ТЕҢІЗДІ ТЕҢСЕЛТКЕН АҚ ҚҰЙЫН ШАБЫТ

Қазақстан Жазушылар одағында ұлттық әдебиетімізде өшпестей із қалдырған Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығына орай «Төлеген Айбергенов поэзиясы және қазіргі заман» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Дүбірлі жиынға Түрік, Қытай, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызтан мемлекеттері, Қазақ елінің барлық облыстарынан қонақтар, студенттер мен магис­транттар, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты.

Мәслихатты ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков жүргізді.

Конференция барысында «Ақындық сүйегіне біткен бозбала» тақырыбында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ф.ғ.д., профессор Мекемтас Мырзахметұлы, «Мағжаннан – Төлегенге, Төлегеннен бостандыққа ұласқан «Сағыныш»...» тақырыбында «Қазақ елі» журналының Қырғызстандағы тілшісі, ф.ғ.д., Түрік елінің азаматы Оғыз Доған, «Жазғытұрғы тоғыстың әуіріндей» тақырыбында ақын Светқали Нұржан, «Төлеген Айбергенов өлеңдерінің драмаға әсері» тақырыбында (Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» пьесасы негізінде) М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Өнертану кандидаты театр және кино бөлімінің меңгерушісі Мұқан Амангелді, «Ақындық әлемге алғашқы қадам» тақырыбында ф.ғ.к., доцент Салтанат Айбергенова, «Конференция мақалаларына шолу» тақырыбында ТарМПИ, «Бауыржантану» ҒЗО ғылыми қызметкері, п.ғ. магистрі Әлімбай Найзабаев өз баяндамаларын жасады. Профессор, Медицина ғылыми академиясының корреспондент-мүшесі Оразбай Әбдіразақұлы, жазушы Зәкір Асабаев, жазушы Еркінбай Әкімқұлов өз естеліктерімен бөлісті. Конференция соңында Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жаңбырбай Матаев, «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының төрағасы Сали Абдуллаев және ақын, ф.ғ.д., профессор Бауыржан Жақып конференцияға қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстап, қорытынды сөз сөйледі. Кеш соңында мәслихат резолюциясы жасалды. Онда: ҚР Үкіметіне ОҚО Шымкент қаласындағы Т.Айбергенов көшесіне ескерткіш орнату туралы; ҚР Білім және ғылым министрлігіне, ОҚМПИ жанынан «Төлегентану» ғылыми-зерттеу орталығын ашу туралы; Қазақстан Жазушылар одағына Төлеген Айбергеновтің толық шығармалар жинағын басып шығару сияқты бірқатар жәйттер қамтылды. Төменде конференция барысында сөз алған жекелеген тұлғалардың сөздері ұсынылып отыр.

*** Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай: – Қазақ халқының ғажайып ақыны, «Сағыныш» атты ұлы дүниенің жыршысы Төлеген Айбергеновтің 80 жасқа толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен өтіп жатқанымен, бүгінгі шараның негізгі ұйымдастырушылары «Байтақ мекенім» қоғамдық қоры екенін атап айтқанымыз жөн. Былтырдан бері еліміздің түкпір-түкпірінде осы бағыттағы түрлі кештер Ақтөбеде, Ақтауда, Астанада, Алматыда, Жамбылда өткізіліп келеді. Қазақстан Жазушылар одағы ақынның 80 жылдығына арналған салтанатты кешті биыл қаладағы үлкен театрлардың бірінде өткізуді жоспарлап отыр. Өздеріңізге белгілі, небәрі отыз жыл ғана өмір сүрген ақын қысқа ғана ғұмырында сезім селін нөсерлетіп, өмірге қаншама сұлу, өрнегі өзгеше Өлең әкелді. Ақын бірде: «Адам сенімінде қыруар қайрат, тіл жетпес ғаламат бар – менің туған жерімнің шалғайлығына, тұрмыс жағдайыма, реніш-мұңыма қарамастан, бәрін де жапыра қиратып, аңсаған арманыма жетуімнің түпкі негізінде осы сенім жатыр ғой деймін» – депті. «Жапыра қиратудың» сыры бұлжымас сенім екенін ерте сезіне білген ақын өміріне сергек қарап, Поэзия атты ұлы құдіретпен мәңгілік табысқанын аңғарамыз. Өлеңдерін оқып отырсақ, жүрегін тербеп, қанын тасытып бұрқ-сарқ қайнаған Сағыныш оны бір сәтке де тыныш қоймаған секілді. Лықсытып тасыған шабытты шақ жанының жарқылы болып ақ қағаз бетіне маржан болып төгілгендей: – Сағынбай барсаң, теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай, Бұлбұлдың даусын есіте алмайсың, бауларға кірсең сағынбай. Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап, Ойлауың мүмкін, дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап... Оның өлеңдері, осылайша, поэзиямызға алабөтен тосын оқшаулығымен келді. Мөлдіреген тамшылар секілді көзді арбап, көңілді баурады; жүректі шымырлатып, қанды тулатты. Қабырғалы қаламгерден қатардағы оқырманға дейін, асқаралы ғалымдар мен сарыауыз балапан шәкірттерге дейін оның жырларына жалт қарады. Бұл – қазақ сөзінің қадір-қасиеті деген сөз. Бұл – Төлеген жүрегінен түлеген ақ құйын ұйқастар секілді өлең өрнегі деген сөз. Сондықтан шығар, таланттарды алыстан танитын, олардың жігерін жанитын Әбділда Тәжібаевтың өзі: «Біз поэзиямыздың тағы бір алтын тұтқасын аштық. Аштық та, Төлеген дүниесін көрдік» деп ағынан ақтарылған екен. Халқымыздың ардақты қызы, поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынова: «Әртүрлі гүлзарлары мен даланың самалымен, жусанның исі, таудың бұлағымен өзімен-өзі тыныш жатқан поэзиямыздың қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай ағысты екпінімен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өрісін биікке көтерді» деп жазады. Қарап отырсақ, өз пікірін жеткізген қайсыбір тұлғаның лебізінен болсын таң қалу, тамсану, қуаныш, мақтаныш менмұндалайды. Демек, Төлегеннің әдебиетке келуі әу бастан керемет құбылыс болған. Әсіресе, оның адам жанының нәзік пернелерін дөп басатын тапқырлығы, кіршіксіз тазалығы тәнті етеді. Қазақ поэзиясының тойы құтты болсын! Қоғам және мемлекет қайраткері, ақын Мұхтар Шаханов: – «Ақын болу оңай деймісің қарағым, аузында тұру бұл өзі – сыздаған барлық жараның!» деген сөзді Төлеген Айбергенов айтқан. Өйткен себебі, қай кезеңде болсын, ақын болу деген – азап. Ақын болу деген сөз – өз ұлтыңның жетістігі мен кемшілігін, пайымы мен парасатын, бүкіл тарихын, оның бүкіл рухани құндылығын өз жүрегіңнің елегінен өткізу деген сөз. Ал бұл санаулы ғана адамдардың қолынан келеді. Қазіргі кезеңде сегіз жүзден астам ақын-жазушымыз бар екен. Соның оншақтысы ғана елдік, ұлттық мүдде көзінде бізбен бірге болыпты. Кейбір ақындардың он бес-жиырма томға дейін өлеңдері бар. Ал бірақ солардың көбі іске келгенде, елдік, ұлттық мүддеге келгенде бұғып қалады. 1988 жылы осы Қазақстан Жазушылар одағында бір Пленум болды. Сонда Желтоқсан көтерілісі жөнінде, осы оқиғаға қатысты проблемалар туралы бір де бір адам ауыз ашқан жоқ. Сол тұстарда алаңға шыққандардың бәрін маскүнем деп жамандайтын. «Олар – бұзақылар» дегенді айтатын. Сол кезде мен сөз алдым да, СОКП Орталық Комитетінің саяси бюросы бүкіл қазақ халқынан кешірім сұрауы керек деп, барлық Желтоқсан шындығын жайып салдым. Қатысып отырған ақын-жазушылардың барлығы бастарын төмен салып отырды. Біреуі үндеген жоқ. Сол кезде көзіме жас келді. Әттең, Төлеген Айбергенов тірі болғанда мені сөзсіз қолдар еді деп ойладым. Өйткені, ол әрдайым шындық биігінен көріне білген ақын еді. Азамат еді. Ол барлық кезде де ұлттық мүдде биігінен табылды. Менің «Бөдене таланттар мен Қажымұқандар» деген өлеңім бар. Қазіргі кезде көп ақындарды бөдене таланттар деп есептеймін. Бүгінде бөдене ақындар, бөдене жазушылар, бөдене ғалымдар қаптап кетті. Ал үлкен рух биігінен көрінетін Төлеген сияқты ақындар санаулы. Төлеген отыз жасында кетіп қалды. Ол біздің жасымызға жеткенде, сөзсіз, мүлде басқаша дүниелер әкелер еді. Міне, сондықтан, мынандай өлең жаздым: – Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр, Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр, Намысыңды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл. Міне содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп, Сенің, жырың шекарада әлі күнге сапта тұр. Пайымдаймын, мойындаймын, сен данасың, мен – бала, Ұлтыңа кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана. Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала. Бірақ шағын он өлеңімен он миллион қазақты Толғандырған, таң қалдырған Махамбет пен Сен ғана! Адамдықсыз ақындық жоқ, тырмыссаң да жан сала, Жомарттықсыз тағы алысқа шабамын деп шаршама, Батырлығың қанша болса ақындығың соншама. Тіпті, өзіңді сыйдырмаған данқтың тар төріне Мені бірге ап шыққың кеп арпалыстың қаншама. Заманының ыңғайына жүрмей кеткен, іңкәрім, Саһ өнерде қызғанышты білмей еткен, іңкәрім, Иығына бүтін бешпет ілмей кеткен, іңкәрім! Жер астынан сәлем жолдап жатырсың сен күн сайын, Қазағымның маңдайына сыймай кеткен, сұңқарым. Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің, Сондықтан да, сенің даңқың, сенің салтың көгерсін. Сайын далаң жырыңды еске ап күлкісін сәл шегерсін. Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шың бар, Ол – ақындық мәрттік шыңы, Айбергенов деген шың... Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана, Айбергенов шыңын көрсең, атыңнан түс, жас бала!

*** Абыз қаламгер Әбіш Кекілбаев кезінде Төлеген туралы: «Ол жалғыз қазақ поэзиясының ғана емес, жастайынан мол сусындаған шығыс поэзиясының мелодикасын да шебер құбылта білген. Бірақ бұның бәрі көнені жамап-көктеу емес, өз үлгі, өз таңбасын табу харекеті. Төлеген Айбергенов творчествосы қазақ өлеңінің техникасына, мелодикасына өзіндік жаңалықтар енгізді. Ал, Төлегендегі теңізді теңселтіп, шалқарды шайқалтардай куатты екпін қазақ поэзиясына ежелден тән қасиет, бірақ, соңғы жылдары қазақ топырағында әр алуан жақсы ақындар қанша көбейгенмен, осы бір қазақша айтқанда, аруақты серпін, арқалы өлең Қасымнан кейін көрінбей кетіп еді.Біздің қолымызда қалған бір-екі жаңа кітап – Айбергенов талантының шалқар дариясы емес, асау арналы басы ғана еді. Оның көк телегей көл болып шалқуын көруді тағдыр біздің маңдайымызға жазбапты» деп жазған екен. Алайда Төлегеннің өзі «мен өлемін өзімнің биігімде» дейтініндей, Өлеңін өзі қалаған шырқау шыңға шығарып кеткен ақын феномені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомоға айналғаны анық. Төлеген Айбергенов тұлғасы әлі де биіктей береді.

Айгерім АЙТМҰХАМБЕТ

qazaquni.kz