ЕМ-ДОМ КЕРЕК БОЛСА, ЕРТЕ ҚАМДАН

Алматыдағы С.Д.Асфендияров атындағы ҚАЗМУ-да ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Басқарма басшысы Елена Бахмутова және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Румиля Тауфикованың қатысуымен отырыс өтті. Бұл жолы міндетті медициналық сақтандыру қорының жұмысын министрдің өзі насихаттауға кірісті. Алматыға келген Елжан Біртанов жарналардың қалай алынып, қайда сақталып, азаматтардың қандай мүмкіндікке ие болатындығын жұртқа түсіндірді. Яғни, 1-ші шілдеден бастап жұмысы барлар мен жұмыс берушілер қорға ақша аударса, әлеуметтік қорғалмаған жандар үшін мемлекет келесі жылдан бастап ақша құймақ. Осының арқасында азаматтарымыз елдегі кез-келген емдеу мекемесінде тегін ем қабылдау мүмкіндігіне ие болады дейді шенеуніктер. Сондай-ақ, Елжан Біртанов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылатын қаражат тарифтері жаңартылғанын мәлімдеді. Жұмыс берушілер үшін сақтандыру жарнасы ең төменгі жалақы мөлшерінің 2-5 пайызға дейінгі мөлшері деп белгіленсе, енді бұл тариф 3 пайыздан аспайтын болады. Белсенді емес топтар үшін мемлекет бөлетін қаражат 7 пайыздан 5 пайызға дейін қысқартылса, қызметкерлер үшін 2019 жылдан бастап – 1 пайыз, 2020 жылдан кейін – 2 пайыз жарна төлеуге міндеттелмек. Бұл ретте кәсіпкерлер ағымдағы жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінен 5 пайыз көлемінде жарна аударады. Ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызын ведомство басшылығы жұмыссыз ретінде ресми тіркеуде жоқ азаматтарды да өз еріктерімен екінші деңгейлі банктерге аударуға шақырды. Бүгінгі күні елімізде ресми кірісі жоқ мұндай адамдардың саны 2,5 милионнан асып жығылады екен. Егер де олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысатын болса, сақтандыру пакетіне кіретін ем-домның барлығы дерлік оларға қол жетімді болмақ. Елжан Біртанов өз сөзінде міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден босатылатын азаматтардың 15 санаты белгіленгенін жеткізді. Олардың қатарында балалар, соғыс ардагерлері, көп балалы аналар, мүгедектер, мұғалімдер мен зейнеткерлер, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, интернатта тұрып оқитын және жұмыссыз оралмандар да бар. Елбасының қатаң ескертуінен кейін судай жаңа министрдің шұғыл іске кіріскен түрі байқалады. Есепте тұрған науқастарға тиесілі дәрі-дәрмектердің жетіспеуі, медициналық қызметтің тым сапасыздығы халық арасында жиі айтылады. Бұл туралы Елбасының өзі министрге арнайы тапсырма бергені белгілі. Көптің көкейінде жүрген, науқастарды мазалайтын өткір сұрақтарға нақты жа­уап бере алмаған министр Біртанов әзірге медициналық сақтандыруды жарнамалап жүргенге ұқсады. Сондықтан ем-дом керек болса жарнамызды уақытында төлеп, ертерек қамдануымыз керек сияқты. Ысқақ САДЫҚ qazaquni.kz