"Құрметті азамат" атағының қадірі қалды ма?..

Жалпы, қазір бәлен облыстың, бәлен ауданның "Құрметті азаматы" деген құрметті атақты кім алмай жатыр дейсіз?! "Ақ дегені - алғыс, қара дегені - қарғыс" болып тұрған жергілікті әкімдер кімге бергісі келсе, соған бере салады ("көңілшек" депутаттардың қоштауымен, әрине).

Мәселен, өзім қызмет істеген бір өңірдің бұрынғы басшыларының бірі облыстың "Құрметті азаматы" атағын өзіне мешіттің асханасындағы ауызашарда қатырып мақтап бата берген ақсақалға әпергені есімде. Ал ол кісі кезінде жарытып жұмыс істемей, зейнетақыға бір жыл бұрын "аттандырылған" (кеңес өкіметі тұсында сондай "жеңілдік" болған) азамат еді...

"Құрметтілердің" ішінде лайықтысы да, лайықсызы да толып жатыр. Жұрт жемқорлығын білетін кешегі шенеунік те, парақорлығы үшін орнынан алынған судья да бар...

Осындай құрметті атақты өзінің кандидаттық диссертациясын "жазуына" жәрдемдескен ғалымға әперіп тұрып: "Бұл кісіге алдағы уақытта мал шаруашылығын көтеруге аянбай атсалысатындығы үшін аванспен береміз",- деп, ішек-сілемізді қатыра күлдірген әкім де болған...

Сондықтан да "Құрметті азамат" атағын беруді доғара тұрсақ, қалай болар екен? Әлде, осы атақтан дәмелі мың сан ағайынды ренжітіп аламыз ба?..

Кәрібай Мұсырман,

Фейсбук парақшасынан