Дос КӨШІМ: Біздің шенеуніктерде ұлттық иммунитет те, ар-ұят та жоқ

Қазақстанда тіл туралы баптарды өзгертіп, „Мемлекеттік тіл туралы„ қайта заң қабылдау керек. Ал қазіргі қолданыстағы заң аяққа байланған тас секілді қоғамды артқа тартуда.

Біз бір орнымызда «буксовать» етіп, көп тұрып қалдық

Мұндай ұсынысты саясаттанушы Дос Көшім kaz.365info.kz сайтының „Неге солай?„ бағдарламасында қонақта болып, айтқан әңгімесінде мәлім етті. Саясаттанушының айтуынша, 1989 жылы қабылданған біздегі тіл туралы заң кезінде екі топты (қазақтілділер мен орыстілділерді — авт.) тыныштандыру үшін жасалған, алайда қазір ол Қазақстанды ыңғайсыз жағдайға қалдырып жүрген жайы бар.

Өйткені қазір Википедияны ашып қарасаңыз, мемлекеттік тіл мен ресми тіл екеуі бір ұғым секілді сипатта тұр.

Мемлекеттік тіл дегеннің жанында жақша ішінде ресми тіл деп жазулы тұр. Мемлекеттік тіл деген тілдік мәртебе. Адамның аты секілді. Ал ресми тіл дегеніміз оның қолдану мүмкіншілігі. Яки, ол ресми түрде мемлекет ішінде барлық жерде қолданылады дегенді білдіреді. Сонда екеуінің бір-бірінен ешқандай айырмасы жоқ.

Шындығында, Қазақстанда мемлекеттік тіл туралы заң жоқ.

Сондықтан мемлекеттік тіл зорға әрең тәлтіреңдеп орнынан көтеріліп келе жатыр. Ол заңды да. Өйткені оны көтеретін заңдық негіз жоқ қой. Бұл — біріншіден.

Қазақ халқы екі есеге өсті, мұнымен Үкімет неге санаспайды?

— Екіншіден, Латвия, Литва сынды Балтық жағалауы елдері тіл туралы заңды біз секілді 1989 жылы қабылдады, бірақ одан соң 1995 жылы оны қайтадан өзгертті, 2014 жылы тағы да қарады. Осылайша үш рет заң қабылдады, өйткені елдегі тілдік ахуал алмасты, кезінде саяси амалмен қабылданған нәрселер өзгертуді қажет етті. Яғни, олар заңды 4-5 жыл сайын өзгертіп жатты, ал

біз 27 жыл бір заңмен отырмыз, қоғамда ешқандай өзгеріс болмағандай. Бірақ біз өзгердік қой. Бастапқыда қазақтың саны 39 пайыз болатын, ал қазір — 70 пайыздаймыз. Екі есеге өстік, тілге деген сұраныс 2 есеге артты.

Демек, қазақ тілі өз инерциясымен тіріліп келеді. Қазір қазақ тілді қолданатын азаматтар көбейді. Қазақ тілін қолдайтын топтар көбейді. Қысқасы, біз бір белестен өттік…

Шенеуніктерде ұлттық иммунитет те, ұят та жоқ

„Менің миымды ауыстырып бермесеңдер, мен қазақша сөйлей алмаймын„ деген министр

Саясаттанушы билікке келетін мемлекеттік қызметкерлердің ұяттан, этикадан жұрдай екенін айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда министрлік қызметке тағайындалатынын біле тұрып, қазақ тілін білмеу, тіпті оны үйренуге құлық танытпау қалыпты жағдайға айналған. Нақтысында,

бұл — өте ұят нәрсе, өзі қызмет ететін халықты менсінбеу, тіпті өзіне орыстандыру саясатының өтіп кеткенін, яғни ұлттық иммунитеті жоқ осал тұлға екенін әшкерелеу.

Сондықтан заңға мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілді білуді міндеттеуге еріксіз баруымыз керек.

— Кез келген мемлекетте, мысалы Германияда мемлекеттік қызметке келетін адам неміс тілін, Францияда француз тілін білу міндетті. Ол үшін ешкім дауласпайды. Өйткені ол — аксиома. Сондықтан оны заңға да жазып жатпайды. Себебі адам аузымен тамақ ішеді, аяғымен жүреді дегенді заңға жазбаймыз ғой. Бұл — дәл осындай жайт. Содан кейін де біз осылай ашу-ызамызды айтамыз. Неге биліктегі адамдар мемлекеттік тілде сөйлемейді, неге осындай адамдар басшылықққа келеді дейміз. Тағы бір жағынан, бізде билікке, мемлекеттік қызметке келетін адамның ар-ұяты аздау. Егер мемлекеттік тілді білмесе, министрлікке тағайындалған адам:

жақында ғана үлкен жиында тілшілерге қазақ тілінде ақпарат беруден бас тартқан елші

„Мен қазақша білмеймін, ертең халық алдына қалай шығамын, ұят емес пе„ деп айтуы керек қой.

Кеше ғана бір жерден оқыдым. Чехияда министр болған қазақтың келіншегі бар ғой. Сол сұқбатында айтады. Оны бір министрлікке ұсыныпты. Мәдениет жағынан болуы керек. Сол уақытта мен оған бармадым дейді. Себебі мен чех тілін бір адамдай білемін, бірақ ол Мәдениет министрлігі ғой, мен сондай жоғары деңгейде тілді игермегем, сондықтан ұялып, ол ұсыныстан бас тарттым дейді. Міне, бұл — жоғары мәдениеттіліктің белгісі.

Мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді білмей келетін адамдарды, өз басым, мәдениетсіз, бұл  оның ақымақтығы деп білемін. Егер жағдай түзелмейтін болса, онда амал жоқ, заңға мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуі міндетті деп жазу керек. Бұл алғашқыда мүмкін 10 жылға арналған уақытша заң болады, мұның заңдылық екенін түсінгенге дейін. Сырт жақ күлетін шығар, бірақ ыңғайсыз болса да осылай етуге тура келеді. Бірақ бұл біздің болмысымыз, біздің шындығымыз, өмірдің талабы. Талап — заңдастыру, — дейді Дос Көшім мырза.

Саясаттанушының айтуынша, жаңа заңда Қазақстанда мәртебесі бар бір-ақ тіл бар деп жазылуы шарт.

— Ол — мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Ал орыс тілі мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінде қазақ тілімен қатар қолданылады делінілуі тиіс. Ал мемлекеттік емес орындарда — басқа жерлерде, мәселен банк қазақ тілінде сөйлеуі керек.

Қазақ тілінің жолын байлап отырған — өзіміздің орыстанып кеткен қазақтар

Дос Көшім 25 жыл бойына қазақ тілінің дамуына биліктің неге ыждаһаттылық танытпауының себептерін атады. Осы себептер алда да қазақ тіліне тұсау болады, алайда іске қосылған процесті тежеуге олардың шамасы жетпейді.

— Біз — орыстандыру саясаты өтіп кеткен елдің біреуіміз. Басқа 14 посткеңестік мемлекетке қарағанда бізде бұл процесс өте жоғары деңгейде жүрді. Сондықтан орыс тілі, болмысы қанымызға сіңіп кетті. Иә, халқымыздың белгілі бір бөлігі әлі де болса — орыстанған қазақ. Әсіресе, солар мемлекеттік тілді қабыл алмайды. Өздері барлық жерде отыр. Мемлекеттік билікте де, барлық жерде де.

Екіншіден, үкіметіміздің орыстілді болуы. Олардың мемлекеттік тілді игеруге деген ниеті шамалы. Елімізде мемлекеттік тіл мәртебесі, оның қолдану аясы туралы деклоративті құжаттар қабылдап, заңдарды қолданысқа енгізеді. Алайда оның барлығы жүзеге аспайды. Өйткені оны жүзеге асыруы тиіс атқарушы билік, заң шығарушы билік болсын мемлекеттік тілге деген көзқарасы өте төмен. Жоқ деп айта алмаймыз, бірақ өте төмен. Бұл арада олардың жеке бастарының мүддесі бірінші орында тұрады. Өйткені

өздері орыс тілді, балалары орыс тілді, немерелері орыс тілді, биліктің тілі қазақша болып кетсе, ертең олар қай жаққа барып күн көреді? Олар қазақ халқының болашағын немесе қазақ мемлекетінің ертеңін емес, өздерінің күйкі-тірлігін, қарнының қамын көбірек ойлап кеткен.

Үшінші мәселе — басқа елдерге қарағанда басты айырма — қос тілділік туралы 1989 жылғы заңның сол күйінде сақталып келе жатқандығында. Ал мемлекеттік тіл туралы бізде заң жоқ. Міне, осы себептерді жою үшін де бізге арнайы мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек.

Үштілділік — орыстану саясаты өтіп кеткен буынның ышқынысы ма?

Дос Көшім Қазақстанда қазір қазақ тілінің дамуын тоқтату үшін белгілі бір адамдар, белгілі бір орыстілді топтар сан түрлі амалды қолданып, іс-қимыл жасап жатқанын, оның заңды құбылыс екенін айтады. Оның пікірінше, бұл орыстану саясаты өткен кеткен буынның соңғы ышқынысы.

— Баяғыда бір жағдай болған. Сайлау жүйесін бақылайтын бір ұйымның басшысы болдым. Ұмытпасам, 2002 жылы. Сол кезде электронды сайлауды кіргізгенде Жапониядан да асып кеттіңдер ғой деп дүниежүзі күлген. Әлі есімде Венада соған байланысты бір айқай болды. Соған қатысқаным бар-тұғын. Сол кезде бізге электронды сайлаудың бізге қажеті жоқ деп дәлел келтірген едім. Кейіннен 5-6 жыл бұрын электронды сайлау жүйесі дегенді тоқтатты. Қазір ол жүйе жоқ.

Неге тоқатты десем, менің баяғыда айтқан уәждерімді айтып жатыр ғой. Сол сияқты қазақ тіліне қарсы үштілділік және тағы басқа қастықтар кейін тоқталатын сияқты. Азаматтар осы жүйені тоқтататындай қарсылық көрсете білсе, ол тоқтайды. Ондай қарсылық қоғамда жоқ емес, бар.

Саясаттанушының пікірінше, түбі үкімет пен халық өкілдері бір дастарқан басында бас қосып, орта мәмілеге келуді үйренеді.

— Бізді ұлтшылдар және тағы басқа деп айдарлап жатады, шындап келгенде, біз барлығымыз мемлекетшілміз. Қазақ мемлекетшіліміз. Себебі бұл біздің мемлекет екенімізді қазақтар түсініп отыр.

Мемлекет халықпен жұмыс істей білуі керек. Бірдемені бүлдіріп қойып, кейін кешіріңіздер деп кейін шегінген мемлекет оңбайды, мұндай жайт халықтың ашу-ызасына шоқ боп түсе береді. Сондықтан дер кезінде мәмілеге келе отырып, мәселені халықпен талқылауды үкімет үйренуі керек. Соңғы кездері үкімет қоғам талқысына құлақ түріп, ортақ ойларды жинақтау секілді істі қолға ала бастады.

Мен, өз басым, оның шынайылығына сенбеймін. Ол әлі де болса, ойын түрінде шығар. Бірақ осыны нақты дәстүр есебінде қабылдап, күнделікті қолданысқа енгізу қажет. Азаматтық қоғамның дәстүрі, қазақ елінің дәстүрі, бұл дастарқанның басында отырып, сөйлесіп шешейік деген дәстүр. Менің ойымша, осы жол біздің еліміздің дамуына үлкен серпіліс береді.