абыройын көтеретін ірі имидждік жобаларға ақша бөлуді тоқтату қажет

Сенат төрағасы еліміздің атағын шығаратын түрлі шаралардың санын барынша қысқартуды және оған бюджеттен қыруар қаржы бөлуді  тоқтатуды ұсынды. Өйткені, онсыз да соңғы жылдары қазынаның шығыны еселеп артқан. Ал пайда керісінше, төмендеп барады. Сондай-ақ, сенаторлар Ұлттық қордағы ақшаға да алаңдап отыр. Жыл сайын түрлі салаға мемлекеттік трансферттер бөлінгенімен, оның  қайтарымы жоқ.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Сенаторлар Ұлттық қорды майшелпекке айналдырған министрлердің ашкөздігіне қайран. Өйткені, Үкімет белгілі бір салаға ақша жетпей қалса болды, дереу қорға қол салуды әдетке айналдырған. Яғни, шенеуніктер басқа қаржы көзін іздеп бас қатырмайды. Салдарынан соңғы кезде қазынаның шығыны артып, түсім төмендепті. Ал бюджет табысының тең жартысы Ұлттық қордан бөлінген трансферттер жауып отыр екен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы:

-Бірінші кезекте бюджеттің тиімділігін арттыру керек. Қазынадан қаржы бөлмес бұрын, әр тиынның қайда жұмсалатынын тыңғылықты жоспарлаған дұрыс. Сондай-ақ, ел абыройын көтеретін ірі имидждік жобаларға ақша бөлуді тоқтату  қажет.

Яғни, Тоқаев Қазақстанның атын шығаратын халықаралық жиындар, көрмелер мен түрлі шараларды барынша қысқартуды талап етті. Ол үшін белшеден шығындану – далаға ақша шашқанмен тең. Ал Дариға Назарбаева  бұдан бұлай бюджетті бекітпес бұрын, Үкімет алдын ала парламенттік тыңдау өткізсін деген ұсыныс жасады. Себебі халық қалаулыларына құжатты бекітуге өте аз уақыт берілетіндіктен, мемлекеттің шығынына сараптама жасап үлгере алмайды екен. Сондай-ақ, Назарбаева Ұлттық қордағы қаржынының да сұраусыз жұмсалып жатқанын айтты.

Дариға Назарбаева, Сенат депутаты:

-Ұлттық қордағы ақша көбіне банктерді несиелендіру үшін бөлінеді. Одан қандай экономикалық пайда көріп отырмыз, қанша қаржы қайтарылды? Оның тиімді пайдаланылуын кім бақылайды?

Сенаторлардың алаңдауы орынды. Қазір ұлттық компанияларды қоспағанда, Үкіметтің мойнында 49 миллиард доллардан астам берешегі бар. Бірақ, қаржы мен экономикаға жауапты министрлер қыруар қарыздан еш сескеніп отырған жоқ.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

-Ұлттық қордың табысын көбейту үшін Ұлттық банк қордың активтерін тиімді пайдалануды қолға алмақ. Ал мұнайдың баррелі  50 доллар болады деп есептегенде, Ұлттық қордың активі 2020 жылға қарай 80 миллиард долларға артады.

2020 жылдан бастап Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемі 800 миллион теңгеге қысқартылмақ. Сөйтіп, бюджет қаржысы көбіне әлеуметтік салаларға жұмсалады. Сонымен қатар ұлттық компанияларға бөлінген ақшаға бақылау күшейтілмек. Мәселен, Есеп комитеті "Астана ЭКСПО-ға" жұмсалған миллиардтардың қалай игерілгенін тексергелі жатыр.