Бүгін жыл басы: Амал ма, көрісу ме?

Бөлісу:

Похожее изображение

Қазақта жыл қайыру, моңғолда ай санау бар. Жыл қайыру түсінікті – мүшел жасты есептеп, адамның жасын шығарады. Ал ай санау дегеніміз не? Ежелгі көшпенділер әрбір амалды (амал – тоғыз күн сайын қайталанатын ай ішіндегі күндер топтамасы) жеке-жеке санап отырған. Желтоқсанның 22-інде басталатын қыс маусымы үш ай – тоқсан күн болса, осы тоқсан күнді 9 амалға бөліп, 81 күнді тоғыз амал деп атаған. Тоғыз амал – күн біткенде көктем шығады деп есептеген.

Бұл туралы baq.kz хабарлайды.

Бүгін сол тоғыз амал бітіп, көшпенділердің наурыз мерекесі келіп жеткен күн. Қазіргі моңғолдардың ырымы бойынша қыстың тоғыз тоғызынан қалған (наурыздың 14-нен 22-не дейінгі 9 күн) соңғы тоғыз қалай болса, алдағы жаз да солай болып өтпек. Ал егер соңғы тоғыз (хадаас гурван ес) салқын болып, боран соғатын болса сол жылдың көктемі кешігіп келеді деген болжам бар.

Қалай дегенмен, астрономияны алғаусыз меңгерген көшпенділер үшін жыл басы 14 наурыздан басталуы ертеден қалыптасқан үрдіс. Алайда қазіргі қазақ қоғамында бұл ұғым жоғалып кеткен болатын. Тәуілсіздікпен қатар келген рухани мұрамызбен бірге бұл дәстүр де қайта оралды.

Ұлы даланың рухани мұрасын қалпына келтіріп, қайта жаңғыртқан топырағына 360 әулиенің табаны тиген Маңғыстау жұрты. Ал 70 жылғы тепкіден еліміздің қалған аймақтарында бұл дәстүр ұмытылған. Әйтпесе, күллі қазақ күні кешеге дейін амал мерекесінде көрісу салтын жасап келген деген дерек бар. Бұған Шәкәрім қажының баласы Ахаттың естелігі дәлел:

«14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – «ұлыс». Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» – деген, тіпті ескі мақал».

Бұл дәстүр жыл соңына жетіп, жаңа жылға, көрікті көктемге жеткен ұлттың көрісуі, айдан аман, жылдан есен шыққанын тойлаған ұлы дүбір мерекесі. Сондықтан да бұл мереке – көрісу күні деп аталады. Ал екінші жағынан – бұл мереке «Амал мерекесі» деп аталады. Не себепті амал атанғанын жоғарыда келтірген дәйегімізден байқаған боларсыздар.

Ал енді наурыз мерекесін тойлауды ежелгі көшпенділер ұстанымы бойынша соңғы 9 күнге бөліп, тоғыз күн бойы тойлатудың да өзіндік ерекшелігі бар. Себебі қыс тоғыздың әр тоғызын жеке-жеке атап, ондағы болатын табиғи құбылыстарды тап басып атаған көшпенділер, жыл басының алғашқы тоғыз күнін осы қыстың тоғыз тоғызына арнаған. Қазақтың «үйірімен үш тоғыз» дейтіні де осыдан қалса керек. Тағы бір ерекшелік кей жерлерде наурыз көжені тоғыз түрлі тағамнан жасау дәстүрі қалыптасқан. Бұл да болса қысқы тоғыз тоғыздың символикалық мәнін танытатындай.

Сонымен 14 наурызда басталатын наурыз мерекесінің алғашқы күні – көрісу деп аталады. Бұл күні таңертең ерте тұрып, іңір қараңғысы түскенше барлық туыстар, достарды аралап, бәрімен көрісіп, амандасып шығады. Мүмкіндігінше 40 үйге бас сұғып, өз үйіне де 40 адамның келгенін жақсы ырымға жорыған. Себебі қазақта «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген мәтел бар. Ежелгі дәстүр бойынша, Қыдыр атамен жолығудың сәті түсуі мүмкін, яғни күнделікті кездесетін адамдардың арасында Қыдыр ата болуы мүмкін. Егер оны кездестірсең, онда жаңа жылда бақытты боласың.

Көрісудің басты ерекшелігі адамдар бір-бірімен төс қағыстырып, құшақтасып амандасады. Және осындай кезде біріне бірі жақсы тілектер тілеген. Жастар үлкендерге сәлем бере барған. Сәлем бере отырып, бата сұраған. Қазақ халқы «көрісу» рәсімі арқылы бір біріне «жыл құтты болсын!» деп тілейді. Адамдар жаңа немесе таза киім киеді. Өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде бір-бірімен табысады. Өздерінің жақындары мен туысқандарына сыйлық дайындайды.

14 наурыздан басталып, ұлттың, халықтың, елдің берекесі мен бірлігі үшін тойланар наурыз мерекесін Оңтүстік жұрты – «Тағзым күні», «Алас күні», «Береке күні», «Көктем шуағы», «Өніс күні», «Жайнау күні», «Шаттық күні», «Үйлесім күні», «Ұлыс күні» деп атап, осы бойынша тойлауды үрдіске айналдырып келеді.

Ал тоғыз күнге жалғасатын наурыз мерекесінің басты ұстанымы – «Өткенге –салауат, болашаққа – аманат». Ата-бабасының рухына дұға бағыштау, көрші-көлемін, ағайын-туғанын аман көріп, оларға сый-сыяпат жасау, тарту-таралғы беріп құрмет ету, Алла тағала берген жастың бір жылға ұзаруына шүкіршілік ету – Көрісудің негізгі рухани көзі болып саналады.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 5 пікір жазылған

  1. Балтабек Бисенов. 14 Наурыз, 2017 14:33 Жауап

    Кандай тамаша дастур, АТА-БАБАларымыз кандай кореген болган. Демек бiздiн халык коп халыктын бipi емес бipeгейi, данышпан да УЛЫ халык болган деп есептеймiн озiм. Себебi бiздiн салт-дастурiмiз iзгiлikke,адамгершiлikke,бар жаксылыкка багытталган. Жасай Бер менiн УЛЫ ХАЛКЫМ.

  2. Қолқоюсыз 14 Наурыз, 2017 15:05 Жауап

    Қазақ Қыздарымыз осындай иманды киініп жүрсе қандай тамаша болатын еді Қазақтың қыздарына осындай киімдер жарасады, оларды әдемі көрсетеді. Көбісі Шет елге еліктеп шаштарын жайып,қысқа киіп жүргендер көп- олар түсінбейді.

Пікір немесе жауап жазу

11 − 7 =