Әдебиеттануды жою кімге тиімді?

1149
0
Бөлісу:

Бізде «Қазақ әдебиеті құрып бара жатыр» деп айтатындар көп, бірақ әдебиеттанудың мәселесін көтеріп жүргендер һәм жазып жүргендер аз. Әдебиет теориясы мен кенже қалған әдебиет сынының дамуы туралы айтысып жүргенде жаңа мәселе шықты. Жай шықпады, екі құлағы тік шықты! Осыдан екі-үш апта бұрын әдебиеттанушы, ғалым Айгүл Ісмақова апайымыздың qasym.kz сайтына сұхбаты шықты. Сол сұхбатта әдебиеттану мамандығын министрліктің жойып жатқандығы туралы ғалымның жан айқайы бар. Қысқаша үзінді келтірейін: «Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен биыл мамандық классификаторында «Магистр доктор лингвистики» деген атау бекітілді. Оқуға түскеніңізде мамандық: әдебиеттану мен лингвистика деп аталдады! Бірақ классификация бойынша бітіргеніңізде сізге тек лингвистика маманы деген мамандық беріледі. Бар ЖОО, филология магистратурасы мен докторантураларда Қазақ әдебиеті деген мамандықпен берген енді әдебиеттану мамандығы да осылай жойылды! Осы 2017 жылдың қаңтарынан бастап Қазақ тіліндегі бабалар сөзін зерттеп, ұлттың жаны әдебиет дегенді танытатын Әдебиеттану мамандығының жойылуы кімге қолайлы?» деген. Шынымен, әдебиеттану мамандығын лингвистика деп өзгерту кімге тиімді? Бірнеше жыл бұрын Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының Әдебиет теориясы мен әдебиеттану методологиясы бөлімінің ұсынып отырған іргелі зерттеу жобаларын Үкімет жанынан құрылған Ұлттық ғылыми Кеңес бекітпегендіктен, тиісінше мемлекеттік грант берілмегендігі туралы оқып едім. Кейіннен сол мәселені көтерген адам болмады. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Құда да тыныш, құдағи да тыныш.

Шыны керек, қазақ әдебиеттануының бүгінгі жай-күйі оңып тұрған жоқ. Әдебиеттанудың үш саласы: әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сыны. Бұлардың бір-бірімен тығыз байланыста екенін ұмытып кеткендейміз. Кезінде ғалым Қажым Жұмалиев «Әдебиет теориясымен толық қаруланбаған сыншы, жалпы әдебиеттік процеске жол көрсету, жөн сілтеу былай тұрсын, жеке еңбектерді де талдай алмайды» деп ақиқатын айтып кетті. Бүгінде әдебиет тарихы алдыңғы екеуінен бір саты жоғары тұр. Тәуелсіздік алуымыздың әсері бар, жалпы, қазақ тарихын іздеу жолында елеулі еңбектер атқарылғаны бар т.б. себептермен алға шықты. Ал теория мен сын мүшкіл күйінде қалды. Бір жылдары Таласбек Әсемқұлов ағамыз әдебиет сыны туралы тұшымды сұхбаттар берген еді. Сынның жеке дамуы туралы ойлары көңілге қоған-ды. Бірақ Таласбек аға армандаған жеке дамыған сын былай тұрсын, сын саласында әдеби процеске ілесе алмай қалған жайымыз бар. Әдебиет теориясы жөнінде, азын-аулақ жазылған кітаптар туралы да ешкімге қызық емес пікіріміз бар. Басқасын айтпағанда әдебиеттанудың әліппиі саналатын Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» кітабы туралы, керек жері мен қажетсіз мысалдары туралы кеңінен әңгімелеуге болады. Бүгінге дейін зерттеу кітаптардан бөлек айтылатын пікірталас, талдау сарынындағы әңгімелер болуға тиіс еді. Айтылмайды. Талқылау жүрмеген жерде процесте болмайды. Кейбір кітаптарды жоққа шығара алмайсыз. Керек. Бірақ көнерген, бүгінгі заманға сай емес, саяси-әлеуметтік жағдайға сәйкес келмейтін тұстары да бар… Мысалы «Сөз өнерінде» келтірілген А.Тоқмағамбетовтың мына өлеңін оқып көріңіз:

Жайқалған жаздың салқын көркем кеші,

Құлпырып масатыдай таудың түсі:

Жұрт үстін қоңыр желмен желпіндіріп,

Көсілген көлегейлеп көлеңкесі,

Көлеңке – көңілді жер, көгал төсеп:

Отырып осы жерде өңкей жастар,

Комсомол хатшысынан тыңдайды есеп.

Бүгінгі жас ғалымдарға мысалға келтіретіндей өлең бе? Абайдың табиғат лирикасына еліктеген совет ақынының өлеңге саясатты қосып жібергенін туралы не дейміз? Бізге керек пе? Керек емес. Оған Зейнолла Қабдолов кінәлі емес. Ғалым ұрпақ үшін өз уақытында үлкен жұмыс істеп кетті. Бірақ кейінгі ұрпақ біз, әдебиеттанушылар, әдебиетке жауапты тұлғалар осындай олқылықтардың басы-қасында жүріп, түсіндіру керекпіз деп ойлаймын. Айта берсең мәселе көп. Мен қысқа қайырып отырмын. Міне, осындай әдебиеттану саласының ішкі мәселелері, зерттелуі керек тақырыптары шаш етектен асып жатқанда министрліктің әдебиеттану атауын жойып жіберуге кіріскені не сұмдық?! Сондықтан бұл жолы да ғалым Айгүл Ісмақова апайымыз айтқан мәселелер жабулы қазан жабулы күйінде қалмаса екен.

Қуаныш Қожабайұлы,

Қамшы

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

9 + сегіз =